Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыс бойынша мемлекеттік орман қоры жерлері 6509,7 мың гектарды құрайды. Оның ішінде орманды алқаптар 3103,2 мың гектар жерді алып жатыр. Осы орманды алқаптардың 54,7 мың гектары өрт қауіптілігі аса жоғары болып саналады. Бұл туралы Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Бағдат Абжапбаров мәлімдеді.

«Айналамыздың экологиялық дағдарысқа ұшырауына байланысты егеменді еліміздің табиғи байлығы, Орман қорына шаруашылық көзбен қарап, болашақ ұрпақтарымыздың мүдделері үшін оны ұлғайта беру әрбір Қазақстан Республикасы азаматының міндеті. Қазақстан Республикасында барлық ормандар қорғауға және сақталуға жатады. Алайда табиғат байлығына немқұрайлы қарайтын жеке азаматтар мен шаруашылық субекілері тарапынан келтірілген зиян шексіз және жылдан жылға азаймай келеді», – дейді Бағдат Абжапбаров.

Мекеме басшысының айтуынша, орман өрті қыруар байлықты жалмап қана қоймайды, сонымен бірге мемлекетке көп шығын әкеледі. Қазіргі таңда орын алатын тілсіз жаудың 80%-і адамдардың қатысуымен болады.

«Табиғат аясына қыдырып барып, от жағып, оны сөндірмей кетеді. Сондай ақ темекі тұқылын өшірмей тастай салады. Оның соңы алапат өртке айналып, табиғат анаға өлшеусіз зиян келеді», – дейді мекеме директоры.

Жыл басынан бері өртті болдырмаудың және өрт қаупі бар кезеңдерде өртке қарсы дайындық жұмыстарын жүргізу жайлы түрлі іс-шара ұйымдастырылып келеді.

«Қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, ішкі істер, өрттен қорғау Төтенше жағдайлар бөлімдерімен келісіліп, қала әкімшілігінде бекітіліп, ауыл округтеріне өрт қаупі ережелерін сақтау жайлы ескерту хаттар дер кезінде тарату арқылы өрт қауіпсіздігін сақтауға болады. Дегенімен бір ғана мекеме өртке қарсы қызметті толыққанды атқара алмасы тағы белгілі. Мекеме тарапынан барлық ауыл округі әкімдерімен, жеке шектеулі серіктестік төрағаларымен өртке қарсы іс-шаралар жүргізіліп, жұмыс кестесі бойынша біріккен жұмыстар қолға алынды», – дейді Бағдат Абжапбаров.

Айта кетейік, ормандарда өрт қауiпсiздiгi талаптары мен санитариялық қағидаларды бұзғандар заң бойынша жазаланады. Яғни, жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 50, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 айлық есептік мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Тағы да оқыңыз: