Kyzylorda-news.kz. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Айдын Қайруллаев өз қызметінен кетті. Бұл туралы филиал директоры «Facebook» парақшасында жариялады.

«Құрметті жерлестер! Бүгіннен бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры ретіндегі қызметім аяқталды. Филиалдың құрылуы мен қалыптасуына, дамуына алғашқылар болып бас-қасында болғаныма қуанамын. 2018 жылы халыққа қызмет көрсету орталығы, жер кадастры және жылжымайтын мүлік орталығы, зейнетақы және жәрдемақы есептеу орталығы секілді 3 департамент біріктіріліп, құрамында бір мыңға жуық қызметкері бар ұжым жаңа құрылымда жұмысын бастады. Мекемелер бірігу барысында әрине қиындықтар болмады емес болды. Бірақ, түсіністік пен ауызбіршілік арқасында барлығы өз шешімін тапты. 3 жыл ішінде жаңа функциялар берілді. Қосымша мемлекеттік қызметтер енгізілді. Барлығын үйлестіру, ұйымдастыру, мамандарды оқыту, тұрғындарға насихаттау, үйрету ұйымдастырылды. Бұл тұрғыда барша әріптестеріме алғыс білдіремін. Бұл жұмыстарды ұжымның, бір команданың бірлігі арқасында қол жеткіздік», – делінген жазбада.

Айдын Қайруллаев пандемия, карантин кезінде де орталық мамандары өзінің денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрса да халыққа қызмет көрсеткенін айтып өтті.

«Кейбір кезде бізге қатысы болмаса да мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларындағы іркіліс салдарынан сындар болған шығар. Жалпы алғанда қызмет алушыларға сапалы қызмет көрсетуге жұмыс жасадық.Қазір тізгінді сенімді әрі тәжірибесі мол әріптесім Айнұр Шорабекқызы Тобаева алып жатыр. Әрі қарай да бірлесіп филиалымыздың жемісті қызмет атқаруына бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Өткен жылы филиалымыз үздік төрттіктің қатарында болды. Облыста бірыңғай байланыс орталығының жаңа бөлімі ашылды. Қосымша 74 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл байланыс орталығы бүкіл республикаға қызмет көрсетеді. Облыс, қала әкімдерінің қолдауымен ғимарат бөлініп, қажетті компьютерлер берілетін болды. Жақын күндері Сіздерге оның жұмысы көрсетілетін болады. Бұл өз кезегінде республика халқының 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, мемлекеттік қызметтерді алу бойынша тегін кеңес алуға мүмкіндік алады. Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің облыстағы департаменттің, әкімдіктердің атсалысуымен өздігінен мемлекеттік қызмет көрсету орталығы ашылды. Биылғы жылдың тағы бір жақсы жаңалығы- қаладағы жер учаскелерін түгендеу жұмыстарының жүргізіле бастауы. Бұған облыс әкімдігі қолдау білдірді. Бұған дейін мүлікті жария ету және өзге де реформалар кезінде халықтың айтуы бойынша жер учаскелері рәсімделіп, бірақ координатталмай, базаға енгізілмеген болатын. Сол себепті Аис Гзк базасымен салыстырғанда нақты жер учаскелерінде сәйкессіздіктер орын алған. Міне, осы сәйкессіздіктерді жоюға, халықтың нақты бос жер учаскелерін портал арқылы көруге мүмкіндік беріледі. Міне, осындай жақсы жаңалықтарымыз бар. Алла амандықта қауышуға жазсын!», – дейді Айдын Қайруллаев.

Тағы да оқыңыз: