Ауылдарға интернет тартуға қанша қаражат жұмсалады? – Kyzylorda News
Басты бет

Ауылдарға интернет тартуға қанша қаражат жұмсалады?

06.02.2020, 12:20

462 0

Kyzylorda-news.kz. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 2020 жылды ауылды елдімекендерге интернет жүргізуге қанша қаражат жоспарланғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы ауылдық жерде тұратын барлық азаматтарды әмбебап телекоммуникациялар қызметімен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге қарастырылған. Өткен жылдары бұл мақсатқа 7,4 млрд теңге (2019 жылы) және 6,18 млрд теңге (2018 жылы) бөлінген еді. Бұл қаражат ауыл халқына анағұрлым төмен тарифпен әмбебап телекоммуникациялар қызметін көрсеткен байланыс операторының шығындарын өтеуге бағытталған», – деп жауап берді Асқар Мамин депутат сауалына.

Оның айтуынша, жыл сайынғы ашық конкурста жеңіп шыққан кез келген байланыс операторы әмбебап қызмет көрсету операторы бола алады.

«Бұл ретте 2018 және 2019 жылдары әмбебап байланыс операторын таңдау бойынша конкурстық өтінімдер түспегендіктен, ҚР «Байланыс туралы» заңының 33-бабы, 4-бөлігіне сәйкес, уәкілетті орган телекоммуникациялардың әмбебап қызметін көрсету міндеттемесін жетекші оператор «Қазақтелеком» АҚ-ға жүктеді», – деп атап өтті Премьер.

Сонымен бірге, ауылдық жерлерде интернет желісіне қолжетімділік қызметі тек қана жеке тұлғалар үшін субсидияланады.

«Заңды тұлғалар үшін, оның ішінде жалпы білім беретін мектеп, денсаулық сақтау мекемелеріне субсидиялау заң бойынша қарастырылмаған», – деді Үкімет басшысы.