Kyzylorda-news.kz. Бүгінде ауылдарды дамыту бойынша мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар іске асырылып, жүйелі жұмыстар атқарылып жатқаны анық. Иә, тынымсыз тіршілікке толы ауыл тынысы қазір біршама өзгерген. Мәселен, ауызсу, жол, жарық сынды күрделі мәселелер шешімін тауып, тұрғындар тілегі орындалып келеді. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған аудан орталығынан шалғайда орналасқан Беларан ауылдық округінің тыныс-тіршілігі жайында айтпақпыз. Яғни, аудан орталығы мен ауыл арақашықтығы 270 шақырым жерді құрайды. Атаулы округте 60 тұрғын үй, 372 адам бар. Халық қалап алған ауыл әкімі бүгінде ауылдың тынымсыз шаруасына кірісіп, бүгінде ел ризашылығына бөленіп отырған жайы бар.
2021 жылы қыста қардың, көктемде жауын-шашын мөлшерінің шамадан тыс аз мөлшерде түсуі, жайылымдық жерлердегі шөптің шығымына кері әсерін тигізбей қоймағаны белгілі. Осы қиындықтың салдарынан қуаңшылық жағдайы орын алып, жеке қожалықтар мен шаруа қожалық иелеріне қиындықтар туғызып, мал шығыны орын ала бастаған болатын. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі біршама малдарын Шалқар, Ырғыз аудандарына апарып бақса, енді бір бөлігі ағайын-туыстарына апарып уақытша бағуға жұмыс жасауға мәжбүр болды. Сонымен бірге малдарын, оның ішінде жылқы малын төмен бағада сатқан еді. Осы ретте, облыс, аудан әкімдігі тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, төтенше жағдайдың салдарын жою бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының жайылымдық жерлерін суландыру мақсатында ауылдың батыс беткейінен су ұңғымасы қазылды. Сонымен қатар қолда бар ауыл шаруашылығы жануарларының басын аман алып қалу мақсатында Б.Өтемұратов қорынан 22 тонна бидай кебегі және 16 тонна шөп тұрғындарға тегін таратылды. Бұдан бөлек, мал азығына қолжетімді болу үшін шөп тасымалдаған автокөліктердің жанар-жағар май шығындарына төтенше жағдайлар есебінен 3500 тонна жанар май қаржысы жұмсалып, 176,5 тонна шөп тасымалданды. Биыл қысқы қардың, көктемгі жауын-шашынның мол болуынан жайылымдық алқаптарға шөп шығып, ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
Сонымен бірге көркейту-көгалдандыру мақсатында елді мекендегі мемлекеттік мекемелердің аулаларына арнайы тал көшеттері отырғызылып, күтімге алынған. Атап айтсақ, № 77 білім ордасында 210 түп сыр талы мен қара тал, ауылдық клубқа 40 түп, ауыл әкімшілігі мен балалар ойын алаңына 100 түп тал көшеттері отырғызылды.
Ауыл халқының негізгі тіршілігі – мал шаруашылығы екендігі белгілі. Округ бойынша 7 шаруа қожалығы мен 6 дара кәсіпкер тіркеліп жұмыс жасауда. Мал басы осы жылдың 1 шілдесіне түйе –1994 бас, жылқы – 1419 бас, мүйізді ірі қара – 524 бас, уақ мал 521 басты құрап отыр.
Былтыр екі дара кәсіпкер түйе малын өсіру үшін 10 млн 200 мың теңге несие алса, бір шаруа қожалығы жылқы малын өсіруге10 млн теңге несие алып, кәсібін жандандыруда. Биыл бір дара кәсіпкер түйе малын өсіру үшін 3 млн 500 мың теңге несие алып, жұмысын жасауда.
Құланды елді мекенінен Бейнеу-Шымкент газ құбыры жанындағы автожолға дейінгі 35 шақырым автожолға тас төсеп, жол салу жұмыстарын жүргізу керек болған. Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС-не жолды тегістеу жұмыстарын жүргізуге ықпал жасау жөнінде ұсыныс жолданған. Жолданған ұсынысқа сәйкес бүгінде Құланды елді мекенінен Бейнеу-Шымкент газ құбыры жанындағы автожолға дейінгі 35 шақырымды «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС арқылы ескі жолдың жанынан жаңадан жол тегістеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Сонымен бірге демеушілердің есебінен ауыл көшелерінің түнгі жарық шамдарын ауыстыру жұмыстары жүргізілді.