Kyzylorda-news.kz. Ұлы тұлға Әл-Фараби бабамыз бала кезінен сол дәуірдегі өркениет пен мәдениеттің ірі орталықтары саналған Бұхара, Самарқан, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Шам қалаларында болып, білімін үнемі жетілдіріп отырған. Әл-Фарабидің ғылыми қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің гүлдену дәуіріне, яғни біздің дәуіріміздегі X ғасырдағы – Мұсылман Ренессансына сәйкес келеді, міне сол ғұламаның 1150 жылдығы қарсаңында ұлы ғұлама туралы оқыған, түйінді мағлұматтармен бөліскенді жөн көрдім.

Біріншіден, Әл-Фараби антикалық заман мен исламды өзара жақындастыра қарап, жаңа бір мәдениеттің өркендеуіне жол ашты.Екіншіден ол грек ойшылдарының асыл мұрасын жаңғыртты. Сөйтіп, шығыста үлкен қозғалыс, жаңа бағыттар басталды. Араб-мұсылман мәдениеті негізінде антикалық дәуірдегі шешілмеген мәселелерді шешіп, оны ілгері дамытты.

 Отырар кітапханасынан Әл-Фараби жиырма жасқа дейін тәлім-тәрбие алып, ондағы бар кітаптарды, трактаттарды оқып зерттеген. Одан кейін білімін толықтыру үшін керуенге ілесіп, араб еліне аттанады. Бағдад, Дамаск сынды басқа да өркениеті дамыған ірі шаһарларда болып, артында ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырған. Әл-Фарабидің дүниетанымына келетін болсақ, кеңестік дәуірде оны маркстік-лениндік, атеистік дүниетанымға алып келді. Бірақ шын мәнінде Әл-Фараби ислам руханиятындағы айтулы тұлға болған.

 Осы орайда, Платон мен Аристотельді атап өткен жөн. Әл-Фараби олардың ғылыми мұрасын оқып қана қоймай, әрі қарай жалғастыра зерттеп, дамытқан. Әл-Фараби тағылым алған дүниелер өте мол. Солардың бірі ежелгі «Авеста» мен Құранды атап өтпеуге бола ма? Әл-Фарабидің рухани толысуына Құранның игі әсері көп болған. Кеңес дәуірінде әл-Фараби мұрасын аударғанда исламға қатысты жағын кесіп тастап, көбіне материалистік, атеистік жағына мән беріп, ислам руханияты, ислам мәдениеті мен антикалық мәдениетті синтездеу жағына ешқандай мән бермеген.

 Ол керемет өлең де айтқан, қобызда да ойнаған. Қобыз аспабын жасап, күй тартқан Қорқыт Ата дейміз. Шын мәнінде Қорқыт Атадан кейін әл-Фараби де қобызды дамытып, оның құлағында ойнаған ойшыл, көп тілде сөйлеген ғұлама адам болған. Әл-Фараби – қазақ өркениетінің, музыка философиясының негізін қалаған үлкен ойшыл. Бірақ ол – тек қазақтың ғана емес, қазақ халқы қалыптаса қоймаған кезеңде өмір сүргендіктен, бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға. Әл-Фараби мұрасы түркі халықтарын біріктіретін рухани негіз деп айтуға болады.

 Бірінші – Иран елі  Әл-Фараби бізден шыққан дейді, екіншісі – Қазақстан елінде Әл-Фараби халқымыздың этногенезінің негізінде жатыр, ол Отырардан шыққан, үшіншісі – Араб елі, Мысыр мен Сирия және басқа да мұсылман елдері Әл-Фарабиді айрықша қастерлейді.

 Түйіндеп айтқанда, Орта Азия мен қыпшақ даласы үшін X—XII ғасырлар қоғамдық-әлеуметтік, саяси тұрғыдан дамудың жаңа басқышы болып табылады. Бұл кезеңде түркі тілдес халықтардың мәдениеті, әдебиеті, ғылымы едәуір өркендеп өсті. Әсіресе, түркі әдеби тілі жан-жақты дамып, жетіле түсті. Мұның өзі түркі халықтарының, соның ішінде, қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, т. б. халықтардың этностық қүрамының қалыптаса бастауы мен олардың әлеуметтік-қоғамдық өміріндегі рөлінің біртіндеп артуына байланысты болды.

“Біз үшін бұл мерейтойлардың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – ұлы тұлғалардың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын, – деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Әл-Фараби бабамыздың  1150 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті.

Нұрлан САҒЫНДЫҚ,

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің

«Филология және әлем тілдері» факультетінің аға оқытушысы.

Анелья  КНЯЗБАЙ,

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің

«Филология және әлем тілдері» факультетінің 2 курс студенті.

Тағы да оқыңыз: