Kyzylorda-news.kz. Дәрігерлер коронавирустың “жасарып” жатқанын айтып дабыл қағуда. Соңғы уақытта елімізде пайда болған жаңа штаммдарды жұқтырған балалардың саны күрт артқан. Балаларды қауіпті вирустан қалай қорғауға болады? COVID-19 баланың ағзасына қалай әсер етеді? Бұл сұрақтарға Алматы қалалық №1 емхананың педиатрия бөлімшесінің жетекшісі, дәрігер Бақытгүл Ракишева жауап берді.

Не себепті балалар арасында коронавирус кең таралуда?

Дәрігер балалар арасында коронавирустың асқынуын тікелей ата-аналардың вирус жұқтыруымен байланыстырады. Оған қоса, маман балалар сақтық шараларын толыққанды орындауды білмегендіктен, бір-бірінен және үлкендерден коронавирус жұқтырып жатқанын жеткізді.

“Биылғы жылдың наурыз, сәуір айларынан бастап балалар арасында коронавирустық инфекция кең таралып жатыр. Біріншіден, балалар вирусты көп жағдайда үлкендерден жұқтырады. Екіншіден, балалар санитарлық норманы дұрыс сақтай алмайды. Ата-аналар балаларды адам көп жүретін жерлерге, әсіресе ірі сауда орындарына ертіп барады. Балалар маскасыз, арақашықтықты сақтамай ойнап, бір-бірімен қарым-қатынас жасап, осылай ауру жұқтыруда. Қазір тіпті жаңа туылған нәрестелер де ауырып қалып жатыр. Коронавирус оған тікелей анасынан жұғады. Өйткені бала ешкіммен байланыста болмаған. Сондықтан жүкті әйелдер де өзін күтіп, сақтық шараларын ұстанғаны жөн”, –дейді дәрігер.

Балалар коронавирустың жеңіл түрімен ауырадыДәрігер балалардың басым бөлігі коронавирустың жеңіл формасымен, тіпті кейде симптомсыз формасымен ауыратынын айтты. Өйткені баланың ағзасы әртүрлі вирустармен күресуге әлдеқайда бейім келеді.

“Балаларда ешқандай клиникалық симптоматика болмауы мүмкін, бірақ ПТР тестілеу оң нәтиже көрсетеді. Балаларда ауырған кезде көбінесе дене қызуы көтеріліп, оған бірден баланың ағзасындағы қорғаныс қабілеті іске қосылады. Сонымен қатар балалар жылына бірнеше рет қарапайым вирустық инфекциялармен де ауырады. Бұл олардың ағзасы вирустарды өз бақылауына алып үйренгенін көрсетеді, қорғаныс күші жоғары екенін байқатады. Қазіргі Қазақстан бойынша ауырып жатқан балалардың басым көпшілігі үйде бақылауда, 20% ғана ауруханаға жатқызылған”, – дейді дәрігер.

Баланың бойында коронавирус белгілері байқалса, не істеу керек?

Педиатр балаңызда коронавирус белгісі көріне бастаса, бірден емханаға алып барып, дәрігер көмегіне жүгіну қажеттігін айтты. Коронавирустың қандай түрі болмасын, балаларға педиатр кеңесі қажет. Әрі қарай жекеленген жағдай бойынша, ем тағайындалады.

“Соңғы уақыттары балаларда іш өтуі, іштің ауруы, тамақ ауруы, жөтел және дене қызуының көтерілуі сияқты белгілері өте жиі кездеседі. Сондықтан балаңызда коронавирус белгілері бірден байқалатын болса, дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілсе, дене қызуын түсіретін дәрілер беріп, емханаға жүгінген жөн”, – дейді маман.

Баланы коронавирустан үйде емдеуге бола ма?

Дәрігер елімізде коронавирус жұқтырған балалардың басым бөлігі үйден ем алып жатқанын алға тартты. Алайда ол алдымен дәрігерге жүгіну керектігін жеткізді.

“Егер бала коронавирус жұқтырып алса, симптомына байланысты оны үйде емдеуге болады. Ешқандай клиникалық смиптоматика болмаса немесе жеңіл түрде өтетін болса, үйде емдеу қажет. Егер ауыр форма болатын болса, дәрігер стационарға өзі жатқызады. Клиникалық симптомдар байқалатын болса, міндетті түрде ауруханаға жүгіну керек. Дәрігер келгенше парацетомол, ибуфен беру қажет. Сондай-ақ, физикалық тәсілдермен де дене қызуын түсірген жөн. Сұйықтық көп беру керек. Бала құсып, лоқсып жатса, барынша аз мөлшерде беріңіз. Тәбеті болмаса, тамақты мәжбүрлеп бермеңіз. Балаларда алғашқыда он төрт күн инкубациялық кезең болады. Бастапқы ауру жеті күнде байқалады. Содан кейінгі кезең аурудың өршу уақыты деп аталады. Осы уақыттарға байланысты емдеу шараларын қолданамыз”, – дейді дәрігер.

Коронавирустан кейінгі асқынуларДәрігер коронавирустан кейін балалар арасында қатты асқынулар болмайтынын жеткізді.

“Жалпы, балалар арасында кездесетін ауыр асқынулар жайлы айтатын болсақ, балалар ағзасында өлімге алып келетін асқынулар, соның ішінде тыныс жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Жедел респираторлық дистросиндром, сепсис, септикалық шок, полиоргандық жетіспеушілік, яғни, жүрек, бауыр, бүйрек зақымдануы болуы ықтимал. Бірақ бізде балаларда ондай асқыну аз кездеседі”, – дейді ол.

Дегенмен коронавируспен ауырып болғаннан кейін біраз уақыттан соң балаларда мультиқабыну синдромы байқалуы әбден мүмкін, деп қосты ол.

“Кейінгі кезде балалардың ішінде коронавируспен ауырып кеткеннен кейін үш төрт апта өткен соң педиатрлық мультиқабыну синдромы тіркеле бастады. Бұл коронавирус инфекциясынан кейін қабынумен байланысты синдром. Белгілері Кавасаки синдромына ұқсас. Бірақ айырмашылықтары бар. Кавасаки синдромында көбіне балалар екі жасқа дейін ауырады. Ал мультиқабыну синдромымен ауырған жасөспірімдер де тіркеліп жатыр. Оған терапияны ерте бастаса, науқас оңай жазылып кетеді. Бұл синдромның клиникалық белгілері: 24 сағат бойы дене қызуының түспеуі, екіден көп органның зақымдануы, бастың қатты ауыруы, құсу, бөртпелердің шығуы. Кавасаки ауруы жаппай таралатын ауру емес. Балалар коронавируспен ауырып кеткеннен кейін біраз уақыттан кейін пайда болатын иммундық құбылыс. Бұл өте сирек кездеседі”, – дейді дәрігер.

Балаңыз коронавирус жұқтырмасын десеңіз

Сонымен қатар, маман баланың коронавирус жұқтыруының алдын алу үшін бірқатар сақтық шараларына мән беру керектігін айтты. Баланың дұрыс тамақтануына, спортпен айналысуына жағдай жасау қажеттігін жеткізді.

“Балалар коронавирус инфекциясын жұқтырып алмау үшін алдымен сақтық шараларын білген, мән берген абзал. Ең бірінші балаларды дұрыс тамақтандыру қажет. Жеміс-жидектер, көкөністер, ет өнімдері, сұйық тамақ берген дұрыс. Тыныс алу жаттығуларын жасау, дене шынықтырумен айналысудың да маңыздылығы жоғары. Адамдар көп жиналатын орындарға бармаған абзал. Ата-аналар ұл-қыздарына арақашықтық сақтап үйрету, маска тағу ережелерін түсіндіруі керек. Балалар далаға шығып ойнап, басқаларымен де қарым қатынасқа түседі. Олар вирус тасымалдаушысы болуы да мүмкін. Сол себепті балалардың бөлмесінде үнемі дезинфекция жасалып, ойыншықтарын үнемі жуып тұру қажет. Балаларда созылмалы ауруы болса, оның иммунитеті төмен болады. Сондықтан қант диабеті, ісікпен, астмамен ауырған балаларға ерекше күтім қажет”, – дейді Бақытгүл Ракишева.

Коронавирустан кейін баланы күнге шығаруға бола ма?

Соңғы уақыттары ата-аналар арасында коронавируспен ауырып кеткен баланы күнге шығару қауіпті екені туралы жиі айтылып жүр. Педиатр жаңсақ пікір екенін айтты.

“Коронавируспен ауырып кеткеннен кейін балаларды күнге шығаруға болмайды деген ұғым дұрыс емес. Бала толығымен жазылып шығып, тестілеу нәтижесі теріс болса да, жергілікті дәрігер бақылауына алынады. Дәрігер ары қарай баланың қосымша ауруларын да қатар емдеуі керек. Күннің сәулесі вирустың алдын алуға да, ауырып жатқан кезде де, ауырып қойғаннан кейін де өте пайдалы. Өйткені ең бірінші ол күн көзінен витамин түзіледі. Жаз кезінде біз балаларға күн ыстық болғандықтан, қосымша Д витаминін қабылдау қажеті жоқ деп айтамыз. Күн көзі қазан айына қарай азая бастайды, сол кезде қосымша витаминдер жазып береміз. Бұл виаминді балалар күннен алады. Короновируспен ауырып болғаннан кейін, баланың ағзасына оттегі өте қажет. Арнайы жаттығулар берген кезде де оларды оттегі мол жерлерде, далада орындаған абзал”, – дейді педиатр.

Тағы да оқыңыз: