Kyzylorda-news.kz. 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армениядан әкелінген автокөліктерді 1 қыркүйекке дейін тіркеу керек.
Үкіметтің 20 мамырдағы қаулысымен Армениядан Қазақстанға әкелінген автокөліктерді тіркеуге қоюға рұқсат берілді. Informburo.kz Алматы полиция департаментімен бірге көлікті тіркеу шарттарын түсіндіреді.
№1. Қандай көлік түрлерін тіркеуге болады?
Армения республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарына тіркелген және басқару құралы сол жағындағы автокөліктер тіркеуге жатады. 2020 жылдың 1 ақпанына дейін елге әкелінген автокөліктер 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында тіркеуге қойылуға тиіс.
№2. Көлікті тіркеу үшін қайда бару қажет?
Әр азамат қайда тұратынына қарамастан кез келген өзіне жақын орналасқан арнайы ХҚКО-ға барып көлігін тіркеуге қоя алады. Оған өзі тіркелген өңірдің мемлекеттік тіркеу нөмір белгісі (МТНБ) беріледі. Мысалы, Алматы обласының тұрғыны автокөлігін Алматы қалалық арнайы ХҚКО-да тіркейтін болса6 оған Алматы облысының “05” сериялы нөмірі беріледі. Армениядан әкелінген көлік құралдары үшін берілетін МТНБ фоны сары түсті.
№3. Кімдер көлігін тіркей алмайды?
Армения республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжатында көлік иесі ретінде көрсетілмеген тұлғалар көлігін тіркей алмайды. Сондай-ақ, басқару рулі оң жақта немесе басқару рулі оң жақтан сол жаққа қайта жабдықталған автокөліктер тіркеуге қойылмайды. Мұндай көліктерді Армения еліне қайта шығару керек.
№4. Көлікті тіркеу кезінде қандай төлем жасау қажет?
Жалпы сомасы 11 946 теңгені құрайтын үш төлем:
тіркеу жарнасы – 695 теңге;
техникалық төлқұжат үшін мемлекеттік баж – 3 473 теңге;
мемлекеттік нөмір үшін баж – 7 778 теңге.
№5. Қандай құжаттар қажет?
– құжат, жеке куәлік;
– 0,25 АЕК көлемінде мемлекеттік тіркеу жарнасын және Салық кодексінің 615-бабына сәйкес мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртектер;
– Армения республикасы уәкілетті органы берген көлік құралын тіркеу куәлігі және мемлекеттік тіркеу нөмір белгісі.
№6. Құжаттар өзге тілде болса, аудару қажет пе?
Иә. Көлікті тіркеу үшін ұсынылған басқа тілдегі құжаттар мемлекеттік не орыс тіліне аударылуы тиіс. Аударманың растығы немесе осындай әрекетті жасауға құқылы басқа тұлға туралы нотариус куәландыруы шарт.
№7. Тіркеу туралы куәлікке өзгерістер енгізіле ме?
“Ерекше белгілер” бөліміне “АРКҚ” (Армения республикасының көлік құралы) және “өзге тұлғаға тіркеуге жатпайды” деген жазбалар енгізіледі.
№8. Тіркелген көлік иелерінің міндеті қандай?
Олар жыл сайын техникалық байқаудан өтуі керек. Уақытында салық пен айыппұлдарды төлеп, ең бастысы жол қозғалысы ережесін бұзбауы тиіс. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын барлық автоматтандырылған ақпараттық жүйелер, атап айтқанда “ЖҚҚ ААЖ”, “Сергек” камералары интеграцияланған және Армениядан әкелінген автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін айырып тани алады. Бұдан бөлек, есепке қою кезінде аталған көлік құралдарының Интерпол желісі бойынша қылмыстық шығу тегі тексеріледі.
№9. Көлікті басқа тұлғаға рәсімдеуге бола ма?
Аталған автокөліктерді үшінші тұлғаға сатуға рұқсат жоқ. Егер автокөлік иесі оны сатқысы келсе, ол автокөлікті есептен шығарып, бұрынғы Армения нөмірі мен техникалық төлқұжатын қайтарып алып, одан кейін оны Армения республикасының есебінен алып, барлық баждар мен жарналарды, яғни кәдеге жарату және бастапқы жарналарды төлеуі тиіс. Сонда ғана автокөлікті басқа тұлғаға рәсімдеуге рұқсат етіледі.
№10. Тіркеу нөмір белгісі жоғалса, қайта жасатуға бола ма?
Қазақстан республикасында берілген көлік құралын тіркеу куәлігі және мемлекеттік тіркеу нөмір белгісін жоғалтқан жағдайда жазбаша түрде оларды жоғалту себебі көрсетіледі. Мемлекеттік тіркеу нөмір белгісі жоғалса, Бірыңғай ақпараттық жүйеге ешқандай өзгеріс енгізбестен қайта жасалып, иесіне беріледі.