Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев « Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек», – деген болатын. Арал ауданында сүт өндіру бойынша 8 063,2 тонна сүт өндірілген. Бұл ретте төрт түліктен сүт өнімін алып, оны кәсіпке айналдырып отырған жандар тақырыпқа тұздық болады. Сәйкесінше мұны кәсіпке айналдырамын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау да көп.
Қазаққа төрт түлік қай уақытта болсын жат болмаған. Әсіресе түйе малына деген махаббаты оны бағудағы машақатты ұмыттырып жіберетінін де бабаларымыз жақсы білген. Мінсең көлік, жесең ет, ішсең сусын, кисең киім болатын мұндай жануардың көшпелі жұрттың жүгін артып, жаңа дәуірге жеткізуінің өзі оған деген құрметтің қаншалықты деңгейде екенін байқатады. Бұл жануардан халқымыздың тұрмысына демеу, аш өзегін жалғап, шөлін қандыратын «Шұбат» деген ұлттық сусын әзірленеді. Бұны бабаларымыз ерте заманнан біліп, ақтан қол үзбеген. Содан да шығар, түйе шаруашылығын қолға алған жандардың табысы тәуір, жағдайы жақсы. Ал оның сүтін өндіріп, өмір өзегіне айналдыруды қолға алған жандардың да жақсы жетістікке жетіп жатқаны жасырын емес.
Бізде шұбат бар. Себебі түйе ұстаған шаруа шұбат ішеді. Бірақ өнім өзіне ғана. Оны сұранысқа сай баптап, арнайы құтыға құйып, сауда сөрелеріне жіберіп отырғандар санаулы ғана. Содан да болар бізде кәсіптің бұл түрі кенжелеп тұр. Десе де осындай қадамға бел буып, мемлекеттік бағдарлама арқылы шұбат өндірісін қолға алған сексеуілдік кәсіпкер жайында білесіз бе? Біз сол шұбат өндіретін нәзік жанды Нұрсұлу Жолмахан жайында айтамыз.
Бұған дейін де түйе ұстаған Шымкеновтер әулетінде шұбат дайындау үрдісі үзілген емес. Алайда оны кәсіпке айналдырып, аралдық бренд қалыптасатыру ойын Нұрсұлу жолдасы Дәулетке жиі айтып жүретін. Ақыры айтылған ой ақиқатқа айналды. Бұл кәсіпті бастандыруда Нұрсұлуға жолдасы Дәулет пен туыстарының қолдауы көп болды. Осылайша 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 млн теңге грант қаражатын алған кәсіпкер дайындалған шұбатты үй жағдайында арнайы құтыға құю технологиясына қол жеткізді. Бүгінде «Жолмахан Нұрсұлу Жолмаханқызы» жеке кәсіпкер аптасына 400 литр шұбат дайындап, оны арнайы құтыларға құйып, сауда нүктелеріне жіберіп отыр. Негізі аппараттың күніге 500 литр құюға мүмкіндігі бар. Алайда сүттің мөлшері аз болғандықтан, кәсіпкер күніге 50-60 литрдей өндіріп отыр. Шұбаттың литрі 1350 теңгеден босатылуда.
– Алғашында бұл қадамға бару біз үшін жай ғана ой болды. Өйткені көп жерде қаржының жетімсіздігі қолбайлау болып жатады ғой. Алайда мемлекеттік бағдарлама арқылы бұл кәсіпті жүзеге асыру идеясын жолдасым Дәулет айтып, үміт сыйлады. Сонымен арада көп уақыт өтпей бұл кәсіпті жандандыру ісі бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына қатысып, өз жобамды ұсындым. Алғашында сенімсіздеу болғанмен, менің қолымнан бұл кәсіпті алып кету келетініне көз жеткізген соң мамандар жобамды қайтарымсыз грантқа ұсынды. Алла сәтін салып, өткен жылы 3 млн теңге грантқа қол жеткіздік. Оған арнайы шұбат өнімін құятын, сүтті сақтайтын және дайын өнімдерді қаптамалайтын құрылғы сатып алдық. Бүгінде біздің жоба бойынша 4 қызметкер жұмыс істейді. Жергілікті өнім болған соң сұраныс та бар, – дейді кәсіпкер Н.Жолмахан.
Иә, мемлекет берген мүмкіндіктің арқасында күнкөрісін кәсіпке айналдырып, Аралдың ақ шұбатын сапалы өнімдер қатарына қосуды көздеген кәсіпкердің бұл бастамасына жерлестері де дән риза. Бастысы –сапа. Осыған баса мән беретін ерлі-зайыптылардың ендігі арманы – Сексеуіл кентінен таза, сапа сұранысына жауап беретін шұбат өндірісін кәсіпорын деңгейіне дейін көтеру. Жас кәсіпкер мемлекеттен қолдау ұдайы беріліп тұрса, бұл мақсаттың да орындаларына сенеді.
Саумалдық сан ауруға ем екені ертеден белгілі. Осыны түсінген егін мен мал шаруашылығын қатар игерген ақбайлықтарды қымызбен қамтамасыз етіп отырған Мейіз Кермешқызының кәсібі өрге домалап отыр. Жылқы өсіру бағытындағы жұмысымен барша ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруда. Әсіресе, дәтіңе қуат, дертіңе шипа болатын саумал ішушілердің сұранысы жоғары.
Иә, саумал – жаңа сауылған бие сүті. Дәмі тәтті, көпіршіп тұратын, жұмсақ әрі тез сіңетін қасиеті бар биологиялық табиғи өнім. Ол ана сүтіне тым жақын, тіпті ешкі сүтінен де құрамы жағынан ана сүтімен тең келеді. Сауылған соң 2 сағаттан астам уақытқа дейін қасиетін
жоғалтпайтын саумалдың денсаулыққа пайдасы жайында жиі естіп те жүрміз. Түрлі асқазан, ішек ауруларына, ісікке де, қан құрамын реттеуге де көмегі тиетін бие сүтінің өкпе мен бауырды қуаттандырып, белсіздікті жазатын қасиеті де ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Сол себепті де саумалға сұраныстың көп болуы түсінікті жағдай.
«Жылқы малы әдетте қазақ үшін төрт түліктің тектісі болып саналған. «Мінсең– көлік, ішсең–ас» дегендей, қай кезде де өзінің серігіндей, жолдасындай қарап, зор күтіммен баптаған. Көбіміз бәйге аттарының баптауын оқып- біліп жүрміз. Менің жылқы өсірумен айналысып отырғаныма көп болды. Мал баққанға бітетінін жақсы білемін. Сауын биелерге де мерзімімен жем-шөбін беріп, астын, қора
жайларын тазалап тұру міндетті. Себебі, олар күніне 5 рет сауылады. Саумал ішетін тұтынушыларым осы уақыттарда үйіме келіп, алғысын айтып, ыстық ықыласын білдірген кезде, жігерленіп қаласың. Адам үлкейген сайын көңілі баладай болатыны рас екен ғой», – деп жымиып та алды.
Бүгінде жылқысының саны үйірге жеткен Мейіз апаны ауылдықтар расымен-ақ құрмет тұтады. Еңбегі берекелі, сусыны шипалы жан саумалдан бөлек қымыз дайындап, тұрғындарға ұсынып келеді. Бірі қышқылын, бірі тұщысын таңдайтын адамдардың қайсысының талғамы қандай екенін де біліп алған. Ал қымыздың қасиетін «қымыз – қырық ауруға ем» дегеннен-ақ түсіне берсек болатындай.
Еңбекқор жан тек мал шаруашылығымен ғана айналыспайды. Кәсіптің қай саласы болмасын бел шешіп кірісе кетеді. Әсіресе,
жергілікті жердің ыңғайына қарай бейімделген егін шаруашылығын да жете меңгеріп, көктем, жаз айларында бақша да егеді. Дәмін татқанның қайсысы болса да мақтай жөнелетін Ақбай қауыны мен қарбызы, асқабағы да дөңгеленіп жатады.
«Өзінің сүйікті ісін жасаған адам бақытты емес, өз ісін сүйіп жасаған адам бақытты» демекші, еңбектен бақытын тапқан апамызға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Ешкі сүтінің пайдалы екендігі әлдеқашан дәлелденіп қойған. Сан ауруға емдігімен қоса, жаңа туған балаға ана сүтін алмастыра алатын бірден-бір қорек – ешкі сүті. Сондықтан да, халық «ешкі сүті – ем» дейді. Асыл тұқымды ешкі өсіріп отырған кәсіпкер Эльвира Тілеубаева ешкі малының ерекше қасиетін шынайы сезіп, өнімін қажетке жаратуда.
«Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында Эльвира 2017 жылы мүйізді ірі қара алады. Сонан соң, ешкі малын өсіруге қызығушылық танытып, жеке қаражатына Ақтөбе қаласынан асыл тұқымды 3 бас ешкі мен бір теке сатып алады. Осылайша сүт бағытында ешкі өсіруге шындап кіріседі.
–Бұлар өте ақылды болып келеді екен. Саууға келгеніңді біле қойып, алдыңа кезек-кезегімен тұратынын айтсаңшы. Күніне 3 рет сауамыз. Әр сауғанда бір ешкі 1 литрден кем емес сүт береді. Негізінен, емдік қасиеті өзге жануарлардан бөлек ешкі сүтінің нарықтағы бағасы литріне 500 теңгеден есептеледі ,– дейді жас кәсіпкер.
Жалпы, ешкі малы аса жоғары күтімді де талап ете қоймайды. Кәдімгі жем-шөбін уақытылы беріп отырса жеткілікті. Эльвираның айтуынша, аталған ешкілер алдағы күз айында алғашқы төлін бермек.
Иә, ешкі малы бойына бар асылды жинаған. Оның сүті 99 ауруға ем. Ғалымдардың зерттеуіне назар аударсақ көп-ақ. Емдік және аурулардың алдын алуда көмегі мол көрінеді. Әсіресе, анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек- қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы деген тұжырым жасаған. Сондай-ақ, ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылына өте бай. Бұдан бөлек, ғалымдар балаларды қоректендіруде сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүті құнарлы келетінін анықтаған. Әрине, бала үшін ана сүтіне жететін тағам жоқ, бірақ жасанды немесе аралас қоректендіруде ешкі сүті ана сүтін алмастыру үшін лайықты және 6 айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады. Және бір айта кететіні, ешкі туберкулез, бруцеллез сынды өзге малдарда кездесетін аурулармен ауырмайды.
Қазір кәсіпкерден ешкі сүтін сатып алушылардың қатары молайған. Олардың көпшілігі түрлі дертке шалдыққан науқастар мен жаңа туған балаға қосымша қорек ретінде сатып алушылар екен.
–Ешкі малын өсіру маған тыңнан келген жақсы идея болды. Алдағы уақытта мал басын молайтсам деймін. Және сүтінен түрлі өнімдер жасап, сату да жоспарда бар , – дейді Эльвира Жарасқызы.
«Ебін тапсаң, ешкі бақ» деп дана халқымыз айт- пақшы, бүгінде елімізде ешкі шаруашылығы біртіндеп қолға алынып жатырғаны қуантады.
Біз де тың істі қолға алған келіншектің облыс әкімі жариялаған кәсіпкерлікті қолдау жылына қосқан бастамасына табыс тілеп, өзгелерге де үлгі болсын деген тоқтамға келдік. Себебі, аудандағы әрбір адамның кәсіп жасауға мүмкіндігі мол.