Аралды қалай сақтап қаламыз? – Kyzylorda News
Басты бет

Аралды қалай сақтап қаламыз?

06.08.2022, 12:00

405 0

Kyzylorda-news.kz. Әлемдік банк берген 16 жарым миллион долларға САРАТС-тың алғашқы кезеңі жүзеге асып, кіші Арал кемеріне келіп, 20 мыңдай балықшының нәпақасы артқан болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол қарыздан Қазақстан жуырда құтылыпты. Енді жаһандық қаржы ұйымы өңірдің экологиялық апат шеңгелінен құтылуы үшін 190 миллион доллар қайтарымсыз грант бөліп отыр. Жеделдетіп жоба ұсынудың орнына отандық ихтиолог мамандар мен сала шенеуніктері 4 нұсқаның қайсысын таңдарын білмей айтысып-тартысып әлі жүр.

«Бірінші нұсқа Көкарал бөгетін биіктетіп, бір деңгейлі теңіз суын 48 метрге жеткізу. 2-нұсқада Сарышығанаққа жаңа бөгет салып, теңіз суын 2 деңгейлі ұстау. Келесі нұсқада Көкарал бөгетін көтеріп, Қамбаш көлінен Сарышығанаққа құятын қосымша канал қазу. Соңғы нұсқада Көкаралды 50 метрге көтеріп, ұлы теңізге тамшы тамызбай кіші Аралды суға толтыру ұсынылған. Бірақ оған 17-20 жыл керек екен. Ол жоба тиімділігін ақтамайды», – деді «Казгипроводхоз» ЖШС бас директоры Анатолий Рябцев.

Аталған нұсқалардың ішінен тиімдісі таңдалып, пікірталас аяқталса техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуге ирандық компания өкілдері даяр жүр екен. Бірақ сіздерге құр шелек керек па әлде су керек па? Шетелдік жобалаушылар әуелі соны айқындап алу керектігін айтады. Бөгет көтеріп, жан-жағын қымтап алып, оған тіршілік нәрі келмесе одан не қайыр? Сондықтан мәселені жоғарыдан яғни Сырдария бастауынан іздеу керек. Ол үшін жауын-шашын, еріген қар суын жинақтайтын көлдер жүйесін жаңартып, шықпа жаным, шықпа деп тұрған тоспаларды бүтіндеудің пайдасы зор дейді Иран құрылысшылары.

«Иранда Аралмен тағдырлас көл бар. Ол да антропогендік әсерден зардап шеккен. Ысырапшылдықты жойып едік көлдің жағдайы жақсара бастады. Жалпы біздің гидросалада мекеменің 20 жылдық тәжірибесі бар. Аралдың жергілікті тұрғындарының пікірін тыңдай отырып, халықаралық сарапшылардың да кеңесіне құлақ түреміз. Теңіз маңын 1 жыл зерттеп, жобаның өзін 3 жылда жүзеге асыра аламыз», – деді техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуші мекеменің филиал басшысы Мехди Шафиифар.

Ал экологтар ақшаға қызығып, шала жобаға ұрынып қалмауымыз керек дейді. Арал жәй географиялық атау емес, үдере көшуге даяр халықты аймаққа қоныстандырып отырған әлеуметтік маңызы ерек айдын. Сондықтан асықпаған арбамен қоян алғанды жөн санайды.

«Біз адами тұрғыдан келсек, жалпы экология мәселесі қазір күн тәртібінде өте қиын жағдаймен кездеседі. Сол бір деңгейлі теңізді алу керек бізге. Жұмыс алгоритмі жақсы құрылды. Енді соның артынан нәтижесі қандай? Соны қадағалауымыз керек», – деді жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы.

Дегенмен қазақстандық сушылар жыл аяғына дейін бір нұсқаны таңдауы тиіс. Өйткені әлемдік банк келесі жылы грантты жауып тастамақ. Сол себепті қайтарымсыз қаржыдан қағылмауы үшін бассейндік кеңес мүшелері күзде нақты шешім қабылдайтын болып тарасты.