Kyzylorda-news.kz. Арал ауданында карантин режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында құрылған жұмысшы топ мүшелері түнгі рейд жұмыстарын үздіксіз жалғастыруда.

Аталған топ жүргізетін рейд кезінде көңіл көтеру орындары, мейрамханалар, дәмханалар, дүкендер және өзге де қоғамдық тамақтану орындары мен саябақтар қамтылып отыр.

Аудан әкім Мұхтар Оразбаев бастаған мобильді топ мүшелері үш бағытқа бөлініп, індеттен сақтану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, арнайы дыбыс күшейткіш құралдары арқылы әрбір аумақ бойынша шектеу шаралары үздіксіз хабарланды.

Рейд барысында карантин талаптарын ескермей, бетпердесіз демалыс алаңдарында көптеп шоғырланған аудан тұрғындары мен бірқатар кәсіпкерлік нысандардың уақытылы жұмысын тоқтатпау фактілері анықталды.
Анықталған көріністер бойынша әрбір тұрғынға, кәсіп иесіне аудандағы қалыптасқан ахуал жайы айтылып, вирустың таралуын тежеу бағытында жекелей түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өкінішке орай, көпшілік халықтың амандығына негізделген ортақ мүддеге әлде де немқұрайлық танытып, құлақ аспауда.

Осыған орай жұмысшы топ мүшелері аудандағы эпидемиологиялық ахуал әзірге күрделі екенін ескертеді. Сондықтан да, барша аудан тұрғындарын коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуда зор жауапкершілік танытып, енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға шақырады. Бұл – баршаға ортақ міндет.

Тағы да оқыңыз: