Kyzylorda-news.kz. Аудан прокуроры Асхат Тәженовтың төрағалығымен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу және өзге де әлеуметтік, құқықтық көмектер көрсету мақсатында жиын өткізілді.

Жиында пробациялық есептегі азаматтарды жұмысқа орналастыру, кәсіби мамандықтарға оқыту, кәсіп ашуға мүмкіндік жасау мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер мен қайтарымсыз грант түрлерін алу және медициналық мекемелерден қажетті жағдайда ем қабылдау жолдары түсіндірілді.

Өткен жылы пробация есебіндегі 3 азамат «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік бағытта оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, қазіргі таңда өз кәсіптерін жүргізуде. Сондай-ақ, биыл 1 азамат қой шаруашылығы бойынша бизнес-жоспарын дайындаса, 1 азамат әлеуметтік жұмысқа, 1 азамат қоғамдық жұмысқа, 2 азамат «Бизнес-Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқуға ниет білдірген.

Кездесу барысында аудан прокуроры ағымдағы жылдан бастап Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, зорлау қылмыстары, көлік құралдарын мас күйде басқару, браконьерлік, есірткі заттарының заңсыз айналымы және мал ұрлығы сынды қылмыстардың жазалары қатаңдатылғандығына тоқталып өтті.

Мәжіліске қатысқан пробация есебіндегі азаматтар да қозғалған мәселелерге байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: