Kyzylorda-news.kz.  Арал ауданы аумағында ағымдағы жылғы ақпан айының бірінші он күндігінде ауа райы күрт жылынды. Қыс мезгілінде толассыз жауған қардың шамадан көп болуына байланысты Арал қаласының кейбір ішкі көшелері бойында еріген қар суының жиналу жағдайлары қалыптасты.

Табиғаттың тылсым құбылысының салдарынан орын алып отырған мәселелер аудан әкімдігінің қатаң бақылауына алынып, көше бойында жиналған қар үйінділері мен суларды тарту, тазалау жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізілуде.

Бүгінгі күнге дейін 1221 м3 қар үйінділері және 1950 м3 жиналған қар сулары қала сыртына шығарылса, қажеттіліктерге байланысты арнайы техникалармен (погрузчик, камаз) топырақпен қомдау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынды.

Аталмыш жұмыстарға 15-ке жуық арнайы техникалар тартылып, 60-тан аса жауапты жұмысшылар жұмылдырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Арал қаласындағы Мархабаев көшесінің төменгі беткейінде орналасқан тұрғын үйлерді су басқанын хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыз: