Арал ауданының әкімі Әлем чемпионын қабылдады (ФОТО) – Kyzylorda News
Басты бет

Арал ауданының әкімі Әлем чемпионын қабылдады (ФОТО)

27.12.2019, 11:40

628 0

Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев әлемдік додада ел намысын қорғап, Ақтөбеде қазақ күресінен өткен Əлем чемпионатында табысты өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанып, алтыннан алқа тағынған жерлесіміз Нұрым Сəлімгерейұлын арнайы қабылдады.

«Сыр елінің ғана емес, тұтас елдің абыройын асқақтатып, көк туымызды көкке көтергеніңіз үшін өз атымнан және аудан халқының атынан алғысымды білдіремін. Байрақты доданың ақтық сынында ұлттық күресіміздің әдіс-тәсілдерін шебер қолдану арқылы боз кілемнің шаңын қағып, әлемнің төрт дүркін чемпионын тізе бүктіріп, жеңіс тұғырынан көріндіңіз. Біз үшін Сіздің айқын жеңісіңіз – үлкен абырой, зор мақтаныш. Алдағы уақытта да спорттағы шеберлігіңіз бен ерік-жігеріңізді ел намысын қорғау жолында жұмсайды деп сенемін. Еліміздің абыройын асқақтатар жеңісті күндеріңіз көп болғай», – деп аудан басшысы барша жерлестерінің ыстық ықыласын жеткізді.

Елдің атын шығарып, әлемдік бәсекеде мемлекет мерейін асырған жерлес спортшымыздың бұл жеңісі Тәуелсіздік мерекесіне орай үлкен сый болғанын атап өтті. Сонымен қатар, биылғы жыл жалпы аудан спорты мен мәдениеті саласы үшін ерекше жемісті жыл болғанын да тілге тиек етті. Одан әрі, ізгі лебіз арасында аудан басшысы жеңімпаз спортшыға арнайы сый сияпатын табыс етті.

Айта кету керек, Нұрым Сәлімгерейұлы құт қонған киелі Қарақұм топырағынан түлеп ұшып, ауылдағы қазақ күресі бөлімшесінен тәлім-тәрбие алып, қазақ күресімен қатар, Самбо, Дзюдо күресін жетік меңгерген спорт саңлағы. Спорттық шеберлігіңнің арқасында ел үмітін ақтап, қазақ күресінен өткізілген республикалық «Жас барыс», облыстық «Сыр барысы» турнирлерінде жеңімпаз атанған. Бірнеше мәрте Республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде боз кілемде мықты балуандармен белдесіп, «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болған. Қазіргі таңда жас спортшының бұл жеңісі 15 желтоқсан күні Ақтөбе қаласында қазақ күресінен өткен Əлем чемпионатындағы айқын жеңісімен толықты. Әлем чемпионатына төрткүл дүниенің 42 мемлекетінен спортшылар қатысқан.

0

Пікір қалдыру