Арал ауданында екі балық цехы іске қосылды – Kyzylorda News
Басты бет

Арал ауданында екі балық цехы іске қосылды

24.01.2020, 10:05

1008 0

Kyzylorda-news.kz. Жылдағы дәстүрге сай барлық деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есепті кездесуіне сәйкес ауданның шалғай елді мекендерінде есеп берген аудан әкімі М.Оразбаев балықшылар қауымымен кездесіп қайтты. Құланды ауылдық округінде өткен жиында ең алдымен аталған округтің әкімі К.Жанназаров пен учаскелік полиция инспекторы С.Бөкенбай өткен жылда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Ауылдық округ әкімі баяндап өткендей, Құландыда балық шаруашылығы серпінді дамып, балықшаруашылығына ден қойғандардың қатары артқан. Мәселен, өткен жылдың өзінде ауылдық округке қарасты Ақбасты елді мекенінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға бағдарламасы» аясында ауыл тұрғыны Жандос Құлманов балық сақтау цехын ашса, ауыл тұрғыны Ернар Құлжанов балықтан бұқтырылған консервы шығару цехын іске қосқан.

Бұдан бөлек, «Ақбасты» өндірістік кооперативі ауыл көлемінде 30-ға жуық балықшының ауланған балықтарын қабылдап, аудан орталығына жеткізіп, ауыл тұрғындарын маусымдық жұмыспен қамтып отыр.

Негізінен балық шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы өркендеген ауылдық округте 2019 жылы түйе – 2448 басқа, мүйізді ірі қара – 585 басқа, уақ- мал – 822 басқа, жылқы – 2101 басқа жеткен.

Жергілікті тұрғындардың сұранысына сәйкес «Ақбасты ауылдық клубын жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, өткен жылдың тамыз айында тиісті жұмыстар атқарылған.

«Бизнес Бастау» жобасы бойынша білім алған тұрғындар арасында Айдана Ержанова кондитерлік өнім өндіру бойынша 250 мың теңге, Асанхан Кішкенеев алюминийден қайық жасау жобасы бойынша 505 теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жұмыс жасауда. Сонымен бірге, А.Ержанова «Өңірлік инвестициялық орталығынан» 1400 мың теңге қаржы алып, мал шаруашылығын дамытуда.

Сонымен қатар, салық түсімдерін 100 пайызға орындаған ауылдық округте ауылдық қоғамдастық мүшелерінің қолдауымен тарихи мұра есебінде ауыл орталығы мен кіреберісіне 2 кеме орналастырылып, елді мекенді абаттандыру мақсатында ауыл шетіндегі «Бурабай» ыстық су моншасын жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, халық сұранысы бойынша ауыл бөгеттерін жөндеу, бекіту жұмыстары да қолға алынған. Жалпы округте атқарылған жұмыстар ауқымды екендігі баяндамада жан-жақты айтылды.

Мұнан соң аудан әкімі М.Оразбаев ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштері мен жетістіктерін атап өтіп, алда тұрған міндеттерді баяндады. Кездесу сұрақ-жауап кезеңіне келгенде елді мекен ардагерлері мен тұрғындары ауыз су таситын автокөлік алу және теңіз ұлтанынан әкелініп, Ақбасты елді мекенінде орналастырылған тарихи кемелерге абаттандыру жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстарын айтты. Аудан басшысы аталған мәселені жақын арада шешудің жолын қарастыратынын жеткізді.

0

Пікір қалдыру