Арал ауданында 100 орындық карантиндік стационар ашылды – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Арал ауданында 100 орындық карантиндік стационар ашылды

26.03.2020, 11:20

247 0

Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Арал ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимаратында ашылған инфекциялық және провезерлік стационарда болып, қажетті заттармен жабдықталған орталықты аралап көрді.

Бұл орталық COVID-19 коронавирусының инфекциясы анықталған жағдайда науқас толықтай тексерістен өткізілуіне қолайлы жағдай жасалған жатын орынмен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, №2 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының ғимаратында инфекция анықталған азаматтармен байланыста болған адамдарды арнайы оқшаулауға алып, медициналық бақылау жүргізетін 100 орындық карантиндік стационар жұмыс істейтін болады.

Аталған орталықтарды аралаған аудан басшысы тиісті сала басшылары мен жауапты мамандарға қажетті құрылғылардың болуы және қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуы қажет екендігі жөнінде тапсырмалар жүктеді.

Одан соң аудан басшысы бірнеше дәріханаларда болып, вирустан қорғануға арналған медициналық маскалар мен бетперделердің сатылу бағасын қадағалады.

Қазіргі таңда бетперделерге тапшылық орын алмауы үшін аудан көлемінде орналасқан тігін шеберханалары мен дәріхана иелері арасында келісім жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, жеке кәсіпкер И.Жұмашеваның, А.Келжанованың және С.Ибраеваның тігін шеберханаларында бетперделер тігіліп, дәріханалардың сұранысына сәйкес жөнелтілуде. Дәріханаларда бетперденің 1 данасы 90 теңгеден сатылуда.

Сонымен қатар, аудан әкімі орталық базардағы ет өнімдері сатылатын орындарды аралап, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде тұрғындар көп тұтынатын, ауданнан шығатын ет бағасын негізсіз өсірмеуді базар басшылығы мен сатушыларға ескертті. Сондай-ақ, төтенше жағдай уақытындағы мемлекет басшысының және облыс әкімінің тапсырмаларын кәсіпкерлердің назарына жеткізді.

0

Пікір қалдыру