Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінде жаңа мешіт халық игілігіне пайдалануға берілді. Ақсуаттың архитектуралық келбетіне көрік қосқан мешіт ауылдағы «Әліарыстан ата» мешітінің орнына салынған.

Бұған дейін жұмыс істеп тұрған ауыл мешіті Шәркүл Әліарыстанқызының мұрындық болуымен 2005 жылы бой көтерген. Өткен жылы ескі мешіт сүріліп, орнына жаңа мешіт салынды. Жаңа мешіт 300 адамға лайықталған. Ерлер және әйелдер залы бар. Енді бұл орында көпшілік құлшылық жасаумен қатар діни білімін жетілдіре алады. Ол үшін білікті маман бекітіліп, 70 адамға арналған медресе салынған. Жанында 300 орындық асханасы да бар. Өзінің бұрынғы атын сақтап қалған жаңа мешіт жұма күні қайта есігін ашты.

Жаңа мешіттің ашылуына қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және Ақмешіт-Сырдария мешітінің бас имамы, ҚМДБ өкілі Болатбек Ұласқанұлы қатысты.

«Ғибадат үйі тұрғындарға тура жолды көрсетіп, жастарды имандылыққа бастайтын ізгілік пен берекенің ордасы боларына сенім мол» – деді Асқарбек Есжанов.

Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары мешітің ел игілігіне берілуіне себепкер болған Шәркүл Әліарыстанқызына қала әкімі атынан құрмет көрсетіп, қаланың жоғарғы марапаттарының бірі «Құрмет» грамотасын табыстады.

«Осыдан 15 жыл бұрын 100 адамға лайықталып салынған мешітіміз кеңейтіліп, бүгін 300 адамдық жаңа мешітті пайдалануға берудеміз. Мешіт құрылысын жүргізіп, ел игілігіне беруге себепші болғанымыз болмаса, мешіт халықтыкы» – деген, Шәркүл Әліарыстанқызы жастардың дінге деген ықыласын ерекше атап өтіп, жаңа мешіт ақсуаттықтарға ислам дінінің асылдығын ұлықтай түсер рухани ордаға айналуын тіледі.

Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында 174 мешіт бар. Оның 19-ы Қызылорда қаласында бой көтерген.

Тағы да оқыңыз: