Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Meta (Facebook) компаниясымен келісімге келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр Аида Балаеваның хабарлауынша, министрлік Meta компаниясымен жағымсыз контентке, әсіресе, балаларға зиянды ақпаратқа қарсы тұруда өзара ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге келді.

“Күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған әлеуметтік желілер адамдарға білім алу, табыс табу немесе бос уақыт өткізу сияқты мүмкіндіктер берумен қатар, қоғамға жағымсыз ақпараттың кейде тіпті қауіпті контент таратудың көзі болып жататыны жасырын емес. Біздің министрліктің ақпарат комитеті жүргізген ұзақ та тыңғылықты жұмыс нәтижесінде сәтті келісімге қол жеткіздік”, – деп жазды Балаева Facebook парақшасында.

Енді Қазақстанда “Контентті хабардар етудің ішкі жүйесі” (“Content Reporting System” (CRS) тікелей қолжетімді болады.

“Оның негізінде министрлік Facebook компаниясының ішкі саясатына, сондай-ақ біздің ұлттық заңнама талаптарына қайшы келетін контенттерді компанияға жедел хабарлай алады”, – деді министр.

Министрдің сөзінше, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері ішінде CRS жүйесіне кіруге рұқсат берілген алғашқы ел. Қазір Meta компаниясының контент саясатына жауап беретін халықаралық командасымен байланыс толық жолға қойылды.

Айта кетері, қазан айының соңында Facebook атауын Meta деп ауыстырды. Бұл туралы компанияның негізін қалаушы Марк Цукерберг хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, 28 қазанда Facebook командасы министрліктің мамандарына “Контентті хабарлау жүйесін”, сондай-ақ Facebook контент саясаты және қоғамдастық стандарттары бойынша жұмыс бойынша тренинг өткізді. Осы айдан бастап министрлік жүйеде жұмыс істей бастайды.

Екі тарап министрлікпен түрлі аспектілер бойынша тығыз жұмыс істейтін Facebook өңірлік офисінен уәкілетті өкілді анықтау туралы келісімге келді.

Министрлік “Контентті хабарлау жүйесін” пайдалану Facebook және Instagram платформаларында құқыққа қарсы контенттің таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың жеделдігін және жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Тағы да оқыңыз: