Ақмарал Әлназарова: Елбасының «BizBirgemiz» акциясы аясында 4 мыңнан астам қызылордалыққа партия тарапынан көмек көрсетілді – Kyzylorda News
Басты бет

Ақмарал Әлназарова: Елбасының «BizBirgemiz» акциясы аясында 4 мыңнан астам қызылордалыққа партия тарапынан көмек көрсетілді

11.04.2020, 17:30

1644 2

Kyzylorda-news.kz. Дүние жүзінде болып жатқан індет барлық мемлекеттерге экономикалық жағынан үлкен проблема туындатып, халықтың, оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға көп қиындық туындатып отырғаны белгілі. Осыған орай бұл проблемалардың алдын алу үшін Елбасы бастамасымен қолға алынған «BizBirgemiz» акциясы аясында «Nur Otan» партиясы азық-түлікпен көмек көрсетті, 50 мың теңгеден қаржылай көмек беріп жатыр деген әңгіме қоғамда қызу талқылануда. Осы орайда «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназаровамен сұхбаттасқан едік.

– Ақмарал Шәріпбайқызы, негізінен 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек кімдерге берілуде?

– «Birgemiz» республикада Елбасымыздың көрегендігімен құрылған қоғамдық қордың атауы. 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек осы қор есебінен аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, жетімдер мен тұл жетімдерге және ең төменгі зейнетақы алушы зейнеткерлерге берілуде. «Birgemiz»қоғамдыққорына демеушілерден түскен қаражат, өңірлік қорға аударылды. Қазір барлық облыстарда қордың филиалдары ашылды. Біздің өңірде «Birgemiz-Kyzylorda» деген атаумен ашылып, қордың құрылтайшылары, қамқоршылық құрамы жасақталды. Оның құрамына партиямыздың әлеуметтік бастамаларына белсенді қолдау көрсетіп келе жатқан облысқа белігілі азаматтар мен азаматтық қоғамның беделді өкілдері, көп балалы аналар тартылды. Құрамында: Искакова Райхан Хусаинқызы – «BIRGEMIZ KYZYLORDA» қоғамдық қор төрағасы, облыстық депутаты; Байназарова Райкүл Мансұрқызы – «Облыстың әйелдер кеңесі» ҚҚ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты; Дүйсенбаев Серик Абішұлы – «Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі» ҚБ төрағасы; Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы – «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары; Әбішев Сайлаубай – Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы; Баекеев Максут Абдуалиевич – Партия ардагері; Абдрахманов Шарип Акбарович – «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты; Копбергенова Нұргүл Алмаганбетқызы – көпбалалы ана; Байманов Абзал Нұрділдаұлы – «Қызыл Ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиал директоры; Чебакова Ольга – «Волонтёры Кызылорды» ҚБ төрағасы; Тенизбаев Серик Мұстафаұлы – «Қызылорда облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» ҚБ төрағасы, қор хатшысы бар.

Қор жұмысы туралы барлық ақпараттарды «Birgemiz-Kyzylorda» деген атаумен аталатын фейсбук және инстаграм желісіндегі парақшаларда жарияланып отыр.

– Қазір республикалық қордан бізге қаржы түсті ме? Ол облыстағы әлеуметтік әлсіз топтарға жеткілікті ме?

– Негізінен республикалық «Birgemiz» қорының қамқоршылық Кеңесі еліміздің 150 мыңнан астам азаматына 50 мың теңге көлемінде тікелей ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл еліміздегі карантиндегі қиындықтарға тап болған 23 ірі қалалардың тұрғындары. Бұл қалалардың қатарына Қызылорда қаласы еніп отыр. Сондықтан «Birgemiz»қоғамдық қорынан есеп шоттарға аударылатын қаражат тек Қызылорда қаласы тұрғындарына ғана жүргізіледі. Яғни, Қызылорда қаласы бойынша қаржылай көмекпен 6313 отбасы қамтылады. Олардың 4913-і аз қамтылған отбасылар, 187-і жетімдер, тұл жетімдер және 1213-і ең төменгі зейнетақы алушы зейнеткерлер.

– Бұл азаматтар ақшаны қалай алады?

– Бұл қаражат «Халық банкі» филиалы арқылы тізімдегі 4288 тұрғындардың есеп шоттарына аударылды. Қалған 29 азаматқа «ВТБ», 58 азаматқа «Жусан» банкі арқылы қаражат аударылса, 1938 азаматқа Қазпошта филиалы арқылы қаражат аударылды. Есеп шоттары жоқ азаматтарға банк филиалдары ешқандай комиссиясыз шұғыл есеп шот ашуды ұйымдастырды. Сондай-ақ, осы тізімдегі кейбір азматтардың банкте несиесі бар, немесе өзге де қарыздары мен төлемдері бары анықталып, көмек ретіндегі аударылатын қаражатты еш ұстап қалусыз толықтай аударып беру мәселесі республикалық деңгейде шешілді. Бұл азаматтар үшін ешқандай мекемеге барып тіркелу немесе карточка аштырудың қажеттілігі жоқ.

– Ал бұл азаматтар қаражаттың «Nur Otan» партиясынан яғни, «Birgemiz» қорынан түскендігін қалай біледі?

– Иә, бұл мәселе де ойластырылған. Яғни, тізімдегі азаматтардың әрқайсысының ұялы телефонына «Сіздің шотыңызға «Birgemiz» қорынан 50 000 теңге келіп түсті. #BizBirgemiz, Елбасы, «Nur Otan» деген хабарлама түседі.

– Ақмарал Шәріпбайқызы, жалпы «BizBirgemiz» акциясы аясындағы азық-түліктей немесе «Birgemiz» қорынан аударылатын қаражылай көмектер қашанға дейін жалғасады, жалпы қанша азаматқа қолдау көрсетуді көздеп отырсыздар?

– Бұл көмектің барлығы індетке қарсы күрес жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшінжүргізіліп жатыр. Алайда әлемді інге тыққан індеттің қашан із-түссіз жойылары белгісіз. Дегенмен демеушілер қолдау көрсетіп отырса, біз облыс бойынша 13 мыңнан аса мұқтаж отбасыларды қамтуды көздеп отырмыз. Ал республикалық «Birgemiz» қоғамдық қорының қаржылай көмегі Қордың қызметі инфекцияның таралуына байланысты елдегі төтенше жағдайдың ұзақтығымен шектеледі. Алдағы уақытта мұндай қаржылық көмекпен қаладағы І топ мүгедектері, ҰОС ардагерлері мен басқа да мұқтаж азаматтар қамтылатын болады.

– Әлеуметтік желілердегі партияның ресми парақшаларынан және елдің аузынан да партияның тұрғындарға көмек беріп жатқанын естіп, біліп жатырмыз. Бұл көмек негізінен кімдерге беріледі ?

– Рақмет, өздеріңіз білетіндей бүкіл әлемді әлекке салып отырған COVID-19 вирусының таралу қауіпінің алдын алу мақсатында елімізде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты Елбасының бастамасымен «Nur Otan» партиясы халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына коронавируспен күрес кезінде қолдау көрсетуді қолға алған болатын. Негізгі мақсат: мұқтаж, денсаулығы әлсіз азаматтарды үйден шығармай көмекті жеткізіп беру. Сонымен бірге тұрғындардың қауіпсіздігі үшін олардың көшедегі қозғалысын азайту.

– Сонда бұл аймақтағы барлық әлеуметтік әлсіз топтарға беріледі ғой?

– Негізінен біздер облыс тұрғындарының басым бөлігі қала орталығында болғандықтан, ең алдымен Қызылорда қаласы тұрғындары мен қалаға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын қамтуды жоспарладық. Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі базасынан осы санатқа кіретін азаматтардың тізімін сұраттық. Әлеуметік жағдайы өте төмен деген отбасылардың тізімі сарапталып алынды. Қызылорда қаласы бойынша акцияға қолдау көрсету «Мейірім – Қызылорда» қоғамдық қорына демеушілерден аударылған қаражат есебінен жүргізілуде.

Акция басталған уақыттан бастап Қызылорда қаласының өзінде (19 наурыз – 10 сәуір аралығы)демеушілер көмегімен қорға түскен қаржының 10 046 189 теңгесіне азық – түлік және басқа да қажетті заттар алып, 813 отбасына 1 реттік көмек көрсетілді.

Аудандық филиалдарымыз да, жергілікті органдармен бірлесіп,демеушілік қолдауымен «Бізбіргеміз» акциясы асында мұқтаж азаматтарға қолдау жасап жатыр. Жалпы барлық аудандар мен Байқоңыр қаласы бойынша акция аясында 37 522 550 теңге қаржыға 3714 отбасына көмек көрсетілді.

– Бұл көмекке кімдер қолдау білдіруде?

– Қысылтаяң сәтте қиналғанға қол ұшын созу, біздің ұлттың қанына сіңген қасиет емес пе? Қоғамды өркениетке бастайтын ниеті оң, жүрегі кең адамдар бұл акцияны қолдап, қолдау көрсетіп жатыр. Бірі қорға қаржылай аударса, енді бірі бізден азаматтардың тізімін алып, біздің еріктілермен бірге көмек көрсетуде. Бұл жерде барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партиямыздың атынан сайланған депутаттарымыз бен бастауыш партия ұйымдарымыздың және қарапайым партия белсенділері мен мүшелерінің де қосып жатқан үлестері зор.

– Аттарын айта аласыз ба?

– Әрине, мәселен,«Абзал и К» ТС 100 отбасыға, Ai-Sultan Company ЖШС 20 отбасыға көмек көрсетті. Онан бөлек, осы індеттің алдын алу үшін ашылған облыстық қорға «Абзал и К» ТС-нің төрағасы, біздің партияның белсендісі, «Jas Otan» ЖҚ орталық Кеңесінің мүшесі М.Ералиев, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутатық фракциясының мүшелері Б.Махашов, Р.Есенов, А.Махамбетов, М.Жұмашев, Н.Әмитов және Жалағаш аудандық депутатымыз Ә.Бекжанов,партиямыздың белсендісі М.Сәрсенбаев тағы да басқа меценаттар қаржы аударды. Сонымен бірге акцияға қаламыздағы Е.Мусаев, О.Чебакова бастаған қоғамдық белсенділер де өз үлестерін қосуда.

– Ақмарал ханым, осы наурыз айының соңында партия филиалының ғимаратына әйел азаматтар жиналды дегенді естіп едік. Олардың көздегені не?Әлде, акция аясында көмек сұрап келді ме?

– Иә, «Nur Otan» партиясы елдегі Төтенше жағдай режиміне орай қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын уақытша тоқтатып, тұрғындарын өтінішін қабылдау үшін партияның онлайн қызметін күшейткен болатын. Алайда, бұған қарамастан 26-27 наурыз күндері,екі күн бойы партия филиалының ғимаратына «біз тізімде неге жоқпыз?»,- деп арызданып 3841 азамат келді. Оларға ереже жан-жақты түсіндірілді. Болмаған соң сыртқа арнайы арыз қалдыруға жағдай жасап, оларды бастапқы тізімге қосымша тіркеуді ұйымдастырдық. Қайталанбас үшін олнайн тіркеу жүргізу үшін арнайы Call-орталығын іске қостық. Осы орталыққа28-31 наурыз күндері көмек сұрап хабарласқан 2 мыңға жуық азамат тіркелді. Онан бөлек WhatsApp мессенджерлері арқылы 9 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Өкінішке орай кейбір азаматтар қайталап өтініш беруде немес бір отбасынан бірнеше азамат тіркелуде. Сондықтан бұл азаматтардың барлығының өтініштері арнайы әлеуметтік қолдау органдарымен сарапталып барып көмек көрсетілуде. Қазір өздеріңіз білесіздер аталмыш індетті жұқтырушылардың саны күнен күнге өршуде. Қазір індеттің таралу қауіпі Жаңақорған, Шиелі аудандарында өте жоғары болып отырғандықтан, Жаңақорған ауданының 100және Шиелі ауданының 80 отбасына олардың қауіпсіздігі үшін облыстық филиал тарапынан азық-түліктей көмек жолдадық.

– Ақмарал Шәріпбайқызы, осындай ел басына күн туған сәттеелдің аманатын арқалаған жетекші партиямыздың өңірлік филиалы тарапынанхалқымыздың қаупісіздігі, амандығы үшін жасап жатқан қызметінің зор екенін сізбен сұхбаттасу барысында байқап отырмын. Еңбектеріңіз жемісті болсын деп тілеймін. Жалпы сөзіңізді қорытындылай келе халыққа айтарыңыз бар ма?

– Әрине, өздеріңіз білесіздер жақында ғана еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласын жариялады. Сонда Елбасы халыққа біз бірге болсақ, тәртіпті ел болсақ, жұмыла көтерген жүк жеңіл түсетінін айтты. Сондықтан уақытпен санаспай, өз денсаулығын қатерге тігіп, ел үшін еңбек етуге жұмылып жүрген барлық саладағы әріптестерге, партиямыздың қанаты жасотандықтарға, демеушілік танытып отырған кәсіпкерлерге облыстық партия филиалының атынан алғысымды білдіремін. Ал, жерлестерімізді мемлекет те, жергілікті билік те барлығы қайтсек осы індеттен халқымызды аман сақтап қаламыз деп бар күшін салып жатқан кезеңде тек сабырлық танытып, қауіпсіздік шараларын барынша қатаң сақтап, үйде болуға шақырамын. Біз Сіздермен біргеміз дегім келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!