Kyzylorda-news.kz. Арал аудандық мәдениет үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Сыры мен сыны бөлек Сыр аналары» атты облыстық форум қорытындыланды.

Ең бірінші форумға қатысушылар этноауылдағы сүндет той мен келін түсіру рәсіміне қатысты. Аудандық мәдениет үйінің фойесінде «Қазанғап» атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының «Балбырауын» күйі және «Арнау» тыңдалды. Аналарға арналған кітап және қолөнер көрмесі де болды.

Форумға Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов, Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, облыстық мәслихат депутаты Аида Абибуллаева, аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, көпбалалы, жас, еңбекші, белсенді, кәсіпкер аналар қатысты.

Форумның алғы сөзін аудан әкімі Серік Сермағамбетов алып, аудан халқының бекем бірлігі, батыр, еңбекшіл аналардың арқасы және халық игілігі жолындағы ел аналарының еңбегі көпке үлгі,-деді. Осы ретте ауданның өнегелі аналарын марапаттап, оларға ұрпақ тәрбиесі жолындағы еңбектері үшін алғысын білдірді.

Маңызды мәселелер қозғалған форумда Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, кеңестің белсенді мүшесі Аида Абибуллаева сөз алып, республикалық жоба аясында отбасылық құндылықтарды жүзеге асыру, дәстүрлі қазақ тәрбиесі туралы ұсыныс-пікірлерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

«Ана мен бала саулығы – ұрпақ келешегінің кепілі» тақырыбы бойынша ауданаралық аурухананың Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ағила Мектепбаева, «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Гүлнар Есенжолова, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары» Арал ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ғалия Тоғысова сөз етті.

Форум аясында жеке кәсіпкер Айнұр Майқанованың ұлттық нақыштағы киім топтамасының көрсетілімі өтті.

Тағы да оқыңыз: