Аманжол Оңғарбаев: Биылғы қуаңшылық қайталанса жіберген қателіктің алдын алуға дайынбыз ба? – Kyzylorda News
Басты бет

Аманжол Оңғарбаев: Биылғы қуаңшылық қайталанса жіберген қателіктің алдын алуға дайынбыз ба?

14.12.2021, 15:20

446 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық мәслихаттың кезекті IX сессиясында облыстық мәслихат депутаты, «Nur otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Аманжол Оңғарбаев Арал ауданындағы құрғақшылық мәселесін көтерді.

«Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл Арал ауданында құрғақшылық орын алып, төтенше жағдай жарияланды. Жауын-шашынның болмауынан және Сырдария өзенінде су деңгейінің төмен болуына байланысты шөлдеген мал жағалауда пайда болған ұйықтарға батып, шықпаған шөптің ізін қуып, құм жеп, қаталап қырылды. Ресми деректер бойынша 600 бас. Одан бөлек алдағы қыста қолда қалған малын қайтсем аман алып қаламын деген жүздеген шаруа қожалықтар көршілес Ақтөбе облысының территориясына көшірілді. Елде қалған шаруашылықтар да мемлекетке қол жайып қарап отырмай жем-шөп азығын әзірлеп өз қамын жасады. Ал нарықта жем-шөп құнының бірнеше еселеп өскенін көріп отырмыз. Облыс әкімдігі төтенше жағдай аясында бюджет қаражатының шегінде Бұрмақұлақ учаскесін бөгеу, Дің, Бектау және Ералы каналдарын қазып-тазалау жұмыстарымен қатар, Мергенсай, Ақбасты, Сексеуіл және Аққұм ауылдарынан су ұңғымаларын қазу жұмыстарына тиісті қаржы бөлді. Атқарылған жұмыстар жоқ емес, алайда әлі де қолға алынуы тиіс көптеген мәселе көрініп тұр. Себебі алдағы жылы осы құрғақшылықтың жалғаспасына ешкім кепілдік бермейді. Егер биылғы қиындық қайталанса жіберген қателіктің алдын алуға дайынбыз ба?», – деді Аманжол Оңғарбаев.

Сонымен қатар депутат биылғы жылы аудан бойынша облыстық бюджетке ұсынылған 15 су ұңғымасының 4-еуі ғана қазылса, 8 каналдың 3-еуінің арнасы ұлғайтылғанын атап өтті.

Аманжол Сақыпұлының айтуынша, ендігі кезекте Арал ауданының қыр беткейіндегі су ұңғымаларын қолға алмаса, тіршілігін төрт түлікпен түлетіп отырған аудан тұрғындарының күн көрісіне облыстық әкімдік жәрдем береді дегенге күмәнмен қарайтынын айтты.

«Ауданда соңғы жаңалықтарда көріп жүргеніміздей, егін шаруашылығын дамыту қолға алынып жатыр. Бұл шаралар Бұрмақұлақ арнасын бөгеумен Аспай су ағытқысын іске қосудың нәтижесі деп білеміз. Алайда дариядан егіске су өз ағысымен бармағаннан кейін одан кетпенін ұстаған шаруа мол өнім алатынына тағы көз жеткізе алмай жалтақтайтыны сөзсіз. Сондықтан да облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы арқылы жасалған каналдарды тазалау мен су ұңғымаларын қазу жобаларын, бірауыздан тиісті қаржысын бөлу арқылы қолдауға шақырамын», – деді Аманжол Сақыпұлы.

Депутат қуаңшылық мәселесімен күресуде Қызылорда облыстық табиғи ресурстар басқармасы сырт қалғанын да атап өтті.

«Қуаңшылықпен күрес кезінде облыстық басқармадан осыдан 2 жыл бұрын ұсыныс берілген СНП10/500 су айдау насосынан басқа жәрдем берілмеген. Бір қызығы, бұл насостарды ұстап тұру шығындары бюджеттен қаралмаған. Сондай-ақ аталған насостарды қазіргі дариядағы су деңгейімен есептегенде пайдалану өте тиімсіз. Сондықтан қазіргі заманның талабына сай келетін, шаруаларға қолайлы жылжымалы насостар алған дұрыс деп санаймын», – деді Аманжол Оңғарбаев.

Депутаттың сессияда көтерген бұл мәселесі тек Арал ауданына ғана емес, сондай-ақ көрші аудандардың да басында бар мәселе екенін ескертті.

«Қазақта «Жұт жеті ағайынды» деген тәмсіл бар. Ертеңгі күн сан соғып өкінбес үшін, бүгіннен бастап арнайы кешенді жоспарды қолға алуымыз керек», – деді депутат.

0

Пікір қалдыру