Kyzylorda-news.kz. Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева Алматы маңында құлаған «Bek Air» ұшағының бортында өнер жұлдыздары болғанын хабарлады. Ол шоу-бизнестегі әріптестерімен таңертең әуежайда қауышып, кешке елордада концертте кездеспек болғанын Instagram парақшасында жазған.

Бүгін таңертең басқа әуе компаниясымен Нұр-Сұлтан қаласына ұшып кеткен әнші «Bek Air» ұшағына мінген шоу-бизнес өкілдерімен әуежайда қауышқанын айтады.

Өнер адамдары кешке елордадағы концертте кездесуге уәделескен.

А. Иманбаеваның айтуынша, актриса астанаға ұшу үшін дәл осы рейсті қарастырған. Алайда, бұл ұшаққа билет болмаған.

«Бір Алла жар болсын. Ажал айтып келмейді. Барша апатқа ұшыраған жандардың туғандарына қайғырып көңіл айтамын. Алла сабыр берсін. Ішінде біздің өнер адамдары да бар. Жаңа әуежайда кездесіп, кешке концертте кездесеміз деп қоштасып кетіп едік. Бүгін Алматыдан мен де ұштым астанаға. Билет таба алмай осы Бэк Эйрге де қарадым. Билет болмады. Көретін дәм-тұзым бар екен. Еліміз аман болсыншы. Бір-бірімізге жақсы тілек тілейікші. Сіздерді жақсы көремін, достар», – деп жазды Айгүл Иманбаева.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған «Bek Air» әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырағаны хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыз: