Kyzylorda-news.kz. Мемлекетаралық авиациялық комитет өткен жылдың соңында Алматы түбінде құлаған “Бек Эйр” ұшағының өздігінен жазатын құралындағы жазбаларды оқыды Sputnik Қазақстан.

“Комитеттің ғылыми-техникалық орталығында ұшақтың өздігінен жазатын құралындағы жазбалар оқылды. Барлық ақпарат тергеу комиссиясына берілді. Ақпараттың алдын ала сараптамасы оқиғаның хронологиясы мен апаттың негізгі нұсқасын анықтауға жағдай жасады”, – деп жазылған хабарламада.

Тергеуге әуе кемесі жасалған Нидерланд елінің кеңесшілері мен сенімді уәкілдері қатысып отыр.

Айта кетсек, бұған дейін ұшқыштар сөзінің жазбасына сүйеніп, премьер-министр орынбасары Роман Скляр апаттың негізгі себебін атаған болатын. Оның айтуынша, ұшақ сыртына мұздың қатып қалуы – негізгі себеп. Әуе кемесі тұрақта екі тәулік тұрған.

Өздігінен жазатын құралындағы жазбалар Нидерланд елінің сенімді уәкіліне берілді.

“Комиссия шешіміне сәйкес, ұшуды математикалық модельдеу жұмысы басталды. Ол әуе кемесінің апаттық ұшу кезіндегі аэродинамикалық сипаттамасын анықтауға жағдай жасайды. Экипаж әрекеті мен ұшақтың қозғалыс параметрлері зерттеледі”, – делінген хабарламада.

Модельдеу жұмысын мемлекетаралық авиациялық комитет сарапшылары Нидерланд, Қазақстан және EASA мамандарымен бірлесе жүргізеді.

Мемлекетаралық авиациялық комитеттің бас директоры Виктор Сороченко ұшақ апатының себебін тергеуге бір жылдан астам уақыт кететінін мәлімдеген болатын.

Тағы да оқыңыз: