Kyzylorda-news.kz. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат қалай жүргізілгенін баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғарылығы шектен тыс бюрократизм, қасақана әуре-сарсаңға салу, мемлекеттік мекемелердің жабықтығы мен күнделікті жұмыстағы айқындықтың жоқтығына тікелей байланысты екені белгілі. Ал ашықтық, айқындық және есептілік, тұтынушыға толық бағдарлану мен жоғары қызмет көрсетуге негізделген ақылды цифрландыру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп пен мінсіз-жүріс тұрыс үлгілерін сақтауы – азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімінің басты шарты», – деп жазды агенттік төрағасы Facebook парақшасында.

Алик Шпекбаев мемлекеттің 2020 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі міндеттерінің бірі қала, аудан, ауылдық әкімдіктерді сервистік үлгіге көшіру болғанын жазды.

«Біз бұл жұмысты мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тұтынушыға бағдарлануын арттыруға бағытталған республикалық «Адалдық алаңы» жобасы аясында іске асырдық. Бұл жобаның Елбасының бастамасымен қолға алынғанын және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Президенттің қолдауына ие болғанын атап өткен жөн. Антикордың, барлық деңгейдегі әкімдіктер мен жұртшылықтың үйлесімді жұмысының арқасында 317 әкімдік сервистік форматқа көшті. Бұл – облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар 100 пайыз қамтылды деген сөз. Сіз «бұл азаматтарға не береді?» деп сұрауыңыз мүмкін. Біріншіден, 900 тосқауылсыз фронт-кеңсе жоғары сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді жедел түрде көрсетіп қана қоймай, азаматтарға көптеген мәселесі бойынша қарапайым және қолжетімді түрде кеңес беруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл шара қызметтік қабаттар мен кабинеттерді араламай, бір жерден көмек алу мүмкіндігін жасап, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар арасындағы алшақтықты айтарлықтай азайтады», – деді ол.

Агенттік басшысы сонымен қатар мемлекеттік білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің 5 мыңнан астам бірінші басшысы өздерінің ыңғайлы кеңселерінен шығып, бірінші қабаттағы «әйнек кабинеттерде» жұмыс істеуге көшкенін жеткізді.

«Үшіншіден, 1400-ден астам мемлекеттік мекемеге енгізілген open space форматындағы қызметтік кеңістік дизайны мемлекеттік қызметшілерде ашықтық пен айқындық күнделікті жұмыс стандартына айналатын жаңа әдеттерді қалыптастыра бастады. Тұрмыстық жемқорлықты жою тұрғысынан мемлекеттік қызметтерді үдемелі цифрландыруды да атап өту маңызды. Оның деңгейі – қазірдің өзінде 93%. Демек, бұл осы саладағы тұрмыстық жемқорлықтың барынша төмендетілгенін көрсетеді. Оған халыққа 1 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен сервистік әкімдіктердегі «connection points» деп аталатын цифрлық өзіне-өзі қызмет ету бұрыштары айтарлықтай үлес қосуда», – деді ол.

Алик Шпекбаев жазба соңында мемлекеттік органдардың жұмысын ашықтық, қолжетімділік, айқындық және есептілік призмасы арқылы өзгерту жалғаса беретінін хабарлады.

«Біздің міндетіміз – осы стандарттарды бүкіл ел аумағына енгізу», – дейді ол.

Тағы да оқыңыз: