Kyzylorda-news.kz. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды ісі бойынша тергеушісі Данияр Бегайдаров төрт жыл бойы айыппұлдарды заңсыз өшіріп келген полицейлердің ісі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жергілікті полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі аяқтады. Тергеу көрсеткендей, полиция қызметкерлері 2016 жылдан бастап, бұрын сотты болған азаматты делдал ретінде тарту арқылы ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысын үйлестіріп отырған. Олар 2020 жылы әшкере болғанға дейін бұл әрекеттерін жалғастырып келген. Осылайша ұйымдасқан өкілдері лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып, жол қозғалысы ережелерін бұзуға байланысты туындаған азаматтардың әкімшілік айыппұлдарын есептен шығарып отырған» – деді аса маңызды істер жөніндегі тергеуші.

Оның мәліметінше, аталған қылмыстық әрекеттерден мемлекетке 247 млн теңгеден астам аса шығын келген.

«Қазіргі уақытта айыпталушылар тиісті бұлтартпау шаралары қабылданып, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына берілді. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды», – деді Данияр Бегайдаров.

Тағы да оқыңыз: