Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алты Алаштың анасы» деп бағалаған алтын құрсақ Сыр өңірінің айнасы «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» қоғамдық-саяси газеттері үшін биыл ерекше мерейлі жыл. Облыстың аға басылымдары 90 жылдық мәртебелі белеске шығып отыр.
Облысымыздағы күллі қалам ұстағандардың ұстаханасы мен қарашаңырағы болған қос газеттің бұл мерейтойы – баршамызға ортақ, құшақ жая қарсы алатын жарқын мереке екендігі сөзсіз.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, Қызылорда облысының айнымас темірқазығына айналған, ғасырға жуық тарихы бар облыстық қос басылым осынау 90 жылдың ішінде Сыр елінің игілігі үшін қызмет етіп, қоғамдық пікір мен оқырман көзқарасын қалыптастырып, билік пен халық арасында алтын көпір.
Алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда қаласында жарық көрген «Сыр бойы» газеті әдепкіде партия, кеңес комитеттерінің және кәсіпкерлер бюросының органы саналған.
1932 жылдың қаңтарында газет атауы «Ленин туы» болып өзгертілді. 1938 жылы облыс құрылғаннан кейін 22 наурыздан бастап облыстық «Ленин жолы» газеті деп аталды.
1939 жылдар «Ленин жолының» жаңа кезеңге аяқ басу сәті саналады. Жоғары білімді қаламгерлердің қызметке келіп, шабытын шыңдай түсуі, басылымға өзіндік серпін әкелді. Жылдан жылға беделі артып, оқырманның рухани олжасын толықтырды. Ал, Ұлы Отан соғысы жылдарында «Барлығы да майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін!» деген жалпыхалықтық ұранға бұл ұжымның қосқан үлесі аз емес «Қала проблемасы» айдары орталықтың ойсыраған мәселелерін нысанаға алды. Редакцияның шығармашылық құрамы нығайды. Газет өзінің бұрынғы таралымын одан әрі ұлғайтып, 1987 жылы 53 мың дана болды. Газетте жаңа толқын қалыптасты.
Сексенінші жылдардың соңында Кеңес Одағының сетіней бастағаны мәлім. Талай жыл Одақтың қарарларын басып, әбден мезі болған мемлекеттік басылымдар да енді еркіндікке қол жеткізе бастады. Осындай өзгерістер тұсында, мәселен, 1989 жылы газет 65450 данамен тараған екен.
1991 жылы ел Тәуелсіздікке қол жеткізді. Егемендікпен бірге газет өзінің байырғы «Сыр бойы» атауын қайта иеленді. Жаңа қоғамның қалыптасу кезеңінде басылым бетінен жарқын жаңалықтарға көп орын беріліп, ұжым үлкен белсенділікпен тәуелсіздігіміздің нығаюына қызмет етті.
Ал, «Кызылординсике вести» газетінің тарихы 1930 жылдың 1 қаңтарынан бастау алады. Дәл осы күні Қызылорда қаласында «Ленинский путь» газетінің бірінші саны жарық көрді.
Бұл басылым да алғашқыда партия, кеңес және округтік комитеттердің ресми органы саналды.
Округтік комитеттің «Ленинский путь» газетінің жарыққа шығуы Қызылорда округтік комитеті партиясының бірінші хатшысы, қоғам және мемлекет қайраткері Абдолла Розыбакиевтің идеясымен жүзеге асты.
Басылымның алғашқы редакторы болып В. Клопотюк тағайындалды.
Бұл газет өз тарихында бірнеше рет жабылып, қайта ашылуымен оқырмандардың ерекше есінде қалды. Басылым алғашқы рет 1930 жылдың 15 қыркүйегінде округтердің жойылып, жаңа аудандық бөліністің пайда болуымен жабылған.
Екі жылдық үзілістен соң, 1932 жылдың 23 қазанында «Ленинский путь» газетін қайта жарыққа шығару туралы шешім қабылданады. Басылым сол уақытта не бары 250-300 данамен ғана жарыққа шығады.
1933 жылдың 2 ақпанында облыстық екі газетті ұстап тұруға қаржының жеткіліксіздігіне байланысты орыс тілді басылымды жабу туралы бұйрық шығады.
1938 жылы жаңадан құрылған облыс орталығының әкімшілігі Қызылорда қаласы болып бекітілуіне байланысты, облыстық комитеттің бюросы екі тілде газет шығаруды қолға алады. Қазақ тілінде бұрыннан жарық көріп келе жатқан «Ленин туы» газетінің атауы «Ленин жолы» болып өзгертіледі де, ал, орыс тілінде бұрын жабылып қалған «Ленинский путь» газеті қайтадан ашылады. 1964 жылы республикадағы әкімшілік-территориялық өзгерістерге байланысты газет уақытша жабылып, 1965 жылдың 2 наурызында қайта ашылған. Осы күні газеттің таралымы 13000 данамен таралып, «Путь Ленина» деген жаңа атаумен жарық көрді.
1975 жылы 3 маусымда газеттің 10 мыңыншы данасы жарыққа шықты. Басылым сол жылы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Ал, 1980 жылдың 22 қаңтарында газеттің жарық көргеніне 50 жыл толуына орай КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының Жарлығымен «Путь Ленина» газеті «Құрмет белгісі» («Знак Почета») орденімен наградталды. Басылымды аталған орденмен марапаттау туралы Жарлыққа Президиум төрағасы Л. Брежнев, хатшысы М. Георгадзе қол қойған. Газеттің таралымы сол жылдары 18000 данаға дейін жеткен.
1991 жылы Қазақ елі қол жеткізген тәуелсіздікпен бірге, «Путь Ленина» газеті де еркіндікке қол жеткізіп, құлашын кеңге сермеп, жаңаша тыныстай бастады. Сол жылдың күзінде басылым атауы «Кызылординсике вести» болып өзгерді.
Топырағы киелі Сыр өңірінде ұлттың ұстыны болған талай тұлғаның туғаны мәлім. Соның ішінде қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған Әуелбек Қоңыратбаев, Асқар Тоқмағанбетов, Абдолла Құрманаев секілді сөз зергерлерінің «Сыр бойы» газетінің ұстаханасынан шыққанын атап өткен ләзім.
Әр жылдарда қос басылымда еңбек еткен, оған басшылық жасаған қазақ журналистикасының майталмандары газет тарихында өзіндік ізін қалдырды. Атап айтқанда, М.Сәтбаев, З.Жарқынбаев, Ж.Құлымбетов, Ә.Оңалбаев, М.Киікбаев, Ж.Шакенов. С.Алдабергенов, С.Сейтенов, Қ.Бөршиев, А.Қойшыбаев, Н.Есімова, М.Қарақонақова, З. Өмірбеков, Ж.Жаңабергенов, Ж.Ахметов, О.Нұрқабаев, М.Исаев, Қ.Ажаров, Ш.Ералиев, Ш.Қайырбеков, Н.Уәлиев, Н.Оспанов, М.Сәрсенов, С.Есмаханов, А.Ержан, З.Сахиев, Д.Сапаров, Ә.Айдаров, Қ.Бәкіров, Ұ.Бағаев қос басылымға айрықша еңбек сіңірді.
Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдарында қос редакцияда қызмет атқарған біршама журналистер қаламын қаруға айырбастап, майданға аттанған. Д.Тасекеев, А.Нұрекеев, Б.Әлменов, Ә.Жанұзақов, Қ.Алдоңғаровтар сұрапыл соғыстан абыроймен елге оралса, К.Шоматов, Ә.Аманбаев, Ә.Қарқынбаев секілді журналистер Отан үшін кеудесін оққа төседі.
Бертін келе, Қомшабай Сүйеніш, Адырбек Сопыбеков, Шәкірат Дәрмағанбетов, Рашид Жарылқасынов, Қайырбек Мырзахметұлы, Айжарық Сәдібекұлы, Рысты Бекбергенова, Әскербек Рахымбекұлы, Болат Омарәлиев, Серік Пірназар, Жұматәли Әбдіраман секілді қабырғалы қаламгерлер белсене еңбек етті.
Осындай шоқтығы биік аға ұрпақтың арқасында аталған қос газет еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдарға айналды.
Міне, бүгінде есімдері Сыр елі журналистикасының мақтанышына айналған осындай аға-апалардың тағылымды тәлімі мен тәрбиесін көрген, батасын алған бүгінгі жұдырықтай жұмылған жоғары кәсіби қос басылымның ұжымы талғамы биік оқырман сұранысын қанағаттандырып, сапалы дүниелерімен сусындатып келеді.
Газеттің бүгінгі құрамындағы Қуат Шарабидинов, Қазыбек Ботаев, Ыдырыс Тәжіұлы, Жолдасбек Ақсақалов, Игорь Корнилов, Игорь Титенок, Дүйсенбек Аяшұлы, Ғазиза Әбілда, Дәуіржан Елубаев, Гүлжазира Жалғасова, Серік Бижанов секілді журналистердің шығармалары да жұртшылыққа жақсы таныс. Ұлтымыздың әдебиетіне осындай талантты топты қосқан облыстық газеттердің саны көп емес.
Осы тұрғыдан алғанда, Сыр өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Сыр бойы» мен «Кызылординсике вести» газеттері зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты.
Қос басылымның ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келеді. Соның нәтижесінде жыл сайын оқырмандар қатары көбейе түсуде. Осы орайда, бүгінде серіктестік газеттерінің 100 мыңға жуық оқырманы бар екенін атап өтсем деймін.
Осы тұста қос басылымның 2010 жылы құрылған «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына енгеннен бастап өміріне көптеген өзгерістер енгенін атап өткен жөн.
Баршаңызға белгілі, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Қызылорда облысының басты ақпарат көзіне айналған 3 облыстық, 1 қалалық, 7 аудандық басылымдарды бір шаңырақ астына біріктірген және өз өнімдерін өзі басып, оны барлық аудандар мен елді мекендерге таратып отырған облысымыздағы жалғыз медиахолдинг.
Серіктестік алғашқы құрылған 2010 жылы не бары 85 ғана штат бірлігі бар болатын. Ал, бүгінде медиахолдингте 600-ге жуық адам еңбек етеді.
Бүгінгі таңда серіктестік құрамында аудандық, қалалық, облыстық 11 басылым мен баспаханадан бөлек, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі, «Рухани жаңғыру» орталығы бар ірі құрылымға айналды.
2013 жылдың соңында сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей қолдауымен «Сыр медиа» ЖШС жаңадан салынған Шығармашылық үйіне орналасты. Шығармашылық үйіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың есімі берілді.
Облыстың аға басылымдары жаңа ғимаратқа қоныс тепкелі қос газеттің тынысы кеңейгенін айта кеткен абзал.
Осы өзгерістерге орай серіктестік жұмысының ауқымы кеңейіп, мүмкіндігі артты. Облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» газеттерін, қалалық «Ақмешіт апталығы» және жеті аудандық басылымды А-2 үлкен форматта, түрлі-түсті бояумен шығару еліміз бойынша жалғыз тек біздің серіктестікте ғана жүзеге асып келеді.
Серіктестік құрылғалы медиахолдингтегі барлық басылым редакциясының техникалық базасы жаңа заманға сай соңғы үлгідегі барлық қажетті техникалық құрал-жабдықтармен жаңаланды. Бүгінде серіктестіктегі барлық басылымдар мен бөлімдер қызметтік көлікпен қамтамасыз етілді.
Жасыратыны жоқ, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры, осыған орай, қазір кез келген ақпараттың жылдам тарайтын заманы. Еліміздегі көптеген ақпарат агенттіктері жаңалықтар мен хабарларды, ақпараттарды бірінші болып беруге тырысады. Себебі, ақпараттық кеңістіктегі бәсекелестік пен рейтинг осыған мәжбүрлейді.
Қазіргі таңда әлемдік БАҚ жаппай ғаламторға көшті. Еркін ойдың аймағы саналатын интернет әлемі дәстүрлі БАҚ-тың нағыз бәсекелесіне айналды. Елімізде ғаламторды пайдаланушылар саны жыл сайын көбейіп, дәстүрлі ақпарат құралдарындағы тұтынушылардың көпшілігі жаңа медианың жаңалығына мойын бұрғаны жасырын емес.
Қазіргі таңда «Сыр медиа» серіктестігінің басшылығы сайт жұмысына ерекше көңіл бөліп отырғандығы да сондықтан.
Осы себепті, медиахолдингке қарасты басылымдардың сайттары мен «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі саннан сапаға көшуді қолға алды.
Жаңа медиаға бетбұрыс барысында «Сыр медиа» қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Алматы, Нұр-Сұлтан, Мәскеу қалаларында өткен медиа форумдарға, ірі медиа кәсіпорындарға іссапарлар ұйымдастырылғанын ерекше атап өтуіміз қажет. Әсіресе, серіктестікке қарасты аудандық, қалалық, облыстық басылымдардың қызметкерлері үшін Мәскеу қаласына ұйымдастырылған сапарда Орта Азияда бойынша ақпарат таратуда алдыңғы қатарда тұрған, азуын айға білеген ақпарат агенттіктерінің жұмысымен етене танысуы – жаңа медиа саласында біліктілік арттыруға ерекше серпін бергенін айта кеткеніміз жөн.
Сондай-ақ, серіктестіктің барлық басылымдары жаңа медианың соны жаңалықтарының бірі – интернетте ақпарат берудің тың және жаңа формасы ретінде қарастырылатын мультимедиялық лонгридті меңгеруді қолға алды. Лонгридтің басты ерекшелігі – әртүрлі мультимедиялық элементтерді, атап айтқанда, фото, бейнежазба, инфографика, таблица, диаграмма, қанатты сөздерді пайдалана отырып, ұзақ мәтін жазуда. Бұл негізінен электронды басылымдарға негізделген формат. Қос басылымның жеке веб-сайттары да Ыбырай Алтынсарин айтқан «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» заманды әйгілеп отыр. Мәселен, аталған қос газеттің сайтында күн сайын жедел әрі өзекті, тың ақпараттар жарияланып отырады. Осы себепті, күнделікті газет нөмірлерінен бөлек, бүгінде қос басылым сайттарының өзіндік он мыңдаған оқырмандары бар, аудиториясы қалыптасқан.
Бір ғана мысал, қазан айында «Сыр бойы» газетінің сайтында 935 материал жарияланған. Оның 707 – жергілікті, 207 – республикалық, 21 – әлемдік ақпарат. Сайтқа кірушілер мен қаралым саны бойынша «Сыр бойының» көрсеткіші серіктестікке қарасты барлық сайттардан жоғары. Осы қазан айында сайтқа кірушілер саны – 70 549 адам, қаралым саны – 137 728 болды. Апта сайын 10 мыңнан аса оқырман «Сыр бойының» сайтынан жаңалық көреді, керегін іздейді.
Ал, «Кызылординские вести» газетінің сайтында қазан айында 975 материал жарық көрген. Оның 752 – жергілікті, 148 – республикалық, 75 – әлемдік ақпарат. «Кызылординские вестидің» сайтына кірушілердің саны бір айда 71 615 оқырманды құраса, қаралым саны 136 242 құраған.
Сондай-ақ, осы жақында ғана «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің жаңа дизайны жасалды. Кезінде облысымызда тұңғыш интернет газеті болып ашылған аталған сайт бүгінде ауқымы кең ақпарат агенттігіне айналды. Қызылорда облысының жаңалықтарын немесе өңірге қатысты ақпараттарды іздеген оқырман бірінші болып жүгінетін «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігіне барлық соңғы мүмкіндіктер қамтылған заманауи жаңа дизан жаңаша леп әкеліп, бүгінде оқырмандар көңілінен шығып отыр.
Осы «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінде тың медиажоба – аудиоподкаст бөлімі іске қосылды. Енді бұдан әрі агенттіктің оқырмандары «ақылды радио» жанрында ақпараттық, сараптамалық, мәдени-ағартушылық және авторлық жобалармен таныса алады.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның қатысушыларына түсінікті болуы үшін кеңірек тоқтала өтейік, подкаст – бұл тренд емес, бұл БАҚ дамуының қажеттілігі.
Оның радиобағдарламалардан өзгешелігі, нақты өзіне тән тақырыбы бар аудиоблогтар.
2019 жылы 2018 жылға қарағанда подкаст тыңдаушылардың саны әлем бойынша 4 есеге өскен.
Подкаст тыңдаушы елдердің бірі – Оңтүстік Корея, онда халықтың 58%-ы подкаст тыңдайды. АҚШ-тың әрбір үшінші тұрғыны подкастерлерге жазылған. Канада аудиториясының 43%-ы подкастты YouTube арнасында тыңдайды. Ресейде көбіне спорт және әдебиет тақырыбындағы подкасттар тыңдалады.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда Қазақстанда подкаст тыңдаушылардың көрсеткіші туралы нақты ақпарат жоқ.
Подкастинг – серіктестікке қарасты басылым сайттарының қолданыс құралдарын кеңейтетін, оның жанрлық құрамын жаңартып, сайттың жаңа оқырмандары мен тыңдармандарының көбеюіне мүмкіндік береді.
Подкасттың басты ерекшелігі – онда материалдар дыбыстық форматта беріледі. Цифрлық технология заманында уақытты үнемдеу деген өте маңызды. Адамдар өздерінің алтын уақытын жаңалықтарды оқып отыруға бөлгілері келмейді. Сондықтан да, оларды мобильді құрылғыға жүктеп алып, кез келген ыңғайлы жерде тыңдауға болады.
Ерекше атап өтерлігі – агенттіктің аудиоподкасттары серіктестікте осыдан 2 жыл бұрын ашылған «Сыр медиа» радиостудиясында» жазылады.
Қазір оқырман көңілінен шығу оңай емес. Ресми басылымдар болғандықтан, серіктестік басылымдарының сайттарында бәзбіреулер секілді сенсацияға, жеңіл-желпі жылт етпе дүниелерге үйір болу бізге жат. Десек те, барлық басылымдардың электронды сайттары аз ғана уақыттың ішінде өз аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Медиахолдингтегі барлық сайттарда ешкімде қайталанбайтын өз өнімдері мен фоторепортаждар, бейнежазбалар беру жолға қойылды. Барлық әлеуметтік желілерде оқырмандармен байланыс тұрақты жүзеге асырылып келеді.
Бір сөзбен айтқанда, серіктестік сайттары заман талабына сай дамып, бәскелестік ортада өз орнын тапқан.
Серіктестіктің тағы бір үлкен жетістігі болып саналатын «Сыр медиа» академиясы – бүгінде тек серіктестіктің ғана емес, облысымыздағы барлық журналистерге білімін шыңдауға, біліктілігін арттыруға және заманауи трендтермен танысуға мүмкіндік беретін оқу алаңына айналды.
«Сыр медиа академиясында» Сыр өңіріндегі және еліміздегі журналистика саласының майталмандары салалық тақырыптар бойынша өз тәжірибелерімен бөлісуде.
Қазақтілді басылым қызметкерлерінің білімін арттырып, салалық журналистикаға бейімдеу, сондай-ақ өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасу алаңына айналған «Сыр медиа» академиясының семинар, лекция, дөңгелек үстел сияқты түрлі форматта өтетін сабақтарында қазақ журналистикасының көрнекті тұлғалары мен заманауи медианың қыр-сырын меңгерген білікті мамандар серіктестік қызметкерлерінің кәсіби тұрғыдан шыңдалуына үлес қосып келеді.
Тоқсан жыл – газет өміріндегі елеулі белес. Ол – толысқан, қалыптасқан Сыр елі баспасөзінің қарашаңырағы. Осынау жылдарда газетпен бірге болған барша оқырманға ризашылығымызды білдіреміз. Іргеміз ажырамасын, облыстық бас газеттердің ғасырлық тойы құтты болсын!
Аманжол Оңғарбаев,
«Сыр медиа» ЖШС бас директоры
