Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкім Гүлшара Әбдіқалықова Сыр жұртшылығын Дала Академигі, ақ күріштің атасы, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі жылымен қатар келген Дала Академигі, ақ күріштің атасы, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы баршаңызға құтты болсын!
Даңғайыр диқан, әлемдік рекордтың иесі Ыбырай Жақаев әлемге қазақтың еңбекте де ересен зор табысқа жете алатын жұрт екенін дәлелдеп кетті. Туған жер төсіне қайың кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын жазып қалдырды.
Жыл басынан бергі мерейтойға арналған шараларды қорытындылау есебінде «Қазақстанның күріш шаруашылығын дамыту перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік.
Конференцияға Ресей Федерациясынан келген ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы М.А.Ладатко мен Өзбекстан Республикасынан келген ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Е.П.Садықов күріш өндірісіне байланысты өз тәжірибелерімен бөлісіп, мамандарымыздың қызығушылығын тудырды.
Сондай-ақ, ел, өңір ғалымдарының баяндамаларында айтылған Қызылорда облысына қатысты өзекті мәселелер, тың ойлар мен құнды пікірлердің барлығы Сыр өңірінің одан әрі дамуына, алға қарай қарқынды ілгерілеуіне үлес қоса беретініне сенемін.
Дала академигі, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамыздың ең алдымен еңбек, содан соң еңбек, тағы да еңбек деген сөзі жалпыға бірдей еңбек қоғамын қалыптастыруда, жас ұрпақты еңбекке баулуда ең басты тәрбие бола берері сөзсіз.
Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың өнегелі өмірі, еңбекқорлығы мен қажырлы қайраткерлігі, жарқын бейнесі халқының есінде мәңгі сақталады.