Ағылшын тілі деңгейін көтеру: күніне 15 минут – Kyzylorda News
Басты бет

Ағылшын тілі деңгейін көтеру: күніне 15 минут

04.12.2021, 14:00

438 0

Kyzylorda-news.kz. Кезекте не кептелісте, метро не автобуста тұрған уақытта ағылшын тілі деңгейіңізді көтеріп алуға жұмсасаңыз пайдалырақ болары сөзсіз. Күніне 15 минут әдісін 21 күн қолданып, әдетке айналдырып көріңіз. Сіздерге сол 15 минутта не істеуге болатынын назарларыңызға ұсынамыз. Let’s go!

1-әдіс. Жаңа сөздерді жаттау/бекіту

Жаңа киім алдыңыз делік. Бірақ кимесеңіз не басқа киімдеріңізбен әдемі сәйкестіріп кие алмасаңыз, бекер сатып алғаныңыз емес пе? Жаңа тіл меңгерудегі сөз жаттау техникасында да – осы мәселедегідей. Жаңа сөз жаттап, оны сөздік қорыңыздағы сөздермен байланыстырмасаңыз, еш пайдасы болмайды. Сондықтан, кез келген сөзді игілігіңізге қолданыңыз.

Мәселен, polite (сыпайы) сөзін жаттадыңыз делік. «My friend is too polite. She apologizes 20 times a day» (Менің құрбым тым сыпайы. Ол күніне 20 рет кешірім сұрайды). Сондай құрбыңыз не танысыңыз болса, осы сөзді сол құрбыңызды елестетіп жаттаңыз.

2-әдіс. Әлеуметтік желіні тиімді пайдалану

Әлжеліде оқығанды ұнатсаңыз, twitter-ді қолданыңыз. Егер тыңдап, көрген ұнаса, TikTok не Reels-қа жүгініңіз. 

Ағылшын тілін меңгеруге арналған қор өте көп. Басқа көңіл аулайтын дүниелерге бұрылып кетпеу үшін алдын ала өзіңізге не керегін анықтап жазып алыңыз, дайындалыңыз. Мәселен ағылшын тілі ана тілі боп есептелетін адам тауып алып, сөйлессеңіз, өте керемет. Оған ағылшын тілінде пікір қалдырып отырыңыз, басқа пікірлерді оқыңыз.

3-әдіс. Ағылшынша жазба не пікір жазыңыз

Жұлдыздардың жазбасына не Youtube-тегі видео астына ағылшынша пікір қалдырыңыз. «So cute»-пен шектелмеңіз. Ойыңыз бен әсеріңізді ашып жазыңыз. Егер ұялсаңыз, тек ағылшынша жазысып, сөйлесетіп жаңа аккаунт ашыңыз.

Тіпті, оқыған кітап, көрген фильм/сериалдарыңызға, сатып алған заттарыңызға ағылшынша пікір жазыңыз. Көмектеседі. 

4-әдіс. Сөйлесіңіз

Полиглот не ағылшын тілін білетін досыңыз болса, кофеге не шайға (үйге қонаққа) шақырыңыз. «Ешқандай сыйлық керек емес, тек ағылшынша сөйлесейік!» деңіз. Аптасына 1 рет кейін 2 рет ұйымдастырып тұрыңыз. 

Болмаса, интернетте сөйлесетін клубтар бар. Сондай клубтарға тіркеліп, тегін сөйлесіп отырыңыз. Сіз секілді ағылшын тілінде сөйлегісі келетіндер өте көп. 

5-әдіс. Грамматиканы қайталаңыз

Ағылшын тіліндегі грамматиканы бірден бойға/ойға сіңіру оңай емес, жиі қайталап отыру керек, практика жүзінде тиімдірек. Ережелерді еске түсіріңіз, сөйлем құраңыз, оқиғаны баяндап берсеңіз, тіптен жақсы.

Көрінбейтін досыңызға өміріңізде болған жағдайды ағылшынға айтып беріңіз, телефоннан диктафон қосып қойсаңыз, кейін тыңдап қателеріңізді ескеріп отырыңыз. Немесе wish сөзін пайдаланып күніңіздің қалай өткенін айтыңыз, «I wish I did not have to get up so early every morning» (Күнде ерте тұрғым келмейді). Болмаса, модальды еістіктерді қайталау үшін көрінбейтін ассистентіңізге жасау керек қызметтерді тапсырып жатқандай сөйлесеңіз.

6-әдіс. Сүйікті әніңізді талдаңыз

Әндер – бір уақытта көптеген қағиданы еске түсіруге жақсы көмектесетін әдіс. Алдымен әуенді тыңдаңыз, түсінбеген тұсты белгілеп алыңыз. Кейін қайта тыңдаңыз. Білмеген сөзіңізді сөздіктен көріңіз. Мәтіннің аудармасын тексеріңіз, сіз түсінген мағынада жазылған ба? Солай болса, құттықтаймыз! Білмеген сөздерді жазып отыңырыз.

Көмектесті ме?

You are welcome!

massaget.kz

0

Пікір қалдыру