Kyzylorda-news.kz.   Әнұран – ел бірлігі мен мемлекет тұтастығының айғағы. Себебі, ел ішіндегі саяси маңызды жиындарда, мемлекетаралық ресми іс-шараларда, сондай-ақ, әлемдік спорт  сайыстарында міндетті түрде орындалады. Айта кетейік, біз қазір әнұран орындағанда оң қолымызды жүрек тұсымызға қоямыз, бұл «Отаным – мәңгі жүрегімде» деген терең ұғымды білдіреді.

Биыл Тәуелсіздігімізге 32 жыл болса, осы уақыт аралығында Әнұран екі мәрте өзгерген. Алғашқысында ел егемендігі ресми жарияланғаннан кейін бір жылдан соң, 1992 жылы бекітілсе, ал екінші рет 2006 жылы жаңа  нұсқасы қабылданды.
Алғашқысы қалай жазылған десек, сол 1992 жылы Қазақстан Республикасы Әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданады. Оны жазған белгілі композиторлар М.Төлебаев, Е.Брусиловский және Л.Хамиди болатын. Ал, үздік мәтінге жарияланған байқауда М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Дәрібаева сынды ақындар жазған мәтін таңдауға ие болған еді. Бұл гимннің мәтіні былай басталады:

– Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз.
Еркіндік қыраны шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты — халықта,
Халықтың қуаты — бірлікте!

Арада он үш жыл өткенде, яғни, 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданды. Бұл жолы халықтың арасында кең танымал композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні таңдап алынды. Әннің сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған. Сол кездегі Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Менің Қазақстаным» әніне жоғары мәртебе беруге шешім қабылдап, туындының бастапқы мәтініне өз тарапынан өзгерту енгізді. Әуел бастан-ақ халқымыздың жүрек түкпірінен орын алған айрықша әсерлі, рухты ән Әнұранға айналғанда айбыны артып, асқақтай түсті.

Ел Тәуелсіздігі туралы сөз қозғағанда,  1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске алмау мүмкін емес. Осы оқиға кезінде «Менің Қазақстаным» әні қазақ жастарының кеудесіндегі отаншылдық сезімді оттай лаулатқан еді.

Енді «Менің Қазақстаным» әні қалай туған, осы жайындағы деректерге назар салайық. Ел ішінде айтылып жүрген естеліктерге сүйенсек, аңыз композитор Шәмші ағамыз бұл әнді 1950 жылдардың ортасында жазыпты. Осынау отаншылдық сезімге толы шығарманың жазылуына сол уақыттағы кеңестік үкіметтің одағай шешімі, өктем саясаты  себеп болған екен.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары қарқынды жүргені белгілі. Алайда оның астарында отаршыл өкіметтің астыртын саясаты жатқанын аңғару қиын емес еді. Айталық, КСРО-ның арнайы қабылдаған шешіміне орай жұмыс күші деген желеумен қазақ жеріне қоныс аударушылар қарқыны үдей түскен. Бір сөзбен айтқанда, тың игеру саясатының түп-төркіні қазақ жерінің солтүстік облыстарын Ресейге қосу болатын. «Менің Қазақстаным» әні – тап осы кезде жазылған шығарма.

Композитор Ш.Қалдаяқов бұл әннің шығуы туралы былайша ой бөліскен екен: «Ол тұс – Ақмоланы Целиноград атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын Әнұран қажеттігін сездім. «Менің Қазақстаным» әні осылай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді» деген екен әйгілі композитор.

– Менің елім,
Менің жерім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің – Қазақстаным! Бұл – бүгінгі біз шырқап жүрген Әнұранның қайырмасы. Жалпы осынау өршіл туындының өн бойында ақынның жүрек соғысы мен композитордың сезім толқыны астасып тұр. Сондықтан болар, оны орындаған сәтте жүрек соғысың жиілеп, кеудеңді рухты күй тербейді.
 

Тағы да оқыңыз: