Kyzylorda-news.kz. Соңғы уақытта барлық сала секілді полиция қызметі де қарбаласқа толы. Дүниежүзін дүрбелеңге салған пандемия біздің елімізге де елеулі салқынын тигізді. Қатерлі індеттен сақтану мақсатында еліміздің ірі қалалары, барлық елдімекендерде блокпостар қойылды. Ол орындарда құзырлы сала мамандары тәулік бойына тынымсыз қызмет атқарып, халықтың саулығын сақтау жолында тынымсыз еңбек етті. Солардың қатарында Қызылорда облысы Жалағаш ауданында жол полициясы әкімшілік практика тобының мемлекеттік инспекторы қызметін атқаратын әл-Фараби Тен бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазалы ауданында 1992 жылы дүниеге келген ол 2017 жылдан бері Жалағаш ауданында полиция қызметінде еңбек жолын бастады. Содан бері жауапты қызметте жемісті еңбек етіп келеді. Елдің іші болғаннан кейін түрлі жол-көлік оқиғасы кездеседі. Сондай сәттерде ол мәселенің анық-қанығын нақтылау мақсатында өз міндетін атқарады.

«Біздің қызметіміз оңай емес. Кейде жол-көлік оқиғасының неден болғанын анықтау қиынға соғады. Нәтижесінде оқиғаға кінәлі адамды анықтаймыз. Оларға тиісті шаралар қолданамыз. Полицияның негізгі міндеттеріне осылайша зор жауапкершілікпен қараймыз. Мен бұл саланы бекер таңдаған жоқпын. Жауапкершілігі зор мамандық екенін де білемін. Бала кезімнен полиция қызметіне қызыға қарайтын едім. Қазір өзім де сол жұмыстың ортасында жүрмін. Мақсатым – полиция қызметінде тиісті міндеттерімді абыроймен орындап, қызметте зор табыстарға жету. Мен бұрын спортпен айналыстым. Таэквондодан түрлі жарыстарға қатыстым. Қара белбеу иегері атандым», – дейді ол.

Әл-Фарабидің ата-анасы – қарапайым жандар. Әкесі – Александр Қазалы ауданында алдымен мәдениет саласында қызмет атқарған. Музыкалық аспаптың барлық түрін меңгерген. Ұлты – корей болса да қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы меңгерді. Кейіннен аудандық ауруханада механик болып еңбек етті. 2012 жылы дүниеден озды.
Анасы – Тамараның ұлты қазақ, ауданда мемлекеттік сақтандыру инспекциясында қызмет атқарып, бүгінде зейнет демалысына шықты.

«Ата-анамыз бізге өнегелі тәрбие берді. Отбасында төрт перзент тәрбиеледі. Кейбіріміздің есімімізді қазақша қойды. Біздің үйде менен басқа Ирина, Айнұр есімді екі қыз және Радик есімді бауырым бар. Әкемнің ақылымен біз ислам дінін қабылдадық», – деді ол.

Ол карантин кезінде блокпоста жұмыстың оңай болмағанын айтады. Бұл әлемді жайлаған қатерлі індеттің алдын алу бағытында жасалған үлкен жұмыс деп санайды.

«Бұл оң шешім болды деп санаймын. Соның нәтижесінде еліміз нақты нәтижеге қол жеткізді. Ол індеттің бетін қайтаруға зор септігін тигізді. Иә, індет әлем жұртшылығын әлі де ойландырып тұр. Оған селсоқ қарауға әсте болмайды. Барлық азаматтардан қауіпсіздік шараларын сақтауын сұраймын», – деді ол.

Тағы да оқыңыз: