Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылдағы дәстүрге сай ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялады. Жолдауда еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары қамтылды.

Осы саяси құжатта Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы мақсатқа жетудің тиімді жолын бірлесе айқындауымызға бағытталған, әлемдік қиындықтарды болжап қана қоймай, ықтимал өзгерістерден де мемлекет үшін қажетті мүмкіндіктерді қарастырған міндеттерді белгілеп бергендігіне баршамыз куә болдық.

Соның ішінде мен Жолдауда аталып өткен бірнеше маңызды мән-жайларға дұрыс бағдар берілгенін әрі бұл мәселелердің оңтайлы жүзеге асырылуына жасалатын жұмыстарға іштей риза болдым.

Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін созу туралы шешім қабылдады. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының көлемі кемінде 1 трлн теңге болады деді.

Сондай-ақ Жолдауда ең төменгі еңбекақы көлемін қайта қарау мәселесі сөз болды. Бұл, қазіргі нарық жағдайындағы еліміз үшін өте өзекті тақырып деп есептеймін. Президент ең төменгі еңбекақы көлемі 2018 жылдан бері көтерілмегендігіне тоқтала отырып, әлемдегі індет салдары халықтың табысына айтарлықтай зардабын тигізгенін атап өтті. Расында да қазіргі таңда қарапайым қызметкерлердің жалақысы тым төмен. Ал Мемлекет басшысының бұл бастамасы осы аталған жағдайды оңынан шешуге бірден бір негіз болды деуге болады.

Сонымен қатар мәдениет қызметкерлері, қорықшылар, кітапханашылар, көлік жүргізушілердің жалақысын 2022-2025 жылдар аралығында 20 пайызға арттыру тапсырылды.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмасына сәйкес азаматтарға тұрғын үй алу қолжетімді болу үшін «Бірыңғай тұрғын үй» бағдарламасы іске қосылатын болады. Бұл, әсіресе, жас отбасыларға баспаналы болуға септігін тигізеді деп сенемін.

Жолдаудағы әр бастама – еліміздің еңселі болашағына нық бағыт беруде. Сондықтан да «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, саяси құжаттың ұтымды идеяларына тоқтай отырып, алдымызға қойған міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырамын.

Әділбек Әйімбетов,

Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағы да оқыңыз: