Kyzylorda-news.kz.  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жастарды мемлекеттік қызметке тарту және облыстың кадр резервін қалыптастыру мақсатында өткен жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен меморандумға отырған болатын.

Меморандум аясында университет базасынан «Абырой» мемлекеттік қызмет мектебі құрылып, бас ғимараттан қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы аудитория ашылды. Мектептің алғашқы тыңдаушылары Департаментте тағылымдамадан өтіп, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында мемлекеттік органдардың білікті қызметкерлерінің шеберлік сабақтарына қатысты. Оқу жылының соңында аталған мектепте білімін шыңдаған университеттің 25 түлегіне сертификат табысталды.

Бүгінгі таңда 2021-2022 оқу жылы түлектерінің арасынан ынталы жастарды мемлекеттік қызметке дайындау мақсатында тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта департамент басшысының міндетін атқарушы Берікбол Байхожаев, Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Мұрат Әйтімов, Департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Жасұлан Шынтасов және университеттің проректоры Жандос Базартай 4 курс студенттерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында мектепке тіркелу және тағылымдамадан өту тәртіптері түсіндірілді.

Тағы да оқыңыз: