Сыңар сырға – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Сыңар сырға

21.11.2020, 16:00

226 0

Kyzylorda-news.kz. Cұрғылт қоңыр күз. Қазанның алтысы. Момышұлы көшесі мен Аманат көшелерінің қиылысында Мадинаны күтіп тұрмын. Бұрындары қазан айында Елордада ауа райы бұндай жып-жылы бола қоймайтын еді. Бүгін күн жоғары көтеріле қоймаса да шақырайып төбемнен өтіп бара жатқанын қарашы. Күн жарықтықтың жылуы жақсы-ау, бірақ бір жерде тапжылмай тұрған адамның бүкіл күш-қуатын тартып алып, бейжай етіп әлсіретіп тастайтыны да бар. Айналамнан уақытша көлеңкелей тұратын жер іздедім. Жан-жағыма қайта-қайта қарап қоям. Көшеде бірен-саран болмаса, сапырылысып жүріп жатқан адам жоқ. Бүгін күн жексенбі, қаланың халқы түске дейін ұйқысын қандырып дем алып жатқан болар. Мынау бір кейуана ғана болмаса. Көп қабатты үйдің алдында оңды-солды, ерсілі-қарсылы жүруін бір тоқтатар емес. Жасы сексеннен асқан-ау, шамасы. Cонда да жүрісі жеңіл. Тап бір жарысқа дайындалып жүрген спортшылар сияқты.

Көз алмай қарап тұрғанымды сезді, білем, маған қарай бет алды. Мен тұрған жерге он қадамдай қалған кезде даусын шығарып, «Сенімен амандасайын деп едім» дегені. Үстіндегі қазақы ұзын камзолы өзіне шап-шақ, басындағы жаулығы тап-таза, бірақ жуыла-­жуыла өңі кетіңкірепті, аяғындағы етігі мәсіден аумайды екен. Тосыннан «сенімен амандасайын деп едім» ­деген сөзді күтпеген басым сасқалақтап қалдым. Іле-шала танитын адамның ыңғайын танытуға тырысып, кейуанаға қарай адымдадым. Таяғанда «Амансың ба? Сенімен амандасайын деген едім» деп қайталап екі қолын созды. Амандасып болды да бата бере бастады. Қол­дары тарамыс тартып, мүлдем ет қалмаған. Жа­нарының нұры кетіп, қарашығы әбден сұр тартыпты. Әдемі қазақи кәрілік.
Сөйтіп тұрғанда Мадинаның қарасы да көрінді-ау. Іле-шала бізді апаратын көлік те келіп тоқтады. Әлгі кейуана қайда екен? Міне, қызық. Кейуана темір шарбаққа шоқиып отырып алыпты. Тура түздің кәдімгі қоңыр үкісінен ау­майды. Үкіні әжем киелі құс деп айтып отыратын. Кейуана бізден көзін алмай ұзатып салды. Кейіннен бекер сурет­ке түсіріп алмаппын деп іштей өкіндім.
Астана мен Қарағандының арасы екі сағаттан асатын жол. Мадинаға шет жағасын білдірген болатынмын, ондағы ойым – қайтар жолда Аршалыдағы ауруханаға соғу. Қарағандыдан такси жалдап Аршалы арқылы Астанаға қайтпақшымын. Лажы болса ешкімге салмағымды түсіргім жоқ. Мадина айтты-ау деймін, жігіттер мені алып баратын болды. Аршалы кенті ықшам ғана екен, лезде аурухананы тауып алдық. Ішім алай-дүлей. Аққұсым-баққұсым Ақеркем елестеді.
Ақерке туғанда басқа нәрестелердей қызылшақа емес, шашы қап-қара құлағын жауып тұратын, қасы қиылған, бет-аузы жып-жинақы болатын. Әлі есімде, Ақерке перделі болып туылған еді, шалалық жасап акушеркадан сол пердені сұрап та алмаппын. Палатаға нәрестелерді емізуге алып келгенде медбикелер «Мамаша, мамаша двенадцатая красавица идет» деп айтушы еді. Аңғал басым перзентхана перзетхана болғалы он екінші рет қана әдемі нәресте дүниеге келген екен деп ойлаппын. Сөйтсем, он екінші дегені кереуетімнің нөмірі екен. Медбикелер әр үш сағат сайын шақалақтарды ұзын дәліз арқылы палаталарға әкеліп, нәрестенің білегіне тағылған нөмірлері бойынша аналарына емізуге береді. Нәрестелердің біреуі шыр етіп дауыс шығарса болғаны, қалғандары қосы­лып іліп алып кетеді. Перзентханадағы нә­рес­телер хоры дерсің. Қандай тәтті дауыс, өн бойың шымырлап қоя береді. Тура бір маңыраған лақтар сияқты. Медбикелер ерекше әдемі құн­дақтайды, тура қасықтай етіп қолыңа ұста­тады, ана сүтіне сылқиып ­тойып алған шақалақтар балбырап тәтті ұйқыға басады.
Енді міне, сол Ақеркемнің ақыр­ғы демі шыққан жерін көруге келдім. Ақырғы рет аузына кім су тамыз­ды екен? Сол дәрігерлерді қазір кездес­тірсем ғой деп іштей ойлап келемін. Ау­руханаға да жеттік-ау. Екін­ші қа­баттағы дәрігерлер бөлмесіне кірсек, екі дәрігер отыр екен. Біреуі көзәйнекті орыс кісі, екіншісі қазаққа ұқсайды. «2016 жылғы 13 қарашада жол апатынан қайтыс болған студент қыздың анасы едім» деген кезімде әлгі екі дәрігер орындарынан ұшып-ұшып тұрды. Түрлері сұп-сұр болып, зә­релері қалмады. Арызданып келді деп ойлады, білем. Баласынан айрылған ана ешкімді аямайтыны түсінікті ғой. Орындық беріп қалбалақтап әлек. Кіп-кішкене аудандық аурухана. Мұнда қандай жағдай болсын. «Орталықта болғанда тірі қалар ма еді?» деген ой келді. Өкініштен өзегім өртеніп, көз жасыма ерік бердім.
Алла Тағалам қандай шебер, сол күні осы екі дәрігер де кезекшілікте ­болыпты. Құдайдың құдіреті, бүгін екеуі де осында кезекшілікте екен. Қазақ дәрігер жағасын ұстап ­жатыр. Стаканмен су беріп болған соң, төрде отырғаны хирургия бөлімінің меңгерушісі ­Зеленов Геннадии ­Владимирович: «Қы­зыңыздың құлағында сырғасы бар ма еді?» деп сұрады. «Иә, ромбик сияқ­ты кішкентай бриллиант сырғасы болатын» дегенім сол еді, «Мынау ма?» деп, үстелдің тартпасынан қызымның сырғасының бір сыңарын шығарып бергені. Көзіме оттай ­басылды. Мынау Ақеркемнің сырғасы. Қолым дір-дір етіп сыңар сырғаны әрең ұстадым. Сыңар сыр­ғаны бір сүйдім, бір иіскедім, соңғы демінің куәсі болған сыңар сырғаны си­палап біраз отырдым. Екінші сыңары қайда түсіп қалды екен? Сұрауға шама жоқ. Көз алдыма 2012 жылдың шілдесі елестеді.
Калифорнияда қызым мектепті бітірді де, қызымды алып кетуге өзім барған болатынмын. Бір айға жуық Ақерке екеуміз Американың біраз жерін араладық қой. Осы сырғаны Голли­вудтың қасындағы Онтарио қаласынан бірге барып алған едік. Жалпы қызым жылтыраққа құмар емес еді. Бижутерия тағып жүре беретін. Анда-санда ғана алтын тағатын.
Ауруханада отырғаным есіме енді түсті. Ой шіркін қандай жүйрік еді. Жансақтау бөліміне қарай бет алдық. Аяғым тәлтіректеп әрең басып келемін. Жансақтау бөлімі көп болса, ені 5 шаршы метр, ұзындығы 6 шаршы метр-ау, шамасы. Көзіме заманауи жабдықтар ілінбеді, ондай жабдықтар қайдан болсын кішкентай аудан орталығында. Орталықта болса тірі қалар ма еді деген ой тағы келді.
Бұл жерде екі науқас жатыр екен. Дә­рігер: «Мынау Сіздің қызыңыздың жатқан кереуеті» деп, есіктің аузындағы кереуетті көрсетті. Кереуеттегі бір науқас су сұрап жатыр. Медбике басын сүйемелдеп, су ішкізді. Менің қызым да су ішкісі келген шығар, ана болып су да бере алмадым-ау деп егіліп қоя бердім. Даусымды шығармай Құран оқыдым да орнымнан тұрып кереуеттің бас жағын, аяқ жағын сипалап өттім. Қолдарым дірілдеп қоя берді. Дауыс шығарып жылауға мүлдем болмайды, науқастар жатыр. Қызымды сағындым, кереуетті құшақтағым келді. Өзімді әрең ұстадым. Мені жансақтау бөліміне алып келген Айтбақ Қожамсейтұлы тесіліп қарап тұр екен. Ұзақ аялдауға болмайды, аурулардың мазасын алармын деп орнымнан әрең тұрдым. Құр сүлдерім. Уысымда сыңар сырға. Қатты қысқанымды енді байқадым. Алақаныма ізі батыпты.
Ақеркеден айрылғалы үш жылға тақау уақыт болыпты. Қарағанды туралы шатты-пұтты түстерді көп көретінмін. Осы ауруханаға барғым келетін де тұратын. Бірнеше рет баруға оқталсам да бір нәрсе жібермей тұратын, дәтім шыдамайтын. Сөйтсем уақытысы енді келіпті. Әлгі екі дәрігердің қызымның сырғасын әлі күнге дейін сақтап отырғанына, адамгершіліктеріне, Гиппократ антына нағыз адалдығына риза болдым. Неге біз, адамдар, осындай жандарды бағаламаймыз, қит етсе болды айғайға басып, кінәліні іздеуге дайын тұрамыз? Соңғы минуттарында қызымның жанында адал жандар болыпты. Рақмет Сіздерге, ақ халатты абзал жандар. Халаттарыңыз қандай аппақ болса, жүректеріңіз де сондай кіршіксіз таза екен.
Мені осы жерге екі жарым жыл бойы сыңар сырға шақырыпты. Көр­ген түстерімнің шешуін енді таптым. Сыңар сырғаға тағы да үңіліп қарадым. сыңар сырғаның алақаныма батқан іздері әлі кетпепті. Қызым-ау, ­мынау Сыңар сырғаңды сағынышыңды маған жеткізу үшін тастап кеттің бе? Сыңар сырға? Мені мауқын бассын дедің бе? Сыңар сырғаны көріп суысын дедің бе? Не істесем екен? Сыңар сырғаны таға алмайсың. Жоқ, осыдан бара салып әжемнен қалған күміс білезіктің дәл ортасына сенің сыңар сырғаңды шегендетемін де тастамай тағып жүремін. Сыңар сырғаң сенің маған қалдырған сағынышың.

Anatili.kz

0

Пікір қалдыру