1855 жылы Есет батыр жасақтары А.Жантөрин сұлтанның лагеріне шабуыл жасап, оны өлтірді. Бұл көтерілістің шығуына Арал теңізінің батыс жағындағы Үлкен және Кіші Борсықты, Сам құмын, Сағыз, Жем өзендері бойын мекендеген шекті руына түтін салығын салу, әскери мақсат үшін күш-көлік алу, бекініс салынуы салдарынан мал жайылымының тарылуы себеп болды. 1858 жылы қыркүйекте Сам құмында жеңілген Есет батыр көтерілістен бас тартып, патша үкіметіне адал қызмет етуге уәде берді.

1994 жылы Алматыда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері кездесіп, көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Ортаазиялық ынтымақтастық және даму банкін құру туралы келісімге қол қойды.

1994 жылы қазақстандық кинематография тарихында алғаш рет «Территория жизни» сериалының ресми тұсаукесер рәсімі өтті. «Мастерс медиа» тәуелсіз телевизиялық продюсерлік орталығы түсірген экшн жанрындағы сериал әрқайсысы 30 минуттық 8 сериядан тұрады.

2000 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі мемлекеттік мекемесін құру туралы» қаулысы қабылданды. Сонымен қатар, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігінің Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік аймақтық аэроұтқыр жедел-құтқару отрядтары құрылды.

2003 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Орман кодексіне» қол қойды.

2005 жылы Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңы қабылданды.

2010 жылы Алматыда ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатына ресми түрде қазақтың саяси қайраткері Мұстафа Шоқайдың қолжазбалары тапсырылды. Қолжазбаларды Түркиядағы ТҮРКСОЙ Халықаралық түрік мәдениеті ұйымының өкілдері тапқан.

2014 жылы «Астана Моторс» компаниясы «Hyundai» маркалы жеңіл автомобильдерін Қазақстанда жинауды бастады.

2015 жылы Атырау облысында Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде Сәтбаев блогында барлау ұңғымасын алғаш рет бұрғылау басталды.

Тағы да оқыңыз: