Гүлшара Әбдіқалықова: Халықтың тұрмысы нашарлауына жол бермеу керек – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Гүлшара Әбдіқалықова: Халықтың тұрмысы нашарлауына жол бермеу керек

30.03.2020, 18:30

1122 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы қала, аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімі, ең алдымен, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Қазақстан Республикасы Бас санитариялық дәрігерінің республика көлемінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету туралы №27 және Қызылорда облысының Бас санитариялық дәрігерінің №3 Қаулыларынан туындайтын талаптарды қатаң сақтауды тапсырды.

Сондай-ақ, Гүлшара Наушақызы облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасы Қызылорда қаласы аумағында залалсыздандыру жұмыстары мен коронавирусқа қарсы санитарлық-эпидемиологиялық шараларды ұйымдастыру мақсатында әскери бөлімдер мен құқық қорғау органдарына қажетті бетперде, медициналық құрал-жабдық, антисептиктерге қажетті қаржы көлемін нақтылап, есебін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жедел ұсыну керектігін мәлімдеді.

«Облыстық білім басқармасы, қала, аудан әкімдерімен бірлесіп қашықтықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдары мен оқушылардың дайындығын қамтамасыз етсін», – деді жиында облыс әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, қалааралық, аудан, ауыларалық жолаушы тасымалдайтын автобус, такси қызметіне шектеу қоюды қадағалау керектігін айтты.

«Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы аймақтағы ірі компаниялары барлық жұмысшыларын өз қаражаты есебінен коронавирус анықтайтын тесттен өткізуіне ықпал жасасын. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Қызылорда қаласы және аудандар әкімдерімен бірлесіп, өңірлердегі бос жұмыс орындарына күнделікті мониторинг жүргізіп, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту бойынша нақты шаралар қабылдасын және нәтижесімен нақты цифраларды екі күн мерзім ішінде облыс әкіміне баяндасын», – деді Г. Әбдіқалықова.

Жиында елімізде Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарды ай сайынғы төлемдер мен көп балалы отбасыларды, мүгедектерді және халықтың әлеуметтік осал топтарын тегін азық-түлік-тұрмыстық жинақтармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды сапалы әрі уақытылы атқару керектігін сөз еткен облыс әкімі Гүлшара Наушақызы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне де арнайы тоқталып өтті.

«Бұл ретте, азық-түлік қорын молайту, оны жергілікті жерлерге жеткізу мәселесін реттей отырып, әлеуметтік маңызы бар тауар бағаларының шарықтауына жол бермеуіміз керек. Сондықтан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 2020 жылғы 1 сәуірге дейін облыстық тұрақтандыру қорын азық-түліктің қажетті қорымен қамтамасыз етсін. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорына мониторинг жүргізсін және нәтижесімен күнделікті облыс әкіміне баяндасын. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өспеуін бақылауға алсын және баға тұрақсыздығына жол бермесін. Аудан орталығынан шалғай елдімекендердің тұрғындарына ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өндірген өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етсін. Көктемгі дала жұмыстарына да көңіл бөлуіміз қажет. Сондықтан, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіске қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етсін және «Қазсушар» мекемесімен бірлесіп орын алып отырған су тапшылығына байланысты 2020 жылға жоспарланған күріш егу көлемін оңтайландырсын. Осы сын сағатта кәсіпкерлер халыққа қарайласып, жеке басы мүддесі үшін алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеуі тиіс. Бұған да ерекше назар аударыңыздар», – деп нақтылады аймақ басшысы.

Осындай қиын кезеңде халықтың жағдайының нашарлауына жол бермеу керектігін айтқан Гүлшара Наушақызы шенеуніктерге жеке бастың мүддесін ысырып қойып, бірінші кезекте, жұмыссыздықтың алдын алып, азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық заттардың тапшылығына жол бермей, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауы керектігін жеткізді.

0

Пікір қалдыру