БҰҰ бітімгерлерінің халықаралық күні

2003 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен бекітілген. Қарарда БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге, үкіметтік емес ұйымдарға және жекелеген азаматтарға БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау мақсатындағы операцияларының құрамында қызмет істеген адамдарға құрмет, сонымен қатар қаза болғандарды есте сақтау күні ретінде атап өту ұсынылған.

Дүниежүзілік салауатты ас қорыту күні

Дүниежүзілік гастроэнтерологтар ұйымының (World Gastroenterology Organisation, WGO) бастамасымен құрылған. Дүниежүзілік гастроэнтерологтар ұйымы – халықаралық үкіметтік емес кәсіби медициналық федерация, оның құрамына жүзден астам ұлттық гастроэнтерологиялық қоғам мен төрт аймақтық гастроэнтерологтар қауымдастығы кіреді. Жалпы алғанда ұйымның 50 мыңнан астам мүшесі бар. Ұйым 1935 жылы Брюссельде өткен бірінші Халықаралық гастроэнтерологиялық конгресте құрылды. Бірақ оның негізі қаланған күн деп 1958 жылдың 29 мамырды атау керек, себебі бұл күні Вашингтонда бірінші Дүниежүзілік гастроэнтерологиялық конгресте ұйымның жарғысы қабылданған. Бұл күнді сондай-ақ салауатты ас қорыту күні деп жариялау шешімі қабылданған.

1891 жылы екі төбеде орналасқан Ақ-Төбе әскери бекінісі ресми түрде қала мәртебесін алып, Актюбинск қаласы деп өзгертілді. Кейіннен ол Торғай облысының құрамына кірді. 1932 жылдың 10 наурызында Актюбинск Ақтөбе облысының орталығы болды. 1999 жылдың 11 наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақтөбе қаласы болып өзгертілді.

2006 жылы Ақтөбеде өткен «Арал-Каспий аймағының Еуразияның тарихы мен мәдениетінде алатын орны» атты ғылыми конференцияда қолбасшылық талантымен халықтың есінде қалған Қобыланды батырдың мүсіні таныстырылды. Мәскеу ғалымдары мүсінді батырдың бас сүйегі бойынша жасап шығарған. Қобыланды батырдың сүйектерін табу – қазақстандық ғалымдар үшін үлкен жетістік. Оның қайда жерленгені көпке дейін белгісіз болған, соңғы жылдары Ақтөбе облысының Қобда ауданына жасаған экспедиция барысында ғана анықталды. Тұсаукесер өткен соң, мүсін Ақтөбенің облыстық өлкетану мұражайына берілді.

Тағы да оқыңыз: