Рождество

Христиандардың ең басты мерекелерінің бірі. Әлемнің 100-ден астам елінде мемлекеттік мейрам дәрежесінде. Еуропаның көптеген елдерінде бұл мереке – нағыз отбасылық мейрам болып саналады. Рождествоны тойлау екі-үш күнге созылады да дәстүрлі бірінші жұлдыз жанған сәтте кешкі асқа отырудан басталады.

Қытайда Конституция күні

1946 жылы Қытай Республикасының Конституциясын қабылдау күнінің құрметіне құрылды. Конституция әлемдегі ең көп халқы бар – сол уақытта шамамен 450 миллион адам тұратын елдегі демократияны құжат бойыша бекітті. Қытай Республикасының Конституциясы 1946 жылдың 25 желтоқсанында қабылданып, заңды күшіне енген 1947 жылдың 25 желтоқсанынан бастап едәуір өзгерістерге ұшырамай келді: соңғы өзгертулер 2000 жылы енгізілген.

Пәкістанда Мұхаммад Әли Джиннаның туған күні

Мұхаммад Әли Джинна 1876 жылы 25 желтоқсанда туды және ол Пәкістанда ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретінде саналады. Ол Британдық Үндістан бөлімінің белсенді қатысушыларының бірі болды.

1979 жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік қорық-мұражайы құрылды. Оның құрамына Ежелгі Тараз қаласының жұрты, Айша бибі, Қарахан, Бабажы қатын, Дәуітбек (Шамансұр) кесене ғимараттары, Қали Жүніс моншасы, Әбдіқадыр мешіті, сақтардың Үштөбе қорғаны, төменгі Барысхан, Атлах, Адахкет, Хамукет, Жікіл қалаларының жұрты, т.б. тарихи және мәдени ескерткіштер біріктірілген.

1982 жылы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі құрылды.

1990 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы 2-СЭС-нің бірінші энергоблогы іске қосылды.

1995 жылы Елбасы Н.Назарбаев Конституциялық заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық бойынша сот жүйесінің құрылымы және оны қалыптастырудың тәртібі, барлық деңгейдегі соттардың өкілеттіктері, соттардың мәртебесі мен олардың тәуелсіздігінің кепілдігі, оған қойылатын талаптар, судьяларға өкілеттік беру мен оны тоқтату тәртібі, судьяларды жауапқа тарту, оларды материалдық және әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету белгіленген.

2000 жылы Алматыда тұңғыш отандық өндірістің троллейбусы жасалды.

2015 жылы «Қазпошта» АҚ ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған пошта маркаларын айналымға шығарды. Марка 4 бояулы офсеттік тәсілмен басылды. Формасы – сегіз маркадан тұратын марка парағы. Парақтың өлшемі: 140х120, марканың өлшемі 28х40. Таралымы 5 мың дана. Суретшісі К. Плужникова. Марканың номиналы 300 теңге.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Дала қазынасы» сериясының «Алқа» естелік күміс монеталарын айналымға шығарды. Номиналы: 500 теңге, металдың құрамы: 925 сынамалы күміс, массасы – 31,1 г, төрт қырлы монета диаметрі 43 мм шеңбердің ішіне сыяды. Дайындау сапасы: proof. Таралымы: 3 000 дана.

Тағы да оқыңыз: