Kyzylorda-news.kz. Жеке көлігімен Қызылорда қаласынан Нұр-Сұлтанға кеткен 25 жастағы жігіт он күн бойы туыстарымен байланысқа шықпаған. Полиция іздеу жұмыстарын бастады.

“Қызылорда еріктілері” қоғамдық қоры қазақстандықтардан жоғалған адам туралы ақпаратты өңірлерде барынша таратуды сұрады. Туыстары жолға шыққан жас жігіттен он күн бойы хабар ала алмай отыр.

“Самат Бегімбай 12 қыркүйек таңғы он шамасында қара түсті Subaru Legacy көлігіне отырып Жезқазған тас жолымен Қызылордадан Нұр-Сұлтанға кеткен. Содан бері байланысқа шыққан жоқ”, – деп мәлімдеді қордағылар.

Жігіт 25 жаста, өзімен бірге ноутбугы мен жеке заттары болған. Жоғалған күні үстіне сұр түсті спорт киімін киген.

Қала полициясы кез келген ақпарат іздеу жұмыстары үшін маңызды екенін айтты.

“Жас жігіт іздестіріліп жатыр, барлық ресурс жұмылдырылды. Ол жайлы кез келген ақпарат үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді полициядағылар.

Із-түзсіз кеткен ер адамды көрген-білгендер болса, “102” нөміріне хабарласуына болады.

Тағы да оқыңыз: