Kyzylorda-news.kz. 2021 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақыны 42 500 теңге деңгейінде бекіту жоспарланып отыр. Бұл туралы “2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасында айтылған.
2021 жылдың 1 қаңтарынан:
- ең төменгі жалақы – 42 500 теңге;
- ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы – 18 524 теңге;
- зейнетақының ең төменгі мөлшері – 43 272 теңге;
- жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 2 917 теңге;
- базалық әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн ең төменгі күнкөрiс деңгейiн – 34 302 теңге мөлшерінде бекіту жоспарланып отыр.
“Жасына байланысты зейнетақыға және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаржы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың мөлшерін 7 процентке көтере отырып ескерілген”, – делінген құжатта.
Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 қаңтарынан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін мемлекет жарнасының мөлшері – жарнаны есептеу объектісінен 1,6 процент деп белгiлеу ұсынылды.
Еске салсақ, қазіргі таңда ең төменгі зейнетақы 40 441 теңгені құрайды.
“2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасы 2020 жылдың 4 қыркүйегіне дейін талқыланады.