Kyzylorda-news.kz. 18 мамырдан бастап діни құлшылық жасау нысандары жұмысқа кіріседі. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мәлім етілді.

«Биыл 18 мамырдан бастап жалпы ғимарат көлемінің 30 пайызын ғана толтыра отырып санитарлық нормаларды сақтаумен діни құлшылық жасау нысандары жұмысқа кіріседі», делінген хабарламада.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарға үндеу жариялады.

«Қасиетті кітабымыз Құранда: «Расында, қиындықпен бірге жеңілдік бар. Алла сендерге жеңілдік қалайды», – делінген. Міне, Аллаға шүкір, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталып, халқымыз қалыпты өмір тіршілігіне ауыса бастады. Алайда карантин режимінің талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет. Қуанышты хабар 2020 жылдың 18 мамырынан бастап еліміздегі барлық мешіттеріміз арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады. Осы уақыттан бастап мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болады. Ал жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз. Жеке құлшылық кезінде, Құран оқыту, неке қидыру рәсімі барысында карантин талаптарын қатаң ескерулеріңізді сұраймыз. Өзімізге қамқорлық – өзгелерге қамқорлық екенін естен шығармайық», – делінген Бас мүфтидің үндеуінде.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барлық мешіттерінде атқарылатын іс-шаралар мен оларға қойылатын талаптар да жариялады.

Мешіттерде жеке намаз оқуға қойылатын талаптар: 

– Тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етіледі. Мешіттерде жамағатпен (бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы) намаздар оқылмайды;

– Мешітке жеке құлшылыққа келген ерлер мен әйелдер ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;

– Намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек және арнайы белгіленген орындарда намаз оқып, намаз оқып болған соң мешіттен бірден шығып кетуі тиіс;

– Мешітке келетін адам санын діни ғимараттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырмауы керек;

– Мешітте қол алыспау керек;

– Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін барлық есіктерді ашып қою қажет;

– Әр 3 сағат сайын намаз оқитын залдарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет;

– Намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен жүруі керек;

– Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар намаздарын үйлерінде оқығаны абзал;

– Мешіт дәретханаларын қолдану барысында арақашықтықты және сантитарлық талаптарды сақтауы тиіс;

– Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;

– Мешітке кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

Мешітте Құран оқытуға қатысты талаптар: 

– Құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіргізбеу;

– Құран оқытуға келушілердің араларында 1,5 метр қашықтықтың сақталуы және келушілердің арнайы белгіленген орындарға отыруы;

– Құран оқитын бөлмелерде имамдар және келушілердің міндетті түрде бетпердемен отыруы;

– Гигиеналық талаптарға сәйкес бата жасау (бет сипау және т.б.);

–Әр 3 сағат сайын Құран оқитын бөлмені желдетіп отыруы;

– Құран оқитын бөлмеге кірмес бұрын антисептикалық құралдарды пайдалануы;

– Құран оқитын бөлмеге кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

Неке бөлмелеріндегі іс-шараларға қатысты талаптар: 

– Неке қиюға шариғат талаптарына сәйкес, неке бөлмесінде куәгерлерден басқа адамдар болмауы тиіс;

– Неке қиюшылардың аралары 1,5 метр қашықтықты сақтау және арнайы белгіленген орындарға отыру;

– Неке залдарында имамдардың және келушілердің бетперде және медициналық қолғаппен болу керек;

– Неке қиып болған соң бірден мешіттен шығуы керек;

– Неке қию бөлмесіне кіруден алдын антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;

– Әр 3 сағат сайын неке залдарын залалсыздандыру қажет.

Тағы да оқыңыз: