Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні

1991 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Сонымен қатар, аталған Жарлықтың 4-тармағы бойынша желтоқсанның 17-сі Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.

1919 жылы Орынбор қаласында «Ұшқын» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Ол қазір «Егемен Қазақстан» деп аталады. Өзінің алғашқы нөмірінен-ақ басылым қазақ халқын халықаралық және еліміздің ішкі жағдайларының аса маңызды оқиғаларымен таныстырып отырды. Сол кезден бері газет атын сегіз рет өзгертті. 1930 жылы Қостанай облысының солтүстік бөлігінде орналасқан Меңдіқара ауданы құрылды. Аумағы – 6,6 мың шаршы шақырым. Аудан 12 ауылдық округ пен аудан орталығынан құралған.

1930 жылы Алматы облысының солтүстік-шығысында Ақсу ауданы құрылды. Ауданның аумағы 13,6 шаршы шақырымды құрайды.

1986 жылы 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда қазақ жастарының КСРО билігінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары орын алды. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Г.В.Колбинді Казақстан Компартиясы ОК-нің 1-ші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Желтоқсанның 17-і күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін ереуілшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ олардың қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, оларды тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің № 0385 бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. Желтоқсанның 18-і күні алаңға қайта жиналмақ болған жастарға қарсы әскер күші қолданылды. Олардың қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер желтоқсанның 19-ы күні қаланың әр тұсында кайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде, барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды қазақ жастары бар. Желтоқсанның 19-23-і аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқант, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты. Көтеріліске КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды. Қазақстан төуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық калпына келтіріліп, бұл жөнінде «Желтоқсан. 1986. Алматы.», «Желтоқсан құрбандарын жоқтау», «Ер намысы – ел намысы» жинақтары, К.Тәбейдің «Мұзда жанған алау», Т.Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» кітаптары жарық көрді, «Аллажар», «Қызғыш құс» кинофильмдері түсірілді. 2006 жылы М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты көлемді кітабы басылып шықты.

2003 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Тағы да оқыңыз: