Көрісу күні (Амал мерекесі)

Қазақ халқының көнеден келе жатқан мерекелерінің бірі. Бұл күнді атап өту дәстүрі негізінен Қазақстанның батыс облыстарында сақталған.

14 наурыз күні жасы кішілер ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!» деп ерекше мейіріммен батасын береді.

Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің және Қызылорданың кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Бұл мерекені Маңғыстау өңірінің жұрты Амал мерекесі деп те атайды.

**Халықаралық өзен күні немесе Бөгеттерге қарсы күрес күні
**1997 жылы наурыз айында Бразилияның Куритиба қаласында ірі бөгет құрылыстарын салуға қарсы бағытталған бірінші Халықаралық конференция өтті. Конференцияда жыл сайын 14 наурыз күні «Өзен, су және өмірді қорғау үшін бөгеттермен күрес күнін» атап өту шешімі қабылданды.

1921 жылы Түркістан республикасының Орталық атқару комитеті Верный қаласының атауын Алматы деп өзгерту туралы декрет қабылдады.

1980 жылы «Қазақстан пионері» газеті және «Партийная жизнь Казахстана» атты журналы «Құрмет белгісі» және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды.

1994 жылы Қазақ мемлекеттік заң институты құрылды. 1996 жылы қарашада Қазақ мемлекеттік заң университетіне, ал 2000 жылы ақпанда Мемлекет және құқық институтымен бірігіп, Қазақ мемлекеттік заң академиясына айналды.

2001 жылы қазанда Қазақ гуманитарлық заң университеті болып қайта құрылды.

2004 жылы Астрофизиологиялық зерттеулер орталығы құрылды. Орталық 2008 жылғы 22 қаңтарда «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ болып қайта құрылды.

Қазірде ұлттық орталықтың құрамына ғарыштық зерттеулер және технологиялар саласында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, өндірістік-шаруашылық қызметпен айналысатын төрт академиялық институт кіреді.

Тағы да оқыңыз: