Дүниежүзілік донорлар күні.

2005 жылғы мамырда өткен Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясында әлем денсаулық сақтау министрлері өз еркімен қан тапсыруды қолдау туралы өтінішті қабылдады. Бүкіләлемдік қан тапсырушы күнін жыл сайын маусымның 14-інде өткізіп тұруға қарар қабылданды.

1997 жылы Исламабад қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабын таныстыру рәсімі болды.

2000 жылы Астанада бірінші халықаралық «Транзит-Транс-Қазақстан-2000» көлік көрмесі ашылды. Көрмеге халықаралық 50-ге жуық көлік компаниясы қатысып, оған әсіресе Ресей, Қытай, Латвия, Швеция, Эстония мемлекеттері ерекше қызығушылық білдірді.

2000 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жаңа кешенінің іргетасы қаланды.

2011 жылы Қазақстан аумағында Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың 10 жылдығына арналған көркем марка пошта айналымына түсті. Онда ЕурАзЭҚ логотипі мен қазақ тіліндегі мәтіндік композициясы берілген. Марка офсетті әдіспен 4 түрлі бояуда орындалған, номиналы – 32 теңге, көлемі – 28х30 мм, таралымы – 50 000 дана, суретші – Данияр Мұхамеджанов.

2013 жылы Ташкент қаласының орталығында қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші қойылды. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі – 9,20 метр.

2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.Кездесу барысында Қазақстан Президенті қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынастардың сыртқы саясатымыздағы басты басымдықтардың бірі екенін айтты. ҚХР Төрағасы Мемлекет басшысын президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, Қытайға ресми сапармен келуге шақырды.

Тағы да оқыңыз: