1924 жылы «Ақ жол» газетінде С. Қожановтың демократия мәселелеріне қатысты өз ұстанымын білдірген мақаласы жарияланды.

«Демократия партия жасау жолында пайдаланылуы керек. Демократия – тілмаштар үшін емес, партия жұртшылығы үшін, әсемдік үшін емес, халықты көтеру үшін», – дейді ол өз мақаласында.

1926 жылы Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгеровтің «Алтын сақина» пьесасымен қазақтың бірінші кәсіби ұлттық театры – Қазақ драма театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры) ресми ашылу рәсімі өтті. Өнер ұжымы алғаш рет 1925 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған болатын. 1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды. 1937 жылы академиялық мәртебесін алса, ал 1961 жылы қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Театр сахнасында халық шығармашылығының танымал шеберлері: Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, т.б. өнер көрсеткен. 1926-1932 жылдары театрға актер және режиссер Жұмат Шанин басшылық жасаған.

1934 жылы Алматыда Қазақ музыкалық драма театры (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) құрылды. Театр сахнасында ең бірінші Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклі мен Бейімбет Майлиннің «Шұға» драмасы қойылды.

2004 жылы Қазақстан Республикасының рухани және білім беру салаларын дамыту, мәдени мұраларды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Тағы да оқыңыз: