Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні

1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды. 2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Онда 1 желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген.

ЖИТС-ке (СПИД) қарсы дүниежүзілік күрес күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен. 1988 жылы барлық елдердің Денсаулық сақтау министрлері тарихи кездесу өткізді. Тарихи болатын себебі, онда алғаш рет көпшілікті терең толғандырып жүрген ЖИТС дерті туралы сөз болды. Дәл сол кезден бастап, желтоқсанның 1-і СПИД-ке қарсы күрес күні деп белгіленді. КСРО-да ең алғашқы ЖИТС-ке шалдыққан науқас 1987 жылы тіркелген. Қазақстанда бұл проблема 1989 жылдан бері айтыла бастап, күрделі мәселенің біріне айналды. Бұл аурудың әзірге емі жоқ. Елімізде 20 мыңға жуық адамның осы сырқатпен ауыратындығы ресми түрде тіркеліп отыр. «Ғасыр дертінен» Қазақстан Ресей, Украина мен Беларусьтан кейін төртінші орында тұр. Қатерлі ауру республиканың Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында біршама жоғары деңгейде.

1935 жылы Қазақстанның алғашқы қуыршақ театрларының бірі – Алматы мемлекеттік қуыршақ театры құрылды. Театр Түркия, Иран, Қытай, Чехия, Ресей елдерінде өткен фестивальдар мен халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрді. Театрда талантты актерлар, қуыршақ шеберлері, режиссерлар, суретшілер, декораторлар, бутафорлар тәрбиеленіп, көп жылдар театр сахналарында, қуыршақ өнері саласында адал қызмет етті.

1960 жылы Қарағанды металлургия зауытында кокс батареясы іске қосылып, қазақстандық тұңғыш кокс алынды.

1991 жылы Қазақстан Президентінің тұңғыш жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көпшілік дауыспен жеңіске жетті.

 1994 жылы Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі ашылды.

1997 жылы Алашорда қайраткерлері Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайға арналған деректі фильм жарық көрді.

2004 жылы Қазақстан аумағында жаңа пошта индексі енгізілді. Бұған дейін қазақстандықтар 70-ші жылдары енгізілген кеңестік индексті пайдаланып келген болатын. Жаңа индекс те 6 саннан тұрады, оның 1-ші және 2-шісі облыс коды, 3-ші және 4-шісі аудан коды, ал қалған соңғы екі сан елді мекеннің кодын білдіреді.

Тағы да оқыңыз: