Қазақстанда алғыс айту күні

Бұл мереке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді. 1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды және 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынды.

Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні

1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының (ХАҚҰ) ІХ сессиясында Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күнін жыл сайын наурыздың 1-інде атап өту туралы шешім шығарылды. 1972 жылы дәл осы күні ХАҚҰ үкіметаралық ұйым мәртебесіне ие болған. Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні азаматтық қорғау мен қорғаныс ұлттық қызметтері атқаратын маңызды мақсаттарына қоғам назарын аудару үшін аталып өтеді.

1993 жылы Алматыдағы Космонавтар көшесі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көше болып өзгерді.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазақстанның тұңғыш Президенті Ассамблеяның төрағасы болып табылады және оның қызметінің негізгі бағыттарын анықтап, бекітеді, сонымен қатар сессиясын шақырады. Ассамблея құрамы мемлекеттік органдардың, ұлттық-мәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен, сонымен қатар қоғамдық-саяси белсенді тұлғалардан тұрады. Ассамблеяның 350 мүшесі бар. Жалпы Қазақстанда 130-ға жуық этнос мекендейді.

1995 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің резиденциясында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке «Алтын Жұлдыз» бен «Халық Қаhарманы» атағын беру туралы куәлікті табыстады. Осындай наградаларды сондай-ақ Т.Мұсабаев пен Ю.Маленченко алды, сонымен бірге оларға «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы берілді.

1999 жылы «Отан» Республикалық партиясы құрылды. 2006 жылғы желтоқсанның 22-сіндегі кезектен тыс X съезінде бірнеше партияның бірігуімен «Отан» партиясы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына айналды. 2013 жылдың 18 қазанында атауы «Нұр Отан» партиясы болып өзгерді.

2005 жылы Шетелдік зерттеулер университетінде (Корея Республикасы) алғаш рет қазақ тілі бөлімшесі ашылды.

2013 жылы ҚР Ұлттық банкі қазақ композиторы, дирижер, педагог және қоғам қайраткері Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған 50 теңгелік ескерткіш монета шығарды.

Тағы да оқыңыз: