Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысындағы 2 ауылдық округтің әкімі сайланады. Жалағаш ауданының тұрғындары Аққұм мен Мырзабай ахун ауылының әкімі болуға үмітті кандидаттарға дауыс беруде.
Таңғы сағат 07.00-де №146, 147 учаске ашылып, алғашқы келген сайлаушыларға сыйлықтар үйлестірілді.
Сайлауда Аққұм ауылдық округінің әкіміне 4 азамат үміткер болды. Оның 4-і өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға қатысуда. 1 азаматтың құжаттары талапқа сай емес болуына байланысты кандидаттықтан алынды.
Айту керек, Аққұм округінде 1023 сайлаушы тіркелген.
Жалағаш ауданындағы Мырзабай ахун ауылдық округінің әкіміне 5 кандидат үміткер атанды. Олардың бәрі де өзін-өзі ұсыну жолымен кандидат ретінде бақ сынауға ниет білдірді. Алайда 1 азамат өз өтінішімен кандидат болудан бас тартса, 1 азаматтың құжаттары толыққанды ұсынылмауынан үміткерліктен алынды.
Бүгінгі күні Мырзабай ахун округінде 668 сайлаушы бар.
Еске салайық, жыл басынан бері Қызылорда өңірінде 6 ауылдың әкімі сайланды. Олар: Қазалы ауданының Ақжона, Арықбалық, Жалағаш ауданының Жаңадария, Сырдария ауданының Ақжарма, Жаңақорған ауданының Жаңарық және Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылдық округінің әкімі.
Биыл Президент тапсырмасына сәйкес аудан әкімдері де сайланбақ. Қызылорда өңірінде тұрғындар 2 ауданның әкімін тікелей сайлайды.