Kyzylorda-news.kz. Шежірелі өлкенің 95 жылдық мерейтойына арналған фестиваль жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ауданға қарасты елді мекендердің тыныс-тіршілігін таныстырып, таразылайтын сайыстан Қоғалы мен Майлытоғай да қалыс қалмады. Байқаудың есебінде екінші болып бағын сынаған ауылдық округтердің бағдарламасын біз де тамашалап қайттық.
Бір қарағанда кәнігі этно-ауыл дерсіз. Себебі сол күнгі орталық алаңдағы көрініс – ауылдың ауызбіршілігін, қазақы құндылығын аңғартты. Келген көпшілік көрмеге қарап, Қоғалы мен Майлытоғай ауыл округтерінің тұрмысын, салтын көзбен көрді. Шиеліліктер әсіресе қолөнер бұйымдарына қызығушылық танытқанын байқадық. Ауыл тұрғындары жасаған әр бұйым бағалы. Әрқайсысының мазмұны – терең, мәні – зор. Сонымен қатар қолдан жасалған тұмыстық сабын әлеумет арасында таңданыс тудырды. Құрт, ірімшік, май, айран мен сүттің дәмі ауылға деген сағынышты сейілтті.
Көрмеге қойылған ұлттық танымдық туынды, еңбектермен етене танысқан тұрғындар орталық алаңынан алыстай қойған жоқ. Аудан жұрты үшін халықтың әндері әуелеп, жыр-термелері шалқыды.
Тағылымы терең шараға аудан әкімі Нұржан Ахатов, аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков, аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов, кәсіпкер Насырбек Мырзабеков, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найлә Палымбет, аудандық білім бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аруна Өркенқызы, аудан тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аудан әкімі Нұржан Ахатов тұрғындардың қолдан жасалған бұйымдарының сапасы мен маңызын қарап, іске икемі бар жандарға кәсіпкерлік мақсатта әлі де қолдау шаралары қолға алынуы қажет екені айтылды.
Айта өтейік, осынау «Туған елге тарту» фестивалі әлі де жалғасады. Алда 18 ауылдың бағдарламасы бар.