Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау деген сөз. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр.

Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер. Мәдениетке серпін беру шындығында да қажет» дегенін баршамыз білеміз. Расында қазақтың болмысы мен ұлттық келбетін бейнелейтін мәдениеттің алар орны ерекше. Әсіресе ақындары «Аралым менің осындай,өнер мен дәулет қонған жер» деп жырға қосқан Аралдың қосар үлесі көп. Әсіресе, ардагерлерден құралған «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі 2013 жылы өнер иелері Маруся Нұрмағанбетованың қолдауымен сазгер Достан Көзмағанбетовтың келісімімен құрылған болатын.

Ансамблдің құрамында 19 өнерпаз бар. Өнерпаздардың әр қайсысы түрлі салада қызмет атқарған  құрметті ардагерлер. Бірі ұстаз, дәрігер, мәдениет қызметкері, қойшы, тәрбиеші, имам болып қызметтер атқарып құрметті демалысқа шыққан  ата-әжелер.
Ансамбль  облыстық байқаулардың жеңімпазы, Ырғыз ауданында, ауылдық елді мекендерде, аудан орталығында концерттер берген.

Ансамбль құрамына жеке тоқталайық. «Ұлағат» ардагерлер ансамблінің көркемдік жетекшісі Тілепов Байнияз. Ол Қазақстан республикасының  Мәдениет қайраткері, Арал ауданының мәдениеті мен өнеріне өзіндік үлес қосқан өнерпаз. Ансамбль мүшесі Күнхияш Омарова Республикалық өнер  фестивальдарымен байқауларының лауреаты. Талай рет Облыстық, Республикалық  концерт қойылымдарына  қатысып өнер көрсеткен. Ал Мейірхан Бәйімбетов Арал ауданының  мәдениет пен өнеріне  үлес қосқан өнерпаз. Ол  «Тамаша» әзіл-сықақ отауында  халық театрының актері болып өнер көрсеткен. Республикалық, облыстық  концерт қойылымдарына  талай рет  қатысып, көрермен ыстық қошеметіне бөленген өнер иесі. Сонау 1969 жылы түсірілген белгілі режиссер Ораз  Әбішевтің  «Бір хаттың ізімен» деректі фильміне түскен Шудабай Ильясов  Ауданның  мәдени-көпшілік іс-шараларына  1968 жылдардан бері қатысып өз өнерін  халық арасында көрсетіп келеді. Мәдениет саласында қызмет атқарған. Сондай-ақ 30 жыл қой бағып жұмыс  жасаған Зейнеш Біртаева 1970 жылдары  аудандық мәдениет бөліміне  қарасты  автоклубында  қызмет  жасап, ауданның малшы қауымына мәдени қызмет көрсетіп, өнерімен танылды.

Мектепте мұғалім болып зейнеткерлікке шыққан Бақтыбике Жанназарова жастайынан өнерге құмартып, көркемөнерпаздар үйірмесіне  қатысып өнерімен танылып жүр. Ансамбль бишісі Ботагөз Қожекенова жоғары оқу орнында жүріп  бишілер ансамбльіне қатысып  өнер көрсеткен. Ауданда балабақшада қызмет жасап зейнетке шыққан. Шашты Нұрпейсова үлгілі ана. Жас кезінен өнерге әуес болған.  Тұрмыс құрып еңбекке араласып, мал шаруашылығы жанұясында жүрседе, әншілік өнеріп  қатар ұстап келген. Ансамбльдің музыкалық жетекшісі Бекболат Сәдуақасов жас кезінен өнерге жақын болып, жоғарғы оқу орнынң музыка факуьтетін бітірген. Мәдениет, білім саласында қызметтер атқарған копмпозитор, әнші. Сол сияқты Болатбек Тәжімбет Меткеп қабырғасында жүріп, ауылдық клубтың көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып өнерін жетілдірген.Ән шығарумен айналысады. Болатбектің көптеген әндері халық арасында кеңінен тараған. Болатбек түрлі аспаптарда ойнап өнер көрсетеді.

Қазақстанның құрметті журналисі, Арал  ауданының құрметті азаматы Жұмабай Жақыпта ансамбльдің белді мүшесінің бірі. Ол күйші- композитор,  Шал Мырзаның күйін орындап, насихаттаушы. Бірнеше күйлердің авторы.

Күйші Алданыш Әбжәлиев қаладағы № 13- қазақ орта мектепте  матиматика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып зейнет демалысына шыққан. Қазақстанның үздік мұғалімі. Съезд делегаты, «Ғасыр мұғалімі» атағының иегері. Домбыра прима аспабының маманы Қуаныш Әбжәлиев Республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, «Халық театрының» режмссеры болып қызмет атқарған. Қобызшы Тәжібай Үмбетәлиев мәдениет, білім салаларында қызмет атқарған. «Қазанғап» ұлт аспаптар оркестрінің мүшесі болған. Аудан өнерпаздарымен бірге республикада, облыстық концерттерде өнер көрсетіп лауреат атанған.

Домбырашы Төлепбай Сисенбаев ансамбльде бас домбырашы. Өнер мектебінде домбырадан дәріс берген. Және қобызшы Нағашыбай Құлманов. Өнер мектебінде ұстаз болған. Бірнеше аспапта ойнауды меңгерген. Республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы.

Жас кезінен  бастап, Үнді халқының әнін  үйреніп халық арасында  айтып өнерін шыңдай түскен Дайрабай Үркімбаев 1965 жылдардан бастап,сахнада өнер көрсеткен. Діни ұстанымымен бірге  өнерді қатар ұстап келеді.Биыл 80 жасқа толған Дайрабай ақсақал туралы кеңінен тоқталсақ.

Арал қаласындағы №15 орта мектебін бітіріп, азамат атанды. Аралдағы үлкен кәсіпорын Кеме жөндеу зауытына слесарь, одан кейін аудандық партия комитетінде статист қызметіне орналасып, үйдегі анасы мен өзінен кейін дүниеге келген Қалыш қарындасының қамқоршысы, асыраушысына айналды. Сөйтіп жүріп жүргізушілер даярлайтын курсты бітіріп, №3 автобазада шопыр болып та жұмыс істеді. Осылайша әр жұмыстың басын шалып жүргенінде әке-шешеден ерте айырылып, осы үйге анасы Палауға еріп келген етжақын сіңлісі Нақыш апасы: «Дайрабай, сен үлкен оқуға бар. Білім ал, келешек наның ғой» деп ақыл айтты. Бұл Дайрабайдың да ойында болатын. Бірақ арқа сүйер әкесі өмірден өтті, үйдегі анасы мен қарындасын кім асырайды. Осыны апасына айтып еді: «Біз көмектесеміз, сен оған алаң болма, оқуыңа бара бер» деп жолын ашып берді. Арман қуған Дайрабай азын-аулақ қаражатымен Алматыдан бір-ақ шықты. Халық шаруашылығы институтының электронды-есептеу факультетіне оқуға түсті.

Қызығы мол қайран студенттік жастық шақ өтіп жатты. Дайрабай ауылда спортпен айналысып, бірінші разрядты боксшы атанған-ды. Мұнда ол бел темір көтерумен шұғылданды. Жаттығып жүріп атақты палуан Қажымұқанның баласы Айдарханмен танысып, достасты. Ол еркін күреспен айналысты. Сонымен бірге атақты сазгер Шәмшіні кездестіріп, жатақхананың тар бөлмесінде қонақасы беріп, сыйлағаны бар. Қалтада қарабақыр тұрмайтын кез ғой. ҚазГУ-дің жатақханасына барып, аралдық студенттерден ақша жинап, оған бір дорба қызыл шарап, тағы да қасына тіске басар алып, түнімен тойлағаны бар. Отырыстың сәні – ән. Жатақхананы жағалап жүріп Шәмшінің сүйікті аспабы бір мандол әкеліп, онымен Шәмші «Бақыт құшағында», «Анаға сәлем», тағы басқа әндерін орындап, құмарларын қандырғанды. 

Дайрабайдың әкесі артельде қайық соғатын ұста болды, одан бөлек кебеже, сандық соғатын. Мүйізден ерлерге насыбай шақша, әйелдерге тарақ істейтін шебер адам еді. Соған еліктеді ме, халық шаруашылығы институтындағы электронды-есептеу мамандығы ұнамай, Тараздағы Жам-был гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, оны инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Енді оның өзінің туған қаласында құрылысшылық қолтаңбасын қалдырар қастерлі қадамдары басталды. Жаңа еңбек жолы аудандағы белгілі азамат Құттыбай Келімбетов басқаратын астық тарату базасында прораб болып бастады. Мұнда он жылдай жұмыс істеп, аудандық құрылыс жөндеу учаскесінде де прораб болып қызметін жалғастырды. Бұл кездері Ресейдегі Омбы қаласының «Радиострой» учаскесінің көмегімен ауданда телевидениенің екінші желісін қосу жұмыстары жүріп жатқан. Дайрабай осы бөлімшенің құрылыс бөлімін басқарып, жаңа қызметке кірісті. Одан әрі жеке «Өрт сөндіру» мекемесінің құрылыс бөлімін басқарды. Қай қызметте де абырой биігінен көрініп, ұжымның үлгі тұтар мүшесіне айналды. Осындай қызығы мен қиындығы мол құрылысшылық жұмысы жалғасып кете берер ме еді, егер қолына республикалық «Шалқар», халықаралық «Біздің Отан» деп аталатын төте жазумен шығатын мұсылмандық газеттері қолына тимегенде...
Дайрабайдың атасы Үркімбай арнайы білім алған шатыр хаты бар, сопы атанған. Ал оның туған інісі Ырза ахун атанып, мешітте бала оқытып, талай жанға діни дәріс берген. Олардың жолын ұстанған әкесі Жақсыбай да діни сауатты болған. Анасы – Әйекешқызы Палаудың шешесі Саржан-Бекен молданың қызы-тұғын. Осы екеуі де өле-өлгенше бес уақыт намазын қаза қылмай, қолдарынан жайнамаздарын тастамай, Құдайға құлшылық еткен имандылық жолындағы жаны таза жандар еді. Солардан дарыған, қанына сіңген қасиет пе, өткен 80-жылдардың аяғына жақын дін жолына табиғаты тарта бастады. Сол кездері жаңадан шығып жатқан «Шалқар», «Біздің Отан» сияқты мұсылмандық діни газеттерді жаздырып алып, төте жазуды өз бетінше оқып үйренді. Діни білімге деген құштарлық сол кездегі аудандық мешіттің бас имамы Талқанбай ақсақалға алып келді.

Көп ұзамай бас имамнан хабар да келді. Дайрабайдың әлі қызметі бар, бір мекеменің басшысы. Сонда да болса жұмыстан кейін дереу мешітке келіп, қырғыз молдадан дәріс алып жүрді. Келе-келе араб әріптерін толық меңгеріп, Құран кітабын, басқа да діни кітаптарды жүргізіп оқитын халге жетті. Апта сайын жұма намаздан қалмайды. Өзі де жайнамазға жығылып, бес уақыт намазын қаза қылмай, уақытылы оқып жүрді. Жастайынан үндінің, арабтың әндерін орындап, шығыстық мақамға жаттығып қалған Дайрабайдың Құранды қырағаттап оқудағы әдемі ырғақты әуеніне бас имам Талқанбай ақсақал риза болып: «Бала, сен осы мешітке келсейші, бірақ айлығы жоқ, дегенмен күнкөріс табылар» деді. Сонымен бастықтық қызметті тастап, көңіл қалауымен мешітке ауысты. Мұнда онша көп жұмыс жоқ, қағаз-құжаттарын реттеп жин¬ап, есеп жұмысын қолға алды. Бас имам Талқанбаймен бірге Нұрғали, Әлімжан, Әбілтай, Аралбай, Елубай молдалармен араласып, олардан мол тәжірибе алды. Ағайындардың қолқалауымен өз руластарының молдасы да болды. Арада бір жыл өткенде облыстағы өкіл имам Дайрабайға: «Талқанбай ақсақал үлкейді, бізге жүріп тұратын, есеп-қисабын уақытылы тапсырып, тиянақты жұмыс істейтін жас адам керек. Соған сені қалап отырмыз» деді. «Оу, ол кеше ғана мені тәрбиелеп, осы қатарға қосқан ұстазым ғой. Оның орнын қалай тартып алғандай боламын. Бұл қиянат емес пе» деп бас тартып еді, «Талқанбай ақсақалды көндіреміз, ол жағын бізге қалдыр, енді сен мұнан бас тартпа» деп Дайрабайға шегінетін жер қалдырмады. Ұзамай облыстық өкіл имаммен аудандық мешітте жиналыс өткізіліп, Дайрабай ауданның бас имамдығына тағайындалды. Ұстазы Талқанбай молда батасын беріп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

Бұл 1994 жылдың басы болатын. Дайрабай бас имам болғандықтан білім жетілдіруден де жалықпады. Осы жылы Қызылордадағы Оңтүстік Қазақстан Араб тілі институтының филиалы «Ақ мешіт» медресесін тәмамдап, 1997-1998 жылдары ҚМДБ жанындағы біржылдық діни сауаттандыру курсын бітірді. 2022 жылы Қызылорда облыстық «Айтбай» мешіті жанындағы сегіз айлық діни курстан дәріс алып, 2005 жы¬лы ҚМДБ жанындағы рес¬публика имамдарының білімін жетілдіру институтын «өте жақсы» деген бағамен үздік бітіріп шықты.

Осылай білімін шыңдаған аудандық мешіттің бас имамы Дайрабай Үркімбаевтың тағы бір дара қасиеті – жадының мықтылығы. Қазалы үйге келгенде Құран-қатым жасар алдында сол үйдің марқұм болған жандарының жиырма, отыз, қырық болсын, аты-жөндерін қағаздан бір оқып шығып-ақ Құран-қатымда солардың аттарын мүдірмей жатқа айтып шығатын. Енді сол үйге марқұмның қырқына, жүзіне келген садақасында да баяғы оқығаннан жаңылмай, аттарын жатқа қайталап айтып қатым жасай беретін. 
1994-2009 жылдары аудандық мешіттің бас имамы болған, халықты имандылыққа баулып, жастардың діни сауатын ашуда абыройлы қызмет атқарған Дайрабай Үркімбаев ақсақал бүгіндері әлі де сол саптан шықпай, аудандық мешіттің жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.

Аудандық мәдениет орталығы жанынан оның директоры Маруся Нұрмағамбетованың бастамасымен және сазгер-ұстаз Достан Көзмағамбетовтің жетекшілігімен мәдениет саласынан шыққан өнерпаз ардагерлерден құралған «Ұлағат» ансамблі ұйымдастырылған-тын. Мұндай жаңа бастаманы қалалық Зейнолла Шүкіров атындағы мәдениет үйінің директоры Бауыржан Жылқайдаров та қолдай кетіп, «Сағындырған әндер-ай!» айдарымен ретро-концерт қойып, ардагер өнерпаздарының орындауында ескі әндерді қайта еске салуды ұйғарды. Мына жарнама сол концерттің бағдарламасы болатын. Онда барлық өнерпаздардың суреттері мен аты-жөндері тұрған-ды.

Кешкілік, қалалық мәдениет үйіне тұс-тұстан ағылған халықта есеп жоқ. Бұрын 40-50 адамның басы шаққа қосылатын көрермендер залы халыққа лезде лық толды. Көбі Дайрабайды бұрыннан танитын ақсақалдар мен әжелер. Араларында «Жасы жетпістен асқан ақсақал қандай ән айтады екен? Қалай айтар екен?» деп келген жастар да баршылық. Кешікпей шымылдық ашылып, концерт те басталып кетті. Сахнада ұлт аспаптарын ұстаған оркестр құрамы, олардың орындауында «Той бастар» күйімен басталған концерттік бағдарлама «Келіншек», «Көкіл» күйлеріне ұласты. Оркестрдің сүйемелдеуімен өнерпаз ардагерлер Шәмшінің, Әсеттің әндерін орындаса, биші әжеміз сахнада мың бұралып, аққудай қалықтады. Халық ескі әндерді сағынып қалыпты. Арасында өздері де қосылып, қызу қол шапалақтап құрметтеп жатыр.

Көрермендердің күткені – Дайрабай. Міне, оған да кезек келді. Сахнада бұрынғы аудандық мешіттің бас имамы, сәндеп қойған ақ мұртты, ақсақалды Дайрабай Үркімбаев. Ду қол шапалақтау. Дайрабай әуелі өзі сүйіп айтатын «420 мырза» үнді фильміндегі Раджа Капурдың әнін орындады. Зал тым-тырыс, демдерін іштерінен алып әнге ұйып қалған. Мұңды да аянышты әуен бірде қырылдап, бірде дірілдеп көмейден лық-лық атып, артынша сыбызғыдай сызылып көрермендердің жандүниесін баурап бара-ды. Осы бір ән аяқталмаса екен дейді бәрі де. Жоқ, сағындырған сазды ән аяқталды. Ескі әнге естері кете ұйыған көрермен алақандарын үсті-үстіне ұрғылап, еселей шапалақтап «тағы, тағы» деп жатыр. Келесі кезекте тағы да үнді фильмінен «Бродяга» әнін нақышына келтіре шырқады. Көрермендердің қошеметтерінде тоқтау жоқ. Халық Дайрабайды, оның әсем әнін сағынса, Дайрабай да халықты сағынып қалыпты. Көрермендердің қошеметі ме, әлде сахнаның пірі ме, Дайрабай жетпістегі емес, қырықтың қырқасындағы қыран жігіттей жүзі бал-бұл жайнап, халыққа ынтыға, құмарлана қарап, шексіз құрметтеріне қайта-қайта бас иіп, ризашылығын білдіріп, рақметін айтып жатыр. Өйткені, бұл Дайрабайдың сахнаға қырық жылдан кейін шығып, халықпен сағына жүздесуі еді.

Дайрабай Роза есімді сұлуға 1974 жылы 32 жасында үйленіп, отау құрды. Роза енесі Палауға да, үйге де жайлы болды. Жарасымды жанұя шаттығы бірінен соң бірі өмірге келген сәбилерімен жалғасып жатты. Жұмыста да абыройсыз болған жоқ. Денсаулық саласында қырық жылдай халыққа қызмет көрсетіп, зейнеткер¬лікке шықты. Оның ата-тегіне келсек, Табын Бұхарбай батырдың шөбересі Рыскүлден туған шөпшегі болып келеді.
Жарасымды жұптың шаңырағында 10 бала өмірге келді. Оның үшеуі сәби шағында шетінеп кетті. Дайрабай мен Роза бүгіндері үш ұл, төрт қызды аман-сау өсіріп, бәрін де оқытып-тоқытып дегендей лайықты білім алып берді. Үлкен ұлы Бауыржан – Ақтөбеде тұрады, теміржолшы. Жанқожасы Алматыда, Тараз мемлекеттік университетін бітірген жоғары білімді. Қазір жеке кәсіпкер. Қызы Ақмарал Шымкентте, ұстаз. Нұргүлі мен Ақбота Аралда жеке кәсіпкерлер. Нұрайшасы Қызылордада медбике болып қыз¬мет атқарады. Кіші ұлы Мараты да Қызылордада, Шымкент медресесін бітіріп, Қазалыдағы «Қожаназар ишан», кейін Тасбөгет кентіндегі «Құдыс ишан» мешіттерінде имам болса, бүгіндері Қызылордадағы бұрынғы «Ақ мешіт», қазіргі «Нұр» мешітінің бас имамы болып әке жолын жалғастыруда. Ұл-қыздарының бәрі де үйлі-баранды, балалы-шағалы. Бүгіндері олардан жиырма алты немере сүйіп отырған Дайрабай мен Розаның қамқорлығы аясында бәрі де бақытты өмір сүріп келеді.

30 жылдан артық ұстаздық еткен жоғары санатты мұғалім Алданыш Әбжәлиев есімі көпке таныс. Білікті ұстаз өзінің білімділігінің арқасында талай биіктерді бағындырды. Педагог ретінде айшықты қолтаңбасын қалдырған мұғалімнің өмір жолына тоқталсақ.

Алданыш Әбжәлиұлы 1948 жылы Көкарал ауылдық кеңесінде туған. Әкесі Әбжәли Оңғарбайұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Қан майданда ерлігі үшін бірнеше медальдармен марапатталған. Майданнан жаралы болып елге оралған соң, халық шаруашылығын өркендету жолында еңбек етіп, өмірінің соңына дейін ферма меңгерушісі болып абыройлы қызмет еткен екен. Ал анасы Палау Жолмағамбетқызы саналы ұрпақ тәрбиелеп, отбасындағы мызғымас берекені қалыптастыра білген нағыз қазақ әйелі деуге болады.
Алданыш Әбжәлиұлы Көкарал жетіжылдық мектебін 1961-1962 оқу жылында бітіріп шығады. Мектеп табалдырығын аттаған алғашқы жылдан бастап оның бойында математика пәніне деген қызығушылығы ерекше болды. Оған басты себеп сол кездегі Құлжанов Райхан ағайының біліктілігі болды. Кейін Ақбасты орта мектебінде жоғары сыныптарды жалғастырып жүрген кезінде Торта Сәдірова апайы өзінен төмен 8-9 сыныптарға математикадан сабақ бергізгенге ұқсайды. Математика пәніне деген ынтасын оятқан Райхан ағай мен Торта апайға талай мәрте алғысын айтқанын естіген болатынбыз. Ол мектеп бітірер шақта қатты науқастанып, ауруханаға түсіп қалады. Бұл кезде оқу жылының қорытындысымен үздік оқығаны үшін «Алтын белгіге» ұсынылған екен. Өкінішке орай науқастануы себепті қорытынды емтихандарға қатыса алмай, медаль ала алмайды.
Алданыш бала кезден музыкаға құмар болып өскен. Оған себеп болған Арал қаласында тұратын Нұғыран ағасының үйіндегі домбырасы әсер еткен.  Сол домбырада ойнауды өз бетінше үйреніп, домбырада шебер ойнайтын болып шығады. Бұдан соң баян, прима, мондалин, скрипка сынды аспаптарда ойнауды меңгеріп алған. Тітпі нотаны да өз бетінше үйренген екен.
Талантты жігітті 1967 жылы №13 мектеп басшылығы қуана қызметке алып, оған музыка саласынан үйірме жұмыстарымен қатар ән-күйден сабақ беретін мұғалім етіп жұмысқа қабылдайды. «Өнерлінің қолын ұста, өнегелінің жолын ұста» демекші, бойына дарыған өнерді оқушыларға сіңіре білді. Сол кездерде әрбір атаулы мерекелер қарсаңында аудан мекемелерінің көркемөнерпаздар байқауы болатын. Осы байқаудың жүгі Алданышқа жүктелетін. Алданыштың басқаруымен аудан көлемінде көркемөнерпаздар байқауында жүлделі орын алып жүрдік. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, мектеп оқушыларының өнерге бастайтын жолдарын ашуға үлкен үлес қосты. Республикаға танымал болған жырау-термеші Рысбек Әшімов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Елмұра Жаңабергенованы айтуға болады. 
Алданыш Әбжәлиұлы математика ғылымына деген құштарлықтан қол үзбей, 1968 жылы Қызылорда педагогикалық институтының математика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Күнделікті тапсырманы сол уақытта орындап отыратындығын және математика саласында алғырлығын байқаған институт оқытушылары Алданышты күндізгі бөлімде оқуға шақырады. Жанұялық жағдайына байланысты ондай мүмкіндігі болмаған соң сырттай негізде оқып шығады. Институтты бітірген соң тек математика пәнімен айналысуға кіріседі. Мектепте математика үйірмесін ұйымдастырып, уақытпен санаспай шәкірттерге білім беруде аянбай еңбек етеді. Аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орын ала бастады. Соның бірі Аманжолов Бекболат математикадан өткен облыстық олимпиадада бас жүлдені иеленіп, республикадан жүлделі орын алып қайтқаны бар. Бір шәкіртінің Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында болған аймақтық олимпиадада бас жүлдені жеңіп алғанына бар.

Алданыш Әбжәлиұлының ерен еңбегі бәрімізге белгілі екендігі рас. Ол адал еңбегінің арқасында 1999 жылы тәуелсіз ел мұғалімдерінің  І съезіне делегат болып қатысты. 2000 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін омырауына тақты. 2001 жылы облыс бойынша «Ғасыр мұғалімі» атағын алды. Аудан бойынша «Дана – ұстаз, дара – ұстаз» номинациясының иегері. Облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының  бірнеше мәрте Алғыс хат, дипломдарымен марапатталған. Кезінде аудан математика бірлестігінің секция жетекшісі ретінде басшылық жасап, өзінің мол тәжірибесін жас ұстаздарға үйретуден жалыққан емес. Алданыштың 1986 жылы "Қазақстан мектебі" журналына «Кейбір көпбұрыштар ауданын интегралдап табу» атты мақаласы сол кездері пән мұғалімдері үшін таптырмас қосымша оқу құралына айналды.
Алданыш Әбжәлиев бір мектепте 52 жыл ұстаздық етті. Бұл мерзім өте сирек кездесетін жағдай екені белгілі. Зейнеткерлік жасына келсе де, аудандық білім бөлімі, мектеп басшылығы білікті ұстазды жібере қойған жоқ. Себебі Алданыштай математика  саласының жүйрігі ретінде, мол тәжірибе жинақтаған саңлақ ұстаз ауданға ауадай қажет еді. Үлкен абыроймен жарты ғасырдан астам ұстаздық еткен ол 2019 жылы зейнет демалысына шықты. Аудан мұғалімдері әлі де болса Алданыш мұғалімдерінің ақыл-кеңесіне жүгініп отырады.

Қазір аудандық көркемөнерпаздар үйірмесінің жанынан ұйымдастырылған «Ұлағат» атты ардагерлер ансамблінің белді мүшесі Айтпақшы, кезінде Қазанғап оркестрінің мүшесі ретінде Мәскеу қаласындағы  ВДНХ көрмесіне қатысып қайтқан болатын. Алданыштың ақындық өнері өз алдына бір әңгіме. Оның өлеңдер жинағы кітап болып шықпағанымен, қалың дәптерге жазулы.

Алданыш Әбжәлиұл өнері өрісті, математика саласының білгірі, ақындық толғауы, жайсаң мінезі мен жарасымды әзілі, парасаттылықпен алға қойған мақсаты үшін аянбай тер төгуші, барлық істерін ізгілікке бағыттап, шәкірттерінің сүйікті ұстазы, мектеп ұжымы ғана емес, бүкіл аудан, облыстың дара саңлақ ұстазы.

Тағы да оқыңыз: