Фото: ашық дереккөз

Әлемде біз білмейтін қызық көп. Мысалы, бір ғана сурет салудың 100 түрлі әдісі бар. Құм, ас содасы, шоколад, тосап, тұз, шеге мен гипстен шебер бейне шығарып жүргендерді көрдік. Ең қызығы, жақында жаһанды жапыраққа сыйғызған суретшіні таптық. Сурет салудың 86 тәсілін меңгерген Қанат Нұртазин Nickelodeon, Warner Bros. Games, Disney секілді алпауыт компаниялардан тапсырыс алған. Ерекше стилінің және жапыраққа жан бітіруінің арқасында әйгілі «Mortal Combat 1 амбассадоры да атаныпты.

«Микст-медиа» жайлы не білеміз?

Қанаттың негізгі мамандығы – ІТ технологияларын қолдану арқылы бизнесті басқару. Малайзияда білімін шыңдаған жас елге оралған соң жұмыс табу қиынға соққанын айтады. Сол уақытта хоббиі – сурет салуға кіріскен. Тосап, шоколад, гипс, шеге, жіппен сурет салған. Далада серуендеп жүріп, жапыраққа дейін ойып салуға кіріскен. Осылайша, мұны «Сурет салудың 100 әдісі» деген атпен арт жобаға айналдырыпты.

– Оқушы кезімде сурет сабағының тапсырмасын ағам орындап беретін. Ал, қазір суреттерім елге таныла бастады. Бұл үшін ешқандай курс, семинарға қатыспадым. Табиғи дарынның, қызығушылықтың көмегі көп болды. Жай ғана сурет салуға қарағанда жаңа әдіс-тәсіл ойлап тапқан әлдеқайда қызық. Бұл –  шығармашылық еңбек. Қарап тұрсаң, айналаңдағы заттардың барлығы өнер туындысы үшін жасалғандай. Кейде табиғаттың, қоршаған ортаның осындай ғажайыпқа толы екенін көріп, шабыт аламын, – дейді Қанат.

Суретші нақты бір жанрда немесе белгілі бір тәсілмен салмайды. Ол өз жолын «микст-медиа» стиліне, яғни аралас техникалы өнерге жатқызады.

Қа­зақ­с­танда жапыраққа сурет қиып салатын жалғыз суретші

Әлем бойынша жапырақты қолданатын бір-екі суретші бар. Ал Қазақстанда әзірге Қанат топ бастап тұр. Дегенмен, негізгі жұмысы Назарбаев Университетіндегі Қанат әзірге біржола сурет өнеріне кетпей жүргенін айтты.

– Бұл –  жеке пікірім, дегенмен, қазір біздің қоғам мұндай өнерді беріле қабылдамайтын сияқты. Білерім, мен салып жүрген суреттер сату жағына келгенде өте жоғары сұранысқа ие болмай отыр. Бірақ қай жерге барсам да Қазақстанға қатысты дүние жасағым келеді. Мысалы, Вашингтонда жүріп, алмаға Алтын адамның суретін салдым, Лондонға барғанда алмаға киіз үйдің суретін ойдым. Содан кейін сол қаланың көрікті жерін артқы көрініс қылып таңдап, өзімнің туған елімнің бір бейнесін кадрға түсіріп аламын. Шетелдіктер таныс жердегі бейтаныс элементтерге қатты таң қалады. Тек шетте емес, Қазақстанның түкпір түкпіріне барсам да, туған жерімнің таңғажайып табиғатын суретке саламын. Негізі жапырақ ұзаққа шыдайды. Бәрі қайда және қалай сақтағаныңа байланысты. Әдетте кітаптың арасына салып қоямын. Онда бірнеше жыл сақтауға болады. Менде жапырақты ұзақ сақтаудың тағы бір тәсілі бар. Оны эпоксидті шайырға саламын. Одан алып, кептірген соң, ол әйнек секілді көрінеді, – дейді ол.

Кейіпкерімізде идея жетіп артылады. Қол босаған кезде немесе ерекше шабыттанған сәтте соны іске асырады екен. Одан бұрын әлемде және елімізде болған оқиғаларға бейжай қарамайды. Мысалы, жуырда ел ішінде үлкен резонанс тудырған зорлық-зомбылық оқиғасына қарсылық білдіріп, әйнекке сурет қашап салды. «БҰҰ-ның гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік жаһандық кампаниясы басталған болатын. Қазақстандағы өкілдігінен зорлық-зомбылықтың түрлі әдістерін бейнелейтін суреттер сериясын салу туралы тапсырыс алдым. Ол желтоқсан айының ортасына дейін жалғасады. Өкілдіктің Instagram-дағы ресми парақшасында әр апта сайын түрлі суреттер қамтылған бейнероликтер мен маңызды ақпарат салынып отырады» дейді  кейіпкеріміз.

Қанат қалай «Mortal Combat»-тың амбассадоры атанды?

Кейіпкеріміз әлеуметтік желіде 10 жылдан аса белсенді. Барлығын осында жүктеп, бөлісіп отырады. Айтуынша, уақыт өте парақшасында қозғалыс күшейіп, жазылушылар көбейген. Оның басты себебі – Қанаттың Real Madrid клубы бастаған челленджге қатысуы.

– Бұл оқиғаға дейін 80 млн жазылушысы бар 9gag парақшасы жұмысымды бөліскен еді. Содан кейін әлемдік компаниялардан ұсыныстар түсе бастады. Бірінші болып Nickelodeon балалар телеарнасының өкілдері жазды. Олар көктемгі маусымға сары жапыраққа түрлі кейіп­кер­лерді қиып салу туралы ұсыныс айтты. Одан соң Disney компаниясының өкілдері байланысқа шықты. Оларға «Суық жүрек-2» және «Малефисента-2» сюжеттеріне сурет салып бердім. Сосын Nickelodeon-ның еншілес компаниясы Nick Jr-дан хабарласып, олармен әріптестік орнаттым. Әлем көрерменін жаулап алған Пэддингтон, Спанч Боб және Сквидвард, Чаки мен Пепа торай секілді кейіпкерлердің суреттерін қиып салдым.

Сосын барып Real Madrid клубымен байланыс орнады. Олар команданың ойын барысын бейнелейтін арт жобалар байқауын жариялады. Ол кезде қоржынымда клуб капитаны Серхио Рамостың бейнесі қиып салынған жапырақ болатын. Мұны байқауға жібергенімде, олар оны ұнатып қалып, ізінше клубтың 149 млн жазылушысы бар жеке парақшасына жүктеп қойды. Олар тек салумен шектелген жоқ, хабарласып, байланыс орнатты. Күні кешеге дейін бірлесіп жұмыс істедік. Алдағы уақытта да жұмыс жалғасады, – дейді кейіпкеріміз.

Ал жаңалықтың төресі жақында Қанат «Mortal Combat 1» амбассадоры атанды. Былтыр қараша айында Warner Bros. Games кампаниясы бұл ойынға жарнама кампаниясын бастаған. Қуантатыны, үздіктердің қатарынан дарынды қазақ баласының табылғаны. «Мені жапыраққа қиып салатыным үшін таңдаған секілді. Кейін наурыз айында жарнама кампаниясы басталған кезде Сарышаян мен Джейннің суретін салу бақыты бұйырды. Ал тамыз айында Mortal Combat 1 ойынының басты кейіпкері Лю Канның бейнесінен стоп моушн жасауды ұсынды» дейді Қанат.

Алдағы уақытта кейіпкеріміз әлем комикстеріне қызығатын Marvel, DC компаниялары, сондай-ақ Netflix компаниясымен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап жүр.

Мөлдір СНАДИН

Тағы да оқыңыз: