Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters
АҚШ-та және шетелде ірі технологиялық компаниялардың қызметінің қауіпсіздігіне қатысты талаптар күшейтілуде. Адамның жеке өмірін бақылау, оның қандай интернет сайттарға кіретіні, қандай қызметтерді қолданатыны үлкен қаржы табу көзіне айналды. Жеке өмірдің құпиялығын сақтау бірінші орынға шыға бастады.
Google компаниясы пайдаланушылар интернет желісін «жеке режимде» қолданатын кездің өзінде оларды бақылап, адамдардың жеке өміріне қол сұғатыны белгілі. BBC News осы мәселе бойынша компания сот алдында жауап беріп, проблеманы шешуге келіскенін жариялады. Aikyn.kz желіні пайдаланушыларының мүддесі енді қалай қорғалатынын түсіндіреді.
Заңгерлер қолданушылардың атынан әлемдегі әйгілі іздеу жүйесінен және Alphabet бас компаниясынан кем дегенде 5 миллиард доллар өндіріп алғысы келеді. Google және оның пайдаланушыларының мүддесін қорғап сотқа арызданған заңгерлер BBC-дің сұрауларына бірден жауап бермеген.
Кейіннен белгілі болғандай АҚШ округінің судьясы Ивонна Гонсалес Роджерс адвокаттар алдын ала бітімге келгенін айтқаннан кейін бейсенбі күні Калифорниядағы іс бойынша жоспарланған сот процесін кейінге қалдырған. Судья Роджерс Google-дың осы жылдың басында істі тоқтату туралы өтінішін қабылдамағаны белгілі. Ол желі пайдаланушылардың онлайн әрекеттері туралы ақпаратты жинауына Google-ға рұқсат берілуімен келісе алмайтынын айтқан.
Әзірше екі жақтың бітімге келгені белгілі болғанымен келісім шарттары жарияланбады. Дегенмен адвокаттар 2024 жылдың ақпанына дейін соттың бекітуінде бітімгерлік келісімнің толық шарттары мәлім болады деп күтілуде.
2020 жылы Boies Schiller Flexner заңгерлік фирмасы берген топтық шағымда Google пайдаланушылардың әрекеттерін олар Google Chrome браузерін «Инкогнито» режимінде, ал басқа браузерлерде «жеке режим» орнатылған кезде де бақылайтынын мәлімдеген.
Бұл пайдаланушылардың жеке қалаулары мен «ұятты нәрселері» туралы ақпаратты жинау арқылы Google-ды «ақпарат қазынасына» айналдыратыны айтылған еді. Сонымен бірге шағымда Google «компьютері немесе телефоны бар әрбір америкалықтың деректерін жасырын және рұқсатсыз жинауды жалғастыра алмайды» деп көрсетілген.
Google Chrome браузеріндегі инкогнито режимі пайдаланушыларға браузерде немесе құрылғыда іс-әрекеттер тарихын сақтамай-ақ интернетте іздеуге мүмкіндік береді. Бірақ пайдаланушы кіретін веб-сайттар қолдануды бақылау үшін Google Analytics сияқты құралдарды пайдалана алады.
Осы айдың басында технологиялық алпауыт «бәсекелестікке кедергі келтірді» деп айыптаған АҚШ-тың бірнеше штатына 700 миллион доллар төлейтінін мәлімдеді.
Бұл жерде бір мәселені дұрыс түсінген орынды. Егер Boies Schiller Flexner заңгерлік фирмасы интернет пайдаланушылардың атынан берген шағым бойынша Google-ден 5 млрд доллар өндіріп алса, оны сол желіні пайдаланушыларға бөлім бермесі анық. Бұл да Google, Apple сияқты алпауыт компанияларды сотқа беріп пайда тапқысы келетін заңгерлік фирмалардың кезекті іс-әрекеті екені анық. Қарапайым халықтың атын жамылып пайда табу барлық елдерде кездеседі.
Google болса пайдаланушылар жеке режимде интернет желісін аралаған кезде деректер жиналатыны туралы ашық мәлімдегендерін айтады. Дегенмен көптеген пайдаланушылар жеке режимде ақпараттар жиналмайды деп ойлайды. Жеке режим кезінде де іздеу деректерін жинау сайт иелеріне «өз контентін, өнімдерін, маркетингін және қызметтерін жақсартуға» көмектесетіні айтылуда.